БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Цифрлы Рэй»: миллиардер Далио кеңес беретін жасанды интеллект клонын іске қосты

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

«Цифрлы Рэй»: миллиардер Далио кеңес беретін жасанды интеллект клонын іске қосты

Миллиардер инвестор Рэй Далио «Цифрлы Рэй» атты жасанды интеллект негізіндегі клонын таныстырды.

Bridgewater Associates инвестициялық қорының негізін қалаушысы жаңа жасанды интеллект ретінде жасалған егізі оның ойлау жүйесін дәлме-дәл қайталайтынын және барша ниет білдірушілерге кеңес бере алатынын мәлімдеді. Өткен аптада Далио «Цифрлы Рэйді» оқыту мақсатында адамдардан сұрақтар қоюды ұсынды. Көпшілік алтын нарығындағы өсім және биткойнға инвестиция салу туралы көп сұрақ қойған.

Егжей-тегжейі

«Мен өзімнің ЖИ нұсқамды іске қосып жатырмын. Бұл кез келген қызығушылық танытқан адаммен шексіз сұхбаттасуға мүмкіндік береді. Бұны жүзеге асыру мен үшін әрі қызықты, әрі тәжірибе. Мен оның мүмкіндіктерін кеңейтіп, пайдалану жолдарын зерттеп жүрмін», – деп жазды Далио X әлеуметтік желісінде. Қазіргі таңда «Цифрлы Рэй» бета-тестілеу кезеңінде тұр. Миллиардер тестілеуге қатысқысы келетіндерге өтініш беруді ұсынды.

Далионың айтуынша, жылдар бойы жасалған бұл сандық клон кәдімгі ЖИ көмекшілер мен үлкен тілдік модельдерден (LLM) ерекшеленеді. Себебі ол оның жеке құндылықтарын, көзқарастары мен талғамын бейнелейді. «Егер сіз менің жеке пікірімді білгіңіз келсе, онда жай LLM емес, тікелей мені немесе менің ЖИ нұсқамнан сұрауыңыз керек», – деді ол.

Bridgewater негізін қалаушының айтуынша, оның командасы сандық клонды 40 жылдан астам уақыт ішінде жинақталған материалдармен оқытқан. Далионың бағалауынша, «Цифрлы Рэй» жұмыс пен өмірге қатысты кеңестер беру жағынан өзінен тек 5%-ға ғана кем түссе, нарықтар мен геосаясатты талқылауда 80%-ға сәйкес келеді.

Далионың ЖИ туралы пікірі

Bloomberg мәліметіне сай, байлығы 19,2 млрд долларды құрайтын Далио бұған дейін жасанды интеллект теңсіздікті күшейтіп, тек ең бай адамдарға пайда әкеліп, миллиондаған жұмыс орнын жойып жібереді деп қауіптенетінін айтқан. Сондай-ақ ол ЖИ сияқты «танымал» салаларға соқыр түрде инвестиция салудан сақ болуды ескертіп, бұны бұрынғы «дотком» дағдарысымен салыстырған.

Алайда «Цифрлы Рэйді» таныстыру барысында ол адам мен жасанды интеллектінің бірігуін қазіргі заманның ең қызықты үдерісі деп атады: «Олар бірігіп, не адамдардың өздері, не ЖИ жеке өзі қабылдай алмайтын аса тиімді шешімдер қабылдай алады».

15 қазан күні Далио X қолданушыларынан ЖИ клонды оқыту үшін сұрақтар қоюды сұрады. Жариялаған жазбасына 800-ге жуық пікір келіп түсті. Пайдаланушылардың көпшілігі алтын мен АҚШ экономикасының жағдайы туралы сұрады. Сонымен қатар, Далио әлемдегі ең ірі нарықтық капитализациясы бар валюта – биткойн туралы да көптеген сұрақ алды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары