Жапония Премьер-министрі қызметінен кетті. Бұл иена мен акцияларға қалай әсер етті?

Жапон иенасы құнсызданды, ал елдің қор нарығындағы акциялар қымбаттап кетті. Бұған Жапонияның Премьер-министрі Сигэру Исибаның күтпеген жерден отставкаға кететіні туралы мәлімдемесі себеп болды. Бұған дейін Исиба қызметінен кету туралы үндеулерге қарамастан одан бас тартып, алдымен АҚШ-пен сауда келісімін жасап, оны тиісті деңгейде жүзеге асыру қажеттігін айтқан еді.
Бұл саяси тұрақсыздық Жапонияның облигациялар нарығында құбылмалылықты арттыруы мүмкін. Себебі бұл нарық ұзақ мерзімді қарыз құралдарының жаһандық сатылымы аясында қысымға түсті.
Егжей-тегжейлі
8 қыркүйекте Токиода өткен сауда сессиясының қорытындысы бойынша Жапонияның Nikkei 225 қор индексі 1,45%-ға өсіп, 43 643,81 тармаққа жетті. Сауда барысында индекс 2%-ға дейін көтеріліп, рекордтық деңгейдегі жабылу көрсеткішінен де асты.
Акциялардың өсуі инвесторлардың үмітін білдірсе керек. Олар Жапония Банкі пайыздық мөлшерлемелерді арттыруды уақытша тоқтатады деп күтуде. Бұл туралы The Wall Street Journal жазды. Сонымен қатар, экспортқа бағытталған жапон компанияларының акциялары да иенаның доллармен салыстырғанда әлсіреуінен қолдау тапты. WSJ мен Bloomberg жазғандай, иена 0,5%-ға құнсызданып, бұл саяси тәуекелдер бюджет тәртібіне деген сенім мен Жапония Банкі тарапынан мөлшерлемені көтеру мүмкіндігіне нұқсан келтіруі мүмкін деген алаңдаушылықпен байланысты.
7 қыркүйек, жексенбі күні Жапонияның 102-премьер-министрі Сигэру Исиба отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын жариялап, партиясының сайлаудағы жеңілісі үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. WSJ деректеріне сүйенсек, Жапонияның мемлекеттік облигациялары (JGB) табыстылығы өсе береді деген болжам бар. Бұл Исибаның орнын басатын тұлғаның фискалдық саясатты жұмсартуға ниетті болу ықтималдығына байланысты.
Bloomberg-тің мәліметінше Исибаның қызметінен кетуінен кейін ұзақмерзімді жапон үкіметтік облигацияларының табыстылығы артты. Мысалы, 30 жылдық облигациялар табыстылығы алты базистік тармаққа өсіп, өткен аптадағы рекордтық деңгейіне жетті. Агенттік атап өткендей, 30 және 5 жылдық облигациялар арасындағы табыстылық айырмашылығы өзге ірі нарықтармен салыстырғанда жоғары.
Сарапшылар не дейді?
Жапония премьер-министрі қызметіне басты үміткерлердің бірі — бұрынғы ішкі істер және коммуникациялар министрі Санаэ Такаити. Ол Сигэру Исибаның Либералды-демократиялық партия (ЛДП) басшылығына үміткерлер ішіндегі басты қарсыласы болған. ЛДП 1955 жылдан бері билікте үзіліссіз басымдыққа ие.
Daiwa Securities сарапшысы Кэнта Тадаидэ WSJ басылымына берген пікірінде:
«Такаити ханым [бұрынғы премьер-министр Синдзо] Абэнің саяси бағытын жалғастырудың маңыздылығын атап келгендіктен, неғұрлым агрессивті фискалдық саясатқа бет бұру және пайыздық мөлшерлемелерді қалыпқа келтірудегі кідіріс иенаны әлсіретуі мүмкін», — деді.
Commonwealth Bank of Australia стратегы Кэрол Конг Bloomberg-ке берген сұхбатында: «Қысқа мерзімде иена қысымда болады», — деді. Оның айтуынша, нарықтар келесі ЛДП көшбасшысы бюджет шығындарын арттыру немесе салықты азайту арқылы бюджеттік экспансияны қолдай ма деп алаңдаулы.
Контекст
Саяси жағдай айқындалмағанша, Жапония Банкі ақша-несие саясатын қатаңдату процесін жалғастыра алмайды, тіпті ел экономикасының қалпына келу белгілері мен тұрақты инфляция байқалып тұрғанына қарамастан. WSJ мәліметі бойынша Barclays банкі Жапонияда мөлшерлемені келесі рет көтеру мерзімін 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы қаңтарға шегеріп қойды.








