Басты жаңалықтар: фильмдерге баж салығы, мұнай арзандады, тайвань доллары шарықтады

Дональд Трамп шетелдік фильмдерге 100% баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Ол шетелдік өнімдерді ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп санайды. Мұнай бағасы ОПЕК+ өндіріс шектеулерін жедел түрде алып тастау туралы шешімінен кейін күрт төмендеді. Тайвань доллары экспорттаушылар мен сақтандыру компанияларының валюта айырбастауына байланысты рекордтық деңгейге жетті. Осы және өзге де тақырыптар жөнінде 5 мамырдағы әлемдік БАҚ шолумыздан оқыңыздар.
Тайвань доллары рекордтық деңгейге көтерілді
Bloomberg дерегінше дүйсенбі күні тайвань долларының бағамы бір күнде 5%-ға өсті — бұл соңғы 30 жылдан бергі ең ірі серпін. Доллардың бағасы 29,59-ға дейін төмендеп, кейін 29,67-ге түзетілді. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 4,5%-ға қымбат. Бір айда валюта 11%-ға нығайды.
Негізгі себеп — экспорттаушылардың доллар сатуға және жергілікті валютаны сатып алуға жаппай көшуі. Бұл үрдісті долларлық облигацияларын хеджирлеуге тырысқан сақтандыру компаниялары да күшейтті.
Сөйтіп, тайвань доллары жұмада басталған өсуін жалғастырып, соңғы үш жылдағы ең жоғарғы шегіне жетті. Бірақ Taiwan Semiconductor Manufacturing акциялары арзандап, өткен аптадағы 7%-дық өсімнің бір бөлігін жоғалтты. Инвесторлар валютаның күшеюі экспорттық табысқа кері әсер етеді деп қауіптенеді.
Тайванның орталық банкі әдетте валюта бағамы күрт өзгерсе, араласатын. Алайда бұл жолы нарықта бұл құбылыс байқалмады. Осыған байланысты, бұл бағамның өзгерісі сауда келіссөздерінің бір бөлігі болуы мүмкін деген сыбыс тарады.
BNP Paribas банкінің сарапшысы Жу Ван былай дейді: «Экспорттаушылар жергілікті валютаны жаппай сатып алып жатыр, сақтандыру компанияларының хеджі жеткіліксіз, ал қор нарығынан капитал кетуі тоқтады. Орталық банк жалғыз сатып алушы ретінде әрекет ете алады, бірақ белсенділік танытпауы — алыпсатарлықты күшейтіп отыр».
Алтын ФРЖ отырысы алдында қымбаттауда
Алтын екі апта бойы төмендегеннен кейін қымбаттады, себебі инвесторлар жаһандық саудадағы белгісіздіктерді бағалап, Федералды резерв жүйесінің шешімін күтіп отыр, деп хабарлайды Bloomberg. Алтынның споттық бағасы өткен аптада 2,4% төмендеуінен кейін $3260 деңгейінен асып, бір бөлігін қайтарды. Дональд Трамптың жоғары мөлшерлемелердің экономикалық көрсеткіштермен ақталмайтыны жөніндегі қысымына қарамастан ФРЖ сейсенбі және сәрсенбі күндері өтетін отырыстарда мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруы мүмкін.
Жыл басынан бері алтын 25% өсіп, сәуір айында унциясы $3500-ден жоғары рекордқа жетті. Бұл өсімге Трамптың сыртқы саяси және саудадағы тұрақсыздықты арттыруы, сондай-ақ Қытайдағы спекулятивті сатып алулар әсер етті. Сингапур уақыты бойынша таңғы 9:25-те споттың алтын 0,8%-ға қымбаттап, $3264,72 деңгейіне жетті. Күміс сәл қымбаттаса, платина мен палладий тұрақты қалды.
ОПЕК+ өндірісті ұлғайтуды тездеткен соң, мұнай бағасы төмендеді
Мұнай бағасы Азияда алғашқы саудада $2-ден астам түсті, себебі ОПЕК+ елдері өндіріс көлемін ұлғайтуды тездету туралы шешім қабылдады, бұл нарықта артық ұсыныс болуы мүмкін деген алаңдаушылықты туғызды, деп хабарлайды Reuters. Brent маркалы мұнай фьючерстері 3,33%-ға арзандап, $59,25-ке түсті, WTI маркалы мұнай 3,6%-ға түсіп, $56,19-ға дейін төмендеді.
ОПЕК+ маусым айында өндірісті тәулігіне 411 мың баррельге ұлғайтпақ, бұл нарықта мұнайдың артық ұсынысы болу мүмкіндігін күшейтеді. Сондай-ақ, Сауд Арабиясы Ирак пен Қазақстанды жазалау үшін шектеулерді жылдам алып тастауды қолдап отыр.
АҚШ нарығы рекордтық өсуден кейін бәсеңдеуде
4 мамыр кешінде АҚШ қор нарығындағы фьючерстер сәл төмендеді, бұл S&P 500 индексінің соңғы 20 жылдағы ең ұзақ өсу кезеңінен кейін түзету басталуы мүмкін екенін білдіреді, деп жазады Yahoo Finance. S&P 500 индексінің фьючерстері 0,5%-ға, Dow Jones – 0,4%-ға, Nasdaq – 0,5%-ға төмендеді.
Инвесторлар үміт үзбей отып, өйткені Қытай АҚШ-пен тарифтік шараларды қайта талқылауға дайын екендігін білдірді. Дональд Трамп «әділ келісім» жасауды қалайтынын айтты, бірақ оның шарттарын нақтыламады.
Трамп шетелдік фильмдерге 100% баж салығын енгізетінін жария етті
Дональд Трамп шетелдік фильмдерге 100% баж салығын енгізу туралы жариялады, деп хабарлайды Reuters. Ол Truth Social әлеуметтік желісінде басқа елдердің кино өндірушілеріне ұсынылған субсидиялар мен ынталандыру шаралары америкалық киноиндустрияның «өте жылдам өліміне» себепші болып отырғанын жазды.
«Бұл басқа мемлекеттердің үйлестірілген әрекеттері, сол себепті, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Мұнда тек экономика ғана емес, сонымен қатар насихаттау да сөз болып отыр, — деді Трамп. — БІЗ ФИЛЬМДЕРДІҢ ҚАЙТАДАН АМЕРИКАДА ТҮСІРІЛУІН ҚАЛАЙМЫЗ!» — деп мәлімдеді Трамп.
Президент тиісті министрліктерге, оның ішінде Сауда министрлігіне, АҚШ-қа әкелінетін шетелдік фильмдерге баж салығын енгізу процесін дереу бастауға тапсырма берді. Сауда министрі Говард Латник X әлеуметтік желісінде: «Біз қазір осы мәселемен айналысудамыз» деп жазды.
Қазіргі уақытта баж салығының тек кинотеатрларда көрсетілетін фильмдерге немесе стримингтік қызметтерге де әсер ететіндігі, сондай-ақ ставканың қалай есептелетіні — өндірістік бюджетке немесе кассалық жинақтарға негізделетіні белгісіз, деп хабарлайды агенттік.








