Жылдағы ең ірі IPO: медициналық тауарлар нарығының алыбы Medline акциялары қолжетімді

Freedom клиенттері үшін медициналық тауарларды өндіретін және тарататын Medline компаниясының акцияларының алдын ала саудасы басталды. The Wall Street Journal-дың мәліметінше бұл — 2025 жылғы ең ірі IPO. 17 желтоқсанда компания қағаздары Nasdaq биржасында саудаланады. Қатысу үшін MDLN тикерін таңдауға болады.
Егжей-тегжейлі
Medline IPO барысында $6,26 млрд тартты. Компания 216 млн акцияны $29 бағамен орналастырды (баға диапазоны $26–30). WSJ есебінше, листингтен кейін компанияның жалпы бағасы $50 млрд-тан асты.
Бұл — 2025 жылғы ең ірі орналастыру. Бұған дейін рекордты қытайлық аккумулятор өндіруші CATL-дің мамырдағы IPO-сы ұстап тұрған еді ($5,3 млрд). Barron’s келтірген дерекке сүйенсек, соңғы бес жылда АҚШ-та бар болғаны үш IPO ғана $5 млрд-тан артық қаражат жинаған.
Medline-ның IPO-сы АҚШ денсаулық сақтау секторындағы тарихтағы ең ірілердің бірі саналады. Ол 2011 жылғы Healthcare компаниясының IPO-сымен деңгейлес.
Тартылған қаражаттың бір бөлігі қарызды өтеуге бағытталады. Компанияның мәліметінше, қарыз көлемі $16,8 млрд-тан $12,8 млрд-қа дейін қысқарады. Fitch Ratings бұл қадам Medline-ның қаржылық икемділігін арттырып, пайыздық шығындарды азайтатынын атап өтті.
Мәмілені ұйымдастырушылар: Goldman Sachs, Morgan Stanley, BofA Securities және JPMorgan.
Контекст
Medline 2024 жылдың желтоқсанында АҚШ-тың бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясына (SEC) IPO өтінімін құпия түрде берген. Алайда сауда баждарына қатысты белгісіздік және АҚШ-тағы бюджеттік дағдарыс компанияның нарыққа шығуын кейінге қалдырды. Бастапқыда листинг 2025 жылдың қарашасына жоспарланған еді.
Medline несімен қызық
Medline медициналық тауарлар өндіреді және таратады: қолғаптар, халаттар, бинттер, ауруханалық үстелдер және басқа да күнделікті қолданылатын бұйымдар. Ол АҚШ денсаулық сақтау жүйесінің ірі жеткізушілерінің бірі және Cardinal Health, McKesson, Owens & Minor компанияларымен бәсекелеседі. Компанияда 43 мыңнан астам қызметкер бар.
Негізгі нарықтан бөлек, Medline Еуропа мен Латын Америкасында жұмысын кеңейтіп жатыр, сондай-ақ үкіметтермен және коммерциялық емес ұйымдармен жаһандық медициналық жеткізу тізбектерінде ынтымақтасады.
Компания 1966 жылы Джон және Джим Миллс ағайындыларымен құрылған. 2021 жылы Blackstone, Carlyle және Hellman & Friedman бастаған консорциум Medline-ды шамамен $34 млрд-қа сатып алды. Бұл — 2008 жылғы қаржы дағдарысынан бергі ең ірі LBO мәмілелердің бірі болды.
IPO-дан кейін Миллс отбасы 17,8% дауыс үлесін сақтайды. Blackstone, Carlyle және Hellman & Friedman әрқайсысы 18%-дан бақылауға ие.
Medline кең жұртшылыққа ұзақ уақыт беймәлім болып келді. Бірақ COVID-19 пандемиясы кезінде жағдай өзгерді: компания АҚШ-тағы ауруханалар жүйесінің шамамен 45%-ын, қарттар үйлерін және дәріханаларды медициналық өнімдермен қамтамасыз етті. Бұл оның нарықтағы рөлін айқын көрсетті.
Қаржылық көрсеткіштер
Forbes дерегінше, 2024 жылы Medline табысы 2019 жылмен салыстырғанда 83%-ға өсіп, $25,5 млрд болды. Пайдасы $1,2 млрд-қа жетті.
2025 жылдың 27 қыркүйегінде аяқталған тоғыз айда компанияның таза пайдасы $977 млн, ал табысы $20,6 млрд болды.
Компания өз нарығын жылына $375 млрд деп бағалайды — яғни бұл Medline қызмет ете алатын әлеуетті нарық көлемі.
Компанияның айтуынша АҚШ-тағы бизнестің ұзақ мерзімді өсуіне халықтың қартаюы мен созылмалы аурулардың көбеюі ықпал етеді. Бұл алдағы жылдары денсаулық сақтау шығындарының артуына әкеледі.
Нарық пікірі
Capital.com сарапшылары Medline-ның тұрақты табысы мен ұзақмерзімді келісімшарттары институционалдық инвесторлар үшін тартымды екенін айтады.
Алайда негізгі тәуекел — жоғары қарыз жүктемесі. IPO Edge аналитигі Донован Джонстың бағалауынша, таза қарыз EBITDA-дан 4,9 есе көп, бұл бәсекелестермен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.
Fitch болжамынша, егер IPO-дан кейін қарыз шамамен $4 млрд-қа қысқарса, Medline-ның кредиттік рейтингі бірнеше сатыға бірден көтерілуі мүмкін. Компания өнімдерінің шамамен үштен бірін өзі өндіреді, бұл жеткізу тізбегіндегі тәуекелдерді азайтады.
Freedom Finance аналитигі Алем Бектемировтың есебінше, $16,5 млрд қарызды және $952 млн қолма-қол ақшаны ескергенде, Medline акциясының әділ бағасы шамамен $30,7. Бұл орналастыру бағасынан шамамен 6% жоғары. Тәуекелдер қатарында ол бәсекелестікті, денсаулық сақтау саласындағы реттеу өзгерістерін және жаңа технологияларды сатып алудағы кідірістерді атады.
Freedom клиенттері Medline акцияларына негізгі сауда сессиясы басталғанға дейін қол жеткізе алады. Сауда ерте премаркет форматында, АҚШ биржалары ашылардан 2–3 сағат бұрын өтеді (Астана уақытымен 15:30–16:30). Қатысу үшін MDLN тикерін таңдаңыз.








