БастыReview
Бөлісу

Қысқа бұғауда: «облигация кек алушылары» саясатты өз ыңғайына бұруда

Полина  Воробьева

Полина Воробьева

Қысқа бұғауда: «облигация кек алушылары» саясатты өз ыңғайына бұруда

2025 жыл кейінгі онжылдықтағы «облигациялық кек алушыларды» ең белсенді кезеңдерінің бірі болуы мүмкін. Жыл басынан бері инвесторлар АҚШ-та, Ұлыбританияда және Жапонияда саясаткерлерге бірнеше рет өз еркін жүргізді. Бұл «нарық күзетшілері» бұрынғыдан күшейіп кетті ме, әлде қорқуға себептер көбейді ме?

Нарықтар мемлекеттік шығындарды бақылауда

«Бұрын реинкарнация шын болса, президент, Рим Папасы немесе 0.400 көрсеткіші бар бейсболшы болып қайта тудым дейтінмін. Бірақ қазір мен облигациялар нарығы болып туғым келеді: кез келген адамды қорқыта аласың». Бұл сөздерді Билл Клинтонның саяси кеңесшісі Джеймс Карвилл 30 жылдан астам уақыт бұрын айтқан. Ал биыл олар ерекше мәнге ие болды.

Сәуірде АҚШ-та облигациялар нарығындағы тұрақсыздық Дональд Трампты ондаған елге импорттық баж салығын арттыру жоспарын кейінге шегеруге мәжбүр етті. Жақында Ұлыбританияда премьер-министр Кир Стармер қаржы министрін қолдайтынын мәлімдеуге мәжбүр болды. Бұл фунт пен мемлекеттік облигацияларды сатуды тежеу үшін жасалды. Ал 2022 жылы инвесторлар Лиз Трассты іс жүзінде «қызметінен босатты». Оның үкіметі ұсынған бюджеттік ынталандыру жоспары нарықта дағдарыс туғызды, салдарынан ол отставкаға кетті.

Сарапшылар мен қаржы шолушылары «облигациялық кек алушылар» қайта оралды деп айтуда. Бұл ұғымды 1980-жылдары экономист және инвестициялық стратег Эд Ярдени енгізген. Ол бұл атауды үкіметтің ысырапшыл бюджеттік саясатына қарсы шыққан инвесторларға қатысты қолданған. Олар мемлекеттік қарыздың өсуі мен инфляцияның жеделдеуі қаупінен қорқып, облигацияларды сатып жібереді. Жаңа шығарылымдарды сатып алудан бас тартады.

Салдарынан облигациялар арзандайды, ал олардың кірістілігі өседі. Бұл үкіметтерге қарызды өтеу шығындарының өсуін білдіреді. Мемлекеттік қарыздың қымбаттауы халық пен компаниялар үшін пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуіне алып келуі мүмкін. Бұл экономикалық және қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Сондықтан үкіметтер жиі нарық «күзетшілерінің» даусына құлақ асып, саясатын өзгертуге мәжбүр болады.

Кім кімді...?

2 сәуірде АҚШ президенті ондаған сауда серіктесіне ірі импорттық баж салығын енгізетінін жариялады. Бұл күнді «Америка азаттық күні» деп атады. Бұған жауап ретінде акциялар күрт арзандады.

Трамп акция нарығына назар аударуымен танымал. Бұған дейін бірнеше рет акциялардың өсуін өзінің саясаттағы табысының белгісі ретінде келтірген. Бірақ ол тарифтерді көтеру талабынан тағы бір апта бас тартпады. Бұл уақытта облигациялар нарығында ауқымды сату басталды.

Әдетте АҚШ мемлекеттік облигациялары қор нарығында тұрақсыздық кезінде қауіпсіз актив ретінде сұранысқа ие болады. Бірақ сәуірде оларды акциялармен қатар сата бастады. Бұл инвесторлардың АҚШ-тың қаржылық болашағына сенімсіздігін көрсетті. CNN дереккөздерінің айтуынша, АҚШ Қаржы министрлігінің осы борыш нарығындағы жағдайға қатысты алаңдаушылығы Трамптың баж салығын кейінге қалдыру шешімінде басты рөл атқарды.

