БастыЖаңалықтар
Бөлісу

S&P 500 индексі 21 жылда болмаған серпін көрсетуде. Сәуірдегі құлдырау еңсерілді

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
S&P 500 индексі 21 жылда болмаған серпін көрсетуде. Сәуірдегі құлдырау еңсерілді

АҚШ-тың негізгі қор индекстерінің бірі – S&P 500 2 мамырда қатарынан тоғызыншы күн өсім көрсетті. Бұл 2004 жылдан бергі ең ұзақ үздіксіз көтерілу. Индекс сәуірдің басында АҚШ енгізген импорттық баждар әсерінен төмендеген еді. Бірақ соңғы айда сол шығынды толық қайта қалпына келтірді. Инвесторлардың үмітін АҚШ пен Қытай арасындағы ықтимал сауда келісімдері, жақсы экономикалық мәліметтер мен ірі IT-компаниялардың есебі арттырды. Алайда сарапшылар тұрақсыздық кезеңі әлі аяқталмағанын ескертеді.

Егжей-тегжейі

— 2 мамырдағы сауда қорытындысы бойынша S&P 500 индексі 1,47%-ға өсіп, 5686,67 пунктке жетті. Бұл 2004 жылдан бері тіркелген ең ұзақ көтерілу кезеңі. Бір ай бұрынғы құлдыраудан кейін индекс бастапқы деңгейіне қайта оралды.

— Апта ішінде индекс 2,9% өсті. Қазір сәуірдегі ең төменгі деңгейден 14%-ға жоғары. Бірақ ақпан айындағы тарихи шектен 7%-ға және жыл басындағы деңгейден 3,3%-ға төмен.

— Технологиялық Nasdaq Composite индексі де жұмада 1,51%-ға өсіп, 17 977,73 пункт болды. Ол апталық өсімді 3,4%-бен жапты. Бұл индекс 2 сәуірдегі деңгейіне бейсенбіде, яғни бір күн ерте оралды.

— Dow Jones өнеркәсіптік индексі жұмада 1,4%-ға көтеріліп, 41 317,43 пунктке жетті. Апталық өсім — 3%.

— Russell 2000 шағын компаниялар индексі 2,3%-ға өсті. Бұл қатарынан төртінші аптадағы өсім — 3,2%. Дегенмен, жыл басынан бері индекс 9%-ға төмендеп, негізгі индекстерден артта қалуда.

— АҚШ Қаржы министрлігінің облигациялары арзандап, олардың табысы артты. Бұл трейдерлердің АҚШ Федералдық резервінің ақша-несие саясатын жұмсарту мүмкіндігіне деген сенімінің азайғанын көрсетеді. Bloomberg мәліметінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі қазір 79 базистік пунктке болжануда, бұған дейін бұл көрсеткіш 90 болған.

— Алтын бағасы бір аптада шамамен 2,7%-ға арзандады. Бұл биыл алғаш рет қатарынан екі апта бойы құлдырау. Алайда жыл басынан бергі өсім — шамамен 23%.

— Апта бойы инвесторлар технологиялық компаниялардың тоқсандық есебіне назар аударды. Apple акциясы Қытайдағы әлсіз сату мен баж салығы салдарынан 900 млн $ шығынға ұшырауы мүмкін деген ескертуден кейін 3,7%-ға арзандады. Amazon-ның акциясы да 0,12%-ға төмендеді. Компания кіріс болжамын әлсіретіп, кедергі ретінде «баж салығы мен сауда саясатын» атады. Meta акциялары қатарынан екінші күн өсті.

Жұма күні бұл акциялар 4,3%-ға қымбаттады, ал бір аптадағы өсімі 9%-ды құрады. Microsoft акциялары да есеп жарияланғаннан кейін өсті: жұма күні 2,3%-ға көтерілсе, апта ішіндегі жалпы өсім 11%-ға жетті.

Нарыққа не әсер етті?

АҚШ-тың ауыл шаруашылығынан тыс секторындағы жұмысбастылыққа қатысты жұма күні жарияланған деректер сарапшылар күткеннен жақсырақ болды. Сәуір айында жұмыс орындары 177 мыңға артты, ал Dow Jones сауалнамасына қатысқан экономистер бар болғаны 133 мың деп болжаған еді. Жұмыссыздық деңгейі 4,2% болып қалып, болжаммен сәйкес келді.

Нарықтағы оптимизм бұл есеп шықпай тұрып-ақ байқала бастады. Инвесторлар Қытайдың Вашингтонмен сауда келіссөздерін бастау мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы ишараларын жылы қабылдады. Алайда Қытай билігі АҚШ біржақты енгізілген барлық тарифтерден бас тартуы керек екенін тағы да қадап айтты.

CNBC жазуынша, Дональд Трамп өткен айда көп елдерге қатысты жаңа кедендік тарифтердің мөлшерлемесін 90 күнге 10%-ға дейін төмендеткен соң, нарық айтарлықтай қалпына келе бастады. Әсіресе соңғы күндері корпоративтік есеп беру маусымы сәтті өтіп, инвесторлардың сенімін арттырды. Meta мен Microsoft-тың есептері оң қабылданды. Осы аптада «Керемет жетілікке» кіретін барлық ірі технологиялық компаниялардың акциялары (Apple-ден басқасы) өсті.

Сарапшылар не дейді?

«Жұма күні таңертең жұмысбастылыққа қатысты деректер күткенімізден де жақсы болған соң нарық жеңіл тыныс алғандай болды. Рецессия қаупі әлі де сақталып отырғанымен, «құлдырау кезінде сатып алу» стратегиясы, ең болмағанда, тарифтік үзіліс аяқталғанша жалғасуы мүмкін. Алайда егер шілде айында 90 күндік жеңілдік мерзімі аяқталғаннан кейін Ақ үй өз ұстанымын өзгертпесе, нарық сәуірдің басындағыдай тағы да құлдырауы ғажап емес», — деді CNBC арнасына Northlight Asset Management инвестициялық директоры Крис Заккарелли.

Техникалық талдаушы Том ДеМарк (Поль Тюдор Джонс, Леон Куперман және Стив Коэн сынды миллиардерлерге кеңес берген) қазіргі нарықтық раллидің шегі алдағы күндері байқалуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, S&P 500 индексі екі рет қатарынан жаңа шарықтау шегінде жабылса, бұл сату сигналын іске қосып, нарықтағы құлдырауды қайта бастатуы мүмкін (Bloomberg дерегі).

HSBC стратегтерінің пікірінше, инвесторлар АҚШ-тың сауда саясатына қатысты белгісіздіктер сақталып тұрғандықтан, капиталын америкалық акциялардан еуропалық нарыққа қарай ауыстыруды жалғастыра беруі ықтимал.

«Бүгін жеңіл тыныстаған инвесторлар алдағы апталарда тұншыға бастайды. Себебі сәуір айындағы құлдырау — тек кіріспе ғана болғанын түсінеді», — деді Bloomberg агенттігіне Franklin Templeton Investment Solutions компаниясының инвестициялар жөніндегі директорының орынбасары Макс Гокман.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары