«Жаңа Кремний алқабы»: Рэй Далио неге Таяу Шығысқа сенім артады?

Миллиардер Рэй Далио Таяу Шығыс жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы жарыста ірі инвестициялар мен мамандардың ағымы арқасында алға шығып келеді деген ойда. Оның айтуынша, бұл аймақта деректер орталықтарынан бастап Google Cloud, OpenAI және Nvidia сынды алпауыттармен әріптестікке дейінгі миллиардтаған долларлық жобалар іске қосылуда. Осылайша, толыққанды технологиялық экожүйе қалыптасып жатыр. Сонымен қатар, Далио жаһандық экономика қарыздың артуы, саяси тұрақсыздық және ЖИ секторындағы «қызып кету» белгілеріне байланысты қауіптірек кезеңге аяқ басқанын ескертеді.
Егжей-тегжейі
Таяу Шығыс жасанды интеллектті дамытуда әлемдегі басты орталықтардың біріне айналып келеді, дейді Bridgewater Associates хедж-қорының негізін қалаушы Рэй Далио. Оның сөзінше, бұл өңір дәл Кремний алқабы сияқты тез қарқынмен дамуда, деп жазады CNBC.
«Мұнда Сан-Франциско мен басқа да ЖИ мен технология туралы бәрі айтып жүрген жерлердегідей серпін сезіледі. Атмосфера да өте ұқсас», — деп атап өтті Далио.
Инвестордың айтуынша, БАӘ және көршілес мемлекеттер мол қаржылық ресурстарды шетелдік мамандардың ағынымен тиімді біріктіре алды. Осылайша, олар инвестициялық менеджерлер мен ЖИ саласындағы әзірлеушілер үшін тартымды орталыққа айналды.
Қандай жобалар туралы сөз болып отыр?
CNBC дерегінше, БАӘ мен Сауд Арабиясы биыл бұлтты инфрақұрылымды дамыту, деректер орталықтарын салу және ЖИ-ге арналған технологиялық негіз қалыптастыру бойынша ауқымды бастамалар көтерді. Бұл жобалар егемендік қорлар мен жаһандық технологиялық корпорациялармен әріптестік арқылы қаржыландырылуда.
Маңызды мысалдардың бірі — 2024 жылдың қазанында Google Cloud пен Сауд Арабиясының Public Investment Fund (Қоғамдық инвестициялық қоры) арасында жасалған 10 миллиард долларлық келісім. Бұл жоба Сауд Арабиясында «ЖИ-дің жаһандық хабын» құруға және жергілікті дерек өңдеу қуатын арттыруға бағытталған.
Бұған қоса, OpenAI, Oracle, Nvidia және Cisco 2025 жылдың мамырында БАӘ-де Stargate деп аталатын ірі ЖИ кампусын бірігіп әзірлейтінін жариялады.
ЖИ жарысында Таяу Шығыстың болашағы туралы сұраққа жауап берген Далио былай деді:
«Олар ең басты нәрсені жасады — талантты адамдарды жинады. Бұл өңір капиталистік Кремний алқабына айналып келеді. Мұнда капитал келіп жатыр, мамандар келіп жатыр, дарындылар ағылып жатыр».
Далионың пікірі: бұл өзгерістер қалай іске асты?
CNBC мәліметінше, Рэй Далио Абу-Дабиге соңғы 30 жылдан бері үнемі барып тұрады. Оның пікірінше, Парсы шығанағындағы елдердің өзгеруі – жоспарлы мемлекеттік саясат пен ұзақ мерзімді стратегияның нәтижесі. Bridgewater Associates компаниясының негізін қалаушы БАӘ-ні «алаңдаулы әлемдегі жұмақ» деп атайды.
Далио «көпіршік» қаупі жайлы не дейді?
Сонымен қатар, Далио ескерту жасайды: алдағы бір-екі жылда жаһандық экономиканы күрделі кезең күтіп тұр. Оның айтуынша, үш негізгі фактор (оларды ол «басты циклдар» деп атайды) жағдайды қиындатады. Бірінші – қарыз дағдарысы, екінші – АҚШ-тағы ішкі саяси тұрақсыздық, үшінші –геосаяси тәуекелдер.
Сарапшының айтуынша, өсіп жатқан жаһандық қарыз жүктемесі нарықтың кейбір салаларында қысым тудырып жатыр.
«Біз нарықта түрлі бағыттар бойынша жарықшақтар байқап отырмыз. Жекеменшік капитал, венчурлік инвестициялар, қайта қаржыландырылған қарыз және басқа да салалар. Меніңше, осы көрсеткіштердің бәрі бойынша біз «көпіршіктің» ішінде жүрміз», — дейді Далио. Ол бұл жағдайды 2000 жылғы көпіршікпен салыстырып, бірақ 1929 жылғы дағдарыспен теңестірмейді.
Контекст
Bank of America жүргізген 2025 жылғы қарашадағы сауалнама нәтижесіне сүйенсек, жаһандық инвестициялық қорлардың 45%-ы ЖИ саласындағы «көпіршікті» алдағы айларда нарықта күрт теріс оқиғалар тудыруы мүмкін басты қауіп ретінде көреді. Reuters жазуынша, мұндай алаңдаушылықтың негізінде ЖИ-гиганттарының акцияларына тым жоғары баға берілуі жатыр.
Алайда, бұл мәселеге қатысты инвесторлар мен сарапшылардың пікірі біркелкі емес. Мәселен, Wedbush компаниясынан Дэн Айвз ЖИ нарығында көпіршік жоқ деп санайды. Ал ARK Invest компаниясының бас директоры Кэти Вуд болса, көпіршік туралы әңгімелер инвесторларды жаңылыстырады деп есептейді.








