Уолл-стрит мөлшерлеме төмендеуіне сенді: акциялар драмаға толы аптаны өсіммен жапты

Америкалық қор нарықтары үшін бұл апта драмаға толы болды. Айтар болсақ, ЖИ-секторында бейсенбі күні болған жаппай сатылымнан соң акциялар өсіммен жабылды. S&P 500 индексіндегі шамамен 450 қағаз жұма күні өсім көрсетті — оларды ФРЖ желтоқсанда негізгі мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген үміттің күшеюі қолдады. Соған қарамастан, үш негізгі индекс те апта қорытындысы бойынша минуста қалды, ал биткоин сәуірден бергі минималды құнына түсті.
Егжей-тегжейлі
— Кең нарық индексі S&P 500 21 қарашадағы саудада шамамен 1% қосты, сессияның шарықтауында өсім 2%-ға жетті.
— Технологиялық Nasdaq Composite 0,9% көтерілді.
— «Көгілдір фишка» индексі Dow Jones Industrial Average 21 қараша күні сессияны 1,1% плюсте жапты.
Жұмадағы өсімге қарамастан, үш индекс те апта қорытындысы бойынша төмендеді: S&P 500 және Dow шамамен 2%, ал Nasdaq Composite 2,7% минуста қалды.
— Nvidia — ЖИ секторындағы жетекші компанияның акциясы жұма күні 1% төмендеді. Бұл — Bloomberg жариялаған, Ақ үйдің компанияның озық чиптерін Қытайға экспорттауды қайта ашу жоспары туралы хабарға қарамастан болды. Бір аптада әлемдегі ең қымбат компанияның құны шамамен 6% төмендеді — мықты тоқсандық есеп те оның котировкасын ұстап тұруға жеткіліксіз болды. Nvidia-мен байланысты көптеген ойыншылардың акциясы да құлады: мысалы, чипмейкердің негізгі клиенті Oracle дүйсенбіден бері 11% арзандады, ал бәсекелес өндіруші AMD бірден 16% жоғалтты.
— Апта қорытындысы бойынша «Керемет жетілік» құрамында плюсте қалған жалғыз компания — Alphabet. Жұма күні оның акциясы 3,5% қымбаттап, капитализациясы $3,63 трлн-ға жетті. Осы өсімнің арқасында технологиялық алып ең қымбат үш компания қатарына кіріп, Microsoft-ты басып озды.
— Түрлі тәуекелді активтерге қысым криптовалюталарға да әсер етті: биткоин жұма күні 3%-дан аса төмендеп, Coinmarketcap дерегінше $84 800-ға дейін түсті. Бұл — сәуірден бергі ең төменгі көрсеткіш. Бес күндік саудада оның жоғалтулары 11%-дан асып, бұл ақпандағыдан бергі ең нашар апта болды, деп жазды Barron's.
— Нарықтағы құбылмалылық күтуларын көрсететін Уолл-стриттің «қорқыныш индексі» — VIX жұма күні 23,5 пунктке дейін төмендеді, бірақ әлі де психологиялық маңызды шектен жоғары тұр. Индекс 20-дан жоғары болса, бұл инвесторлар алаңдаулы дегенді білдіреді.
Акцияларға не әсер етті?
АҚШ ФРЖ-сының алдағы отырысында мөлшерлемені ширек пунктке төмендету ықтималдығы қазір шамамен 70% деп бағалануда. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 40%-дан төмен болған еді, деп хабарлады FedWatch трейдер көңіл-күйін қадағалайтын құралдың деректері. Инвесторлардың оптимизмі Нью-Йорк ФРБ президенті Джон Уильямстың пікірінен кейін күшейді. Ол желтоқсан отырысының қорытындысы бойынша Федрезерв саясатын одан әрі жұмсартуға мүмкіндік барын айтты, деп жазды CNBC. «Мен жақын уақытта федералдық қорлар мөлшерлемесі дәлізін қосымша түзетуге орын бар деп есептеймін», — деді ол. ФРЖ-ның негізгі өкілдерінің бірі саналатын Уильямстың бұл пікірі инвесторлар үшін маңызды белгі болып, драмаға толы аптаның әсерін сәл жұмсартты.
17–18 қараша, дүйсенбі және сейсенбі күндері АҚШ нарығының индекстері технологиялық компаниялар акцияларының жаппай сатылымы салдарынан төмендеді: инвесторлар Nvidia есебі жоғары күткен межеге жете алмайды деп алаңдады. Сәрсенбіде акциялар құлдыраудың бір бөлігін қайтарды. Ал 20 қараша, бейсенбі күні, АҚШ-тың үш негізгі индексі 8 сәуірден бергі ең күшті біркүндік бұрылыс көрсетті: таңғы ралли кезінде олар 1,5%-дан астам өскен еді, бірақ сессия соңында айтарлықтай минуста жабылды. Бұған, сондай-ақ, болжамнан жоғары болған жұмыспен қамту деректері де әсер етті.
Сарапшылар пікірі
«Біз мөлшерлеме міндетті түрде төмендейді деп санаймыз, — деді CNBC-ге Infrastructure Capital Advisors негізін қалаушы әрі бас директоры Джей Хэтфилд. — Барлығы алдағы еңбек нарығы жөніндегі есепке байланысты болады. Егер ол әлсіз болып шықса, мөлшерлемені төмендету қажеттігіне бәрін сендіреді». Оның айтуынша, өткен аптадағы акциялардың төмендеуі — «есептік кезеңнен кейінгі бағалаулардың қалыпты маусымдық түзетуі». Инвесторлар «нарықтың ең қызып кеткен сегменттеріндегі» активтерден құтылып жатыр, деп қосты ол, биткоин мен технологиялық сектордың кей қағаздарын меңзеп.
«Нарықтағы жалпы көрініс өзгерген жоқ, — деді Bloomberg-ке Nationwide сарапшысы Марк Хаккетт. — Мұндай кезеңдер көбіне шынайы трендтің бұрылғанын білдіретін белгі емес, керісінше, артық қысымды шығаратын «клапан» сияқты әсер береді. Нарыққа қайта теңшеу мен позицияларды қайта қарау қажет — ал инвесторлар жарты жылдық салыстырмалы тыныштықтан кейін мұны ұмытып кеткен болуы мүмкін».
«Бұл түзетудің түбі нақты қайда апаратынын айту қиын, бірақ егер инвесторлардың желтоқсанда ФРЖ мөлшерлемені төмендетеді деген үміті ақталса, біз айтарлықтай қалпына келуді көруіміз әбден мүмкін», — деп болжады Navellier & Associates өкілі Луис Навелье.








