БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Жапониядағы акциялар 5%-ға өсіп, иена әлсіреді

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Жапониядағы акциялар 5%-ға өсіп, иена әлсіреді

6 қазан таңында Жапония қор нарығында акциялар күрт қымбаттап, иенаның бағамы төмендеді. Бұған демалыс күндері өткен билеуші Либерал-демократиялық партия (ЛДП) жетекшісін сайлауда Санаэ Такаитидің күтпеген жеңісі себеп болды. Консервативті көзқарастарымен танымал Такаити ел тарихында премьер-министр қызметін атқаратын алғашқы әйел болуы мүмкін.

Егжей-тегжейлі

Сауда ашылған бойда Nikkei 225 базалық индексі 860 тармаққа (+1,9%) өсіп, кейіннен 5%-дан жоғары көтерілді. Нәтижесінде индекс алғаш рет 48 150 тармақтан асып, тарихи межені бағындырды. Кең ауқымды Topix индексі 3,5%-ға өсіп, күн ішіндегі максимумды жаңартты. Ал Осака биржасындағы фьючерстер 4%-ға қымбаттады.

Bloomberg дерегінше, әсіресе қорғаныс және технология саласындағы жапон компанияларының акциялары ерекше серпін көрсетті. Kawasaki Heavy Industries, Mitsubishi Heavy Industries, Japan Steel Works және IHI Corp акциялары бір сәтте шамамен 12%-ға өсті. Сондай-ақ чип өндірушілер — Tokyo Electron мен Advantest Corp бағалары да күрт көтерілді.

Түске қарай иена соңғы екі айда алғаш рет бір доллар үшін 150 деңгейінен төмендеп, сауда ашылғаннан бері шамамен 2%-ға әлсіреді. Жапон валютасы еуроға қатысты да тарихи минимумды жаңартып, қыркүйектегі ең төменгі межеден төмен түсті.

Аналитиктер не дейді

Nikkei Asia-ның жазуынша Санаэ Такаитидің жеңісі нарық үшін күтпеген жағдай болды. Сарапшылардың көбі ЛДП-ның жаңа жетекшісі әрі ықтимал премьер-министр ретінде ауыл шаруашылығы министрі Синдзиро Коидзумиді болжайтын. SMBC Trust Bank бас нарықтық талдаушысы Масахиро Ямагуттың айтуынша, «оның (Такаитидің) жеңісінен кейін инвесторлар нарықтағы акция бағаларына ынталандыру шараларының ұлғаюын енгізіп үлгерді. Меніңше, инвесторлар оппозициямен Такаитидің қалай жұмыс істейтінін бақылап отырған кезде нарық біраз баяулайды, бірақ Батыс нарықтарының реакциясына қарай акциялар бұдан да өсуі мүмкін», — деді ол.

Jefferies компаниясының Гонконгтағы сандық стратегиялар бойынша аға сарапшысы Шрикант Кале де Такаитидің жеңісі орта мерзімде Жапония қор нарығына оң әсер етеді деп санайды. «Бюджеттік ынталандыру мен арзан ақша кезеңі әдетте қор нарығына пайдалы», — дейді ол. Сарапшының пікірінше, ішкі сұранысты ынталандыру компаниялардың табысын арттыруы мүмкін, ал иенаның әлсіреуі жапон экспорттаушыларының кірісін көбейтеді.

Такаити туралы не белгілі

Санаэ Такаити — ЛДП-ның консервативті қанатының өкілі, ал оның алдындағы жетекші Сигэру Исиба қыркүйек басында отставкаға кеткен болатын.

Партияны алғаш рет әйел адам басқарғалы отырған 64 жастағы саясаткер марқұм премьер-министр Синдзо Абэнің ұстанымын жалғастырушы саналады. Ол жұмсақ фискалдық және монетарлық саясатты жақтайды. Жеңісінен кейінгі сөзінде Такаити уақытша бензин салығын жоюды және еңбекақыны көтеруді уәде етті, деп хабарлайды Nikkei Asia. Сондай-ақ ол өмір сүру құнының өсуін тежеуді басты басымдық ретінде атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, жаңа премьер-министр пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуіне қарсы болады.

Сайлаудың екінші кезеңінде Такаити 185 дауыс жинап, қарсыласы 44 жастағы Синдзиро Коидзуми 156 дауыс алды. Жаңа премьер-министрді бекіту үшін парламент отырысы қазанның ортасына жоспарланған. Әдетте бұл рәсім формалды сипатта өтеді, алайда BBC атап өткендей, ЛДП екі палатадан да абсолютті көпшілікті жоғалтқандықтан, жаңа басшыны бекіту үшін коалициялық серіктестердің қолдауы қажет болады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары