WSJ: OpenAI басшысы SpaceX-ке бәсекелес компания құрғысы келген ойынан айныды

OpenAI бас директоры Сэм Альтман SpaceX-ке бәсекелес бола алатын компания құру үшін ракета шығаратын Stoke Space компаниясын сатып алуды немесе онымен әріптестік орнатуды ойлаған. Бұл туралы Wall Street Journal (WSJ) OpenAI-ге жақын дереккөздерге сілтеме жасап жазды. Альтман жаңадан құрылатын компанияда бақылау үлесін алуды көздеген. Ол үшін миллиардтаған доллар инвестиция құюға дайын болған.
Алайда қазір бұл келіссөздер тоқтатылған, дейді WSJ дереккөздері.
Егжей-тегжейі
WSJ деректеріне қарағанда, жазда Альтман кемінде бір ракета өндіруші компаниямен – Stoke Space-пен байланысқа шыққан. Күзде келіссөздер белсендірек жүре бастаған. Тараптар бірнеше жыл ішінде OpenAI-дің Stoke Space-тен бақылау үлесін алуына мүмкіндік беретін инвестициялық жоспарды талқылаған. Бұл үшін миллиардтаған доллар қажет болар еді.
Stoke Space-пен серіктестік Альтман мен Илон Маск арасындағы тікелей бәсекелестікті күшейтер еді. Себебі SpaceX ракета ұшыру нарығында басым рөлде. Сонымен қатар, Масктың xAI атты ЖИ стартапы OpenAI-ге бәсекелес.
Тағы бір шиеленісті жайт — Альтманның жақында ашқан Merge Labs компаниясы. Бұл жоба ми мен компьютерді байланыстыратын технологиялармен айналысады және Масктың Neuralink компаниясымен бәсекеге түседі. Сонымен қатар, OpenAI өз әлеуметтік желісін жасап жатыр. Ол Масктың X желісіне бәсекелес болуы мүмкін.
WSJ-дің жазуынша, Альтман ғарышта деректер өңдеу орталықтарын салуға қызығушылық білдіріп жүр. Оның пікірінше, ЖИ жүйелеріне деген шексіз сұраныс энергия тұтынуды арттырып, экологиялық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда ғарыштағы шешімдер тиімдірек болады. Жоба жақтастары орбитадағы дата-орталықтар күн энергиясын тиімді пайдалана алады деп есептейді.
Бірақ қазіргі кезде OpenAI мен Stoke Space арасындағы барлық келіссөз тоқтаған. Нақты себептері айтылмай отыр.
Контекст
WSJ мәліметінше, Альтман мен OpenAI 600 миллиард долларлық есептеу қуатына қатысты келісімдер жасаған. Бірақ бұл жобалар үшін инфрақұрылымды қалай қаржыландыратыны жөнінде нақты жоспар көрсетілмеген.
1 желтоқсанда OpenAI ChatGPT-ді жылдам жетілдіру қажеттігін мәлімдеді. Себебі ол Google-дың Gemini чат-ботына нарық үлесін бере бастады. Осыған байланысты компания жарнамалық құралдар сияқты басқа жобаларды кейінге қалдырып, қызметкерлерін ChatGPT жобасына ауыстырып жатыр.
Ракета компаниясына инвестиция салу туралы келіссөздер ЖИ-ға деген қызығушылық шарықтап тұрған кезде басталды. Қыркүйек-қазанда Альтман чиптер мен дата-орталықтар бойынша Oracle, Nvidia, Advanced Micro Devices секілді ірі компаниялармен бірнеше келісім жасаған.
Алайда осы аптада Nvidia қаржы директоры OpenAI-мен жасалған $100 млрд көлеміндегі келісімнің әлі ресми түрде бекітілмегенін айтты.