10 жылдық UST кірістілігі қысқа мерзімде 4,5%-дан асып, ақпаннан бергі ең жоғарғы деңгейге жетті. Бұл көрсеткіш автонесиелер, ипотека, несие карталары мен бизнес қарыздары бойынша мөлшерлемелердің негізгі көрсеткіші болып табылады. «Бұл облигациялар нарығы өте қулықпен жұмыс істейді, мен оны бақылап отырмын», – деді Трамп. Бірақ тарифтік соғыстағы үзіліс Ақ үйдің келіссөздер тактикасы ретінде ұсынылды.

«Облигациялар нарығы президентті қорқытты, – деді Ярдени CNN-ге берген сұхбатында. – “Облигациялық кек алушылар” болып жатқанға наразы екенін айқайлап жеткізді. Рецессия қаупі туды».

Мұхиттың арғы жағы

Облигациялар нарығының инвесторлары саясаткерлерді Атлант мұхитының арғы жағында да бірнеше рет тізгіндеген. 2022 жылдың қыркүйегінде Ұлыбританияда Лиз Трасс үкіметі соңғы 50 жылдағы ең ауқымды салық қысқартуларын (45 млрд фунт) жариялады. Үкімет бұл шара халық пен бизнеске арналған энергия бағасын тежеумен бірге экономикалық өсуді ынталандырады деп болжады.

Алайда инвесторлар басқа пікірде болды. Олар британдық активтерді сата бастады. Фунт доллармен салыстырғанда тарихи минимумға дейін құлдырады. Ал 10 жылдық мемлекеттік облигациялардың кірістілігі 2008 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті.

Үкімет бұл салықты азайтуды қалай қаржыландыратыны туралы нақты түсініктеме бермеді. Нарық қатысушылары қарыз алу мен бюджет тапшылығының күрт өсуінен қорықты. Облигация нарығындағы ахуал соншалықты ушықты, Ұлыбритания банкі кірістіліктің өсуін тоқтатып, дағдарыстың нақты экономикаға таралуын болдырмау үшін ұзақ мерзімді облигацияларды сатып ала бастады. Нәтижесінде үкімет уәде етілген бюджеттік шаралардың басым бөлігінен бас тартты.

Қазан айының ортасында қаржы министрі Квази Квартенг қызметінен кетті. Ал ай соңында Лиз Трасс отставкаға кетті. Оның премьерлік мерзімі 49 күнге ғана созылды. Бұл – Даунинг-стрит тарихындағы ең қысқа мерзім.

Ағылшын дежавюі

Жақында ғана Ұлыбритания тағы да «облигациялық кек алушылар» назарына ілікті. Бірақ бұл жолы олар қаржы министрінің жағында болды. Инвесторлар 2 шілдеде премьер Кир Стармердің министр Рэйчел Ривзке ашық қолдау білдірмегенінен кейін облигацияларды сата бастады.

Парламентте консерваторлардың сынына жауап бере отырып, Стармер Ривздің қызметін сақтайтынына нақты сенім білдіруден тартынды. Теледебат жазбасында оның көз жасын сүртіп отырғаны көрінді. Кейін Ривз бұл эмоциялық реакциясының жеке жағдайларға байланысты екенін айтты. Ал Стармер оның Қазынашылық канцлері ретінде «көп жылдарға» қалатынын мәлімдеді. Бұл инвесторлардың, егер Ривз кетсе, үкіметтің бюджеттік саясаты ұқыпсыз болады деген алаңын біраз басып тастады.

«Егер Ұлыбритания үкіметі нарық сенімін қалпына келтіру үшін батыл әрекет жасамаса, кірістілік қисығының ұлғаюы мен фунттың сатылымы Трасс кезіндегідей қайталанады. Бұл үкіметті сөзсіз шегінуге мәжбүр етеді, дәл Трасс пен “Азаттық күнінен” кейін Трамп сияқты. Нарық әрқашан жеңеді», – деді LB Macro компаниясының негізін қалаушы Луиджи Буттильоне.

«Кекшілдер» көтерілісі

«Облигациялық кек алушылар» тек Батыста ғана емес. 15 шілдеде Жапонияның 30 жылдық облигацияларының кірістілігі 25 жыл ішіндегі ең жоғары деңгейге жетті. Бұл билеуші коалицияның сайлауда жеңілуі және оның орнына қосымша мемлекеттік шығындарды жақтайтын популистердің келуі мүмкін деген қауіпке байланысты болды.

«Мәселе – біз Трасс шокына ұқсас “кекшілдер” көтерілісін толығымен жоққа шығара алмаймыз», – деді SMBC Nikko стратегы Атару Окумура.

Ярденидің айтуынша, кейінгі жылдары «облигациялық кек алушылардың» күшеюі мемлекеттік қарыздың күрт өсуімен байланысты. Мысалы, маусым айының соңында АҚШ-та айналымдағы қазынашылық облигациялардың көлемі 28,7 трлн $ болды. Бұл пандемия алдындағы 20 трлн $ мен 2007–2008 жылғы жаһандық қаржылық дағдарысқа дейінгі 5 трлн доллардан әлдеқайда көп.

Covid-19 кесірінен тұралап қалған экономиканы жандандыру үшін үкіметтер бюджеттік ынталандырулар енгізді. Бұл қарызды арттырды және инфляцияны үдетті. Былтыр әлемдік мемлекеттік қарыз көлемі алғаш рет 100 трлн доллардан асты.

2020-жылдардың басында ФРЖ ақша-несие саясатын қатаңдатып, инфляцияны тежеуге тырысты. Бұл «облигациялық кек алушыларға» әрекет етуге еркіндік берді.

Ерекше артықшылықтар...

«Облигациялық кек алушылардан сақтаныңыздар. Барлық юджет тапшылығына назар артылсын», – деп ескертті ақпанда Халықаралық қаржы институты (IIF). Ол саяси поляризация жоғары елдердің осалдығына назар аудартты.

АҚШ-та экономика тұрақты, ал мемлекеттік қарыз қорғаныш актив ретінде бағаланады. Бұл бюджет әлсіздігі артып жатса да, оны жасырып тұр. Ұлыбритания мұндай артықшылықтардан айырылған.

Сондықтан инвесторлар алаңдаса да, Трамптың салықты төмендету туралы басты заңын қабылдауға кедергі болмады. Бұл заң он жылда бюджет тапшылығын кемінде 3,4 трлн долларға арттырады. Бірақ доллардың резервтік валюта ретіндегі мәртебесі АҚШ-қа басқа елдерден көбірек ысырапшылық жасауға мүмкіндік береді. АҚШ қазынашылық облигациялар нарығы көлемі, өтімділігі мен тереңдігі жағынан баламасыз.

Женева халықаралық қатынастар институтының сарапшысы Уго Паницца мен Вирджиния университетінен Миту Гулати осылай деп есептейді.

Калифорния университетінің профессоры Брэдфорд ДеЛонг былай дейді: «АҚШ-тан айырмашылығы, “ерекше артықшылығы” жоқ үкіметтер үшін “облигациялық кек алушылар” көңіл-күйі маңыздырақ. Олар жолдан тайсаңыз, бұғауды дереу тартады».

... бірақ абсолютті кепілдік жоқ

Алайда АҚШ-тың өзі де «облигациялық кекшілдерден» 100% қорғалмаған. Әсіресе Трамп әкімшілігі бюджетті шайқалтып, ұзақ мерзімді сенімді әлсірететін саясат ұстанса.

Қаржы министрі Скотт Бессенттің өзі мемлекеттік қарыздың «қорқынышты» екенін мойындады. Ол инвесторлар «көтеріліс жасайтын» шешуші сәтті болжау «өте қиын» деді.

Мамырда бірнеше ірі инвестициялық компаниялар портфельдерін әртараптандырып, АҚШ емес активтерге бет бұрғанын мәлімдеді. Еуропа қарыз нарығы тартымды деп бағаланды. Кейбір компаниялар тіпті Италия мен Испания облигацияларын таңдады. Бұл елдер 15 жыл бұрын өздері «кекшілдердің» құрбаны болған. Олар инвесторлардың сенімін қайтару үшін қатаң бюджеттік тәртіпке жүгінген еді.

Экономистер мен портфель басқарушылары «облигациялық кек алушылар» қашан қайта белсенді болатынын болжау қиын дейді. Бірақ тарих көрсеткендей, қарыз нарығындағы ескерту белгілерін елемеу елдің қаржылық тұрақтылығын және биліктің саяси болашағын қатерге тігуі мүмкін.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары