Wedbush Apple акциясына максималды таргет берді: қандай драйвер көрді?

Технология секторы акциясына қатысты оптимистік болжамдарымен танымал Wedbush сарапшысы Дэн Айвз Apple акциясының мақсатты бағасын Уолл-стриттегі рекордтық деңгейге көтерді. Ол жаңа iPhone желісіне жоғары сұраныс пен Қытайдағы сатылымның қалпына келуі арқасында қағаз тағы 26% өседі деп күтеді. Сарапшының айтуынша, компания үшін шешуші сәт туды: жүздеген миллион қолданушы төрт жылдық үзілістен кейін құрылғыларын жаңартуы мүмкін. Осы жаңалық аясында Apple акциясы 22 қыркүйекте 4,5% күрт өсті.
Егжей-тегжейлі
Wedbush сарапшысы Дэн Айвз Buy рейтингін (сатып алу кеңесін) растады және Apple акциясының мақсатты бағасын $270-тен $310-ға дейін көтерді, деп хабарлайды CNBC. Айвздың жаңа таргеті компанияның нарықтық бағасын 19 қыркүйек, жұма күнгі жабылу деңгейінен 26% арттыруды болжайды және бұл Уолл-стриттегі ең жоғары көрсеткіш, деп атап өтті телеарна FactSet дерегіне сілтеме жасап.
Wedbush Apple акция өсімінің екі негізгі драйверін көреді: жаңа iPhone 17 смартфондарына жоғары сұраныс және Қытайдағы негізгі нарықтағы позицияны нығайту мүмкіндігі.
Айвздың пікірінше, нарық жаңартылған смартфондардың әсерін әзірге толық бағаламай отыр. Оның айтуынша, жаңа үлгілердің сатылымы қазірдің өзінде iPhone 16 алдыңғы желісінің көрсеткішінен 10–15% жоғары, ал Азиядағы жеткізілімдерге сүйенсек, базалық нұсқа мен Pro-модель өндірісі шамамен 20% артуы мүмкін. Сарапшы атап өткендей, Apple бас директоры Тим Кук үшін бұл шешуші сәтке айналуда: көптеген қолданушы ескі iPhone-дарын жаңасына ауыстыруы ықтимал, бұл компания табысының бірнеше жылдық баяу өсімнен кейін артуына түрткі болады.
«Біздің бағалауымыз бойынша, әлемдегі 1,5 млрд iPhone қолданушысының 315 миллионы соңғы төрт жылда құрылғысын жаңартпаған. Дизайындағы бірқатар өзгерістер мен жақсартуларды осы жаңарту циклімен ұштастыру стартқа арналған сиқырлы формула болды», — деп жазды Айвз CNBC келтірген жазбасында.
Wedbush пікірінше, жаңа iPhone циклі үшін шешуші фактор Қытай болмақ — ол Apple үшін негізгі нарықтардың бірі. «Қытайда [жіңішке] iPhone Air шығарылымы электронды eSim реттеу мәселесіне байланысты кейінге қалдырылды, бірақ жағдай алдағы ай ішінде шешіледі деп күтеміз, — деді Айвз. — Қазір Apple үшін Қытайда өсімді ынталандыратын уақыт келді».
Акцияның жай-күйі
22 қыркүйектегі саудада Apple акциясы бір сәтте 4,5% күрт өсіп, $256,6-ға жетті. Бұл — 2024 жылдың желтоқсан айының соңынан бергі максимум. Bloomberg атап өткендей, сәуірде баж салығына қатысты белгісіздік аясында Apple акциясы бүкіл нарықпен бірге құлдыраған еді, алайда қазір шығынды өтеп, сол минимумнан 45%-дан астам өсті.
Жыл басынан бері Apple-дың нарықтық бағасы 2,5% артты. Дегенмен, компания акциясы әлі де басқа техногиганттардан қалып келеді: инвесторлар ЖИ-бумы аясында олардың қағазын жаппай сатып алуда. Салыстыру үшін, технологиялық Nasdaq 100 индексі осы кезеңде 18%, ал Nvidia, Alphabet және Meta қағазы 30%-дан астам өсті.
Сарапшылар кеңесі
Glenview Trust инвестициялық директоры Билл Стоун Wedbush сарапшысымен келісе отырып, Apple-дың жаңа өнімдеріне сұраныс күткеннен жоғары болғанын атап өтті. «Менің ойымша, болжам тым төмен қойылған, сондықтан күшті сұраныс жағымды тосынсый болды. Ал позитивті тосынсый туындаса, бұл табиғи түрде акцияға қолдау береді», — деді Стоун Bloomberg келтірген сөзінде.
Apple акциясына рейтинг берген сарапшылардың шамамен 60%-ы инвесторларға оларды сатып алуға (Buy және Overweight бағасы) кеңес берді. Тағы үштен бірі бейтарап қалып, Hold рейтингін берсе, қалғандары сатуға (Sell және Underweight) кеңес берді. Уолл-стриттегі консенсус баға $245,9 деңгейінде, бұл соңғы жабылу бағасына шамамен сәйкес келеді.








