БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Uber табысы Уолл-стриттің болжамын ақтамады

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Uber табысы Уолл-стриттің болжамын ақтамады

Uber акциялары сәрсенбіде 6%-дан аса төмендеп, кейін ішінара қалпына келді. Компания тоқсандық есебінде аралас нәтижелер көрсетті: табыс мөлшері сарапшылар күткен көрсеткіштен төмен болды, алайда бір акцияға шаққандағы пайда Уолл-стрит болжамынан 66%-ға асып түсті. Сонымен қатар, такси қызметі сегментіндегі өсім пандемия басталғалы бергі ең баяу деңгейге түскен. Бұл өз кезегінде экономикадағы белгісіздік жағдайында сұраныстың төмендеуі мүмкін деген инвесторлар арасындағы алаңдаушылықты күшейтті.

Егжей-тегжейлі

Сәрсенбі күнгі саудада Uber акциялары 6%-дан аса құлдырап, $80,12 көрсеткішке дейін түсті. Бірақ кейін аздап қалпына келіп, құлдырау қарқыны шамамен 2,5%-ға дейін баяулады. Дегенмен, компания қағаздары 2025 жылдың басымен салыстырғанда әлі де 40%-қа жуық өсім көрсетіп отыр. Reuters мәліметінше, Uber АҚШ-тың негізгі қор индексі — S&P 500 құрамындағы өсімі ең жоғары 10 компанияның қатарына кіреді. Салыстыру үшін: сол кезең ішінде S&P 500 керісінше, шамамен 4%-ға төмендеген.

Uber-дің 2025 жылғы бірінші тоқсан нәтижелері инвесторлардың күткенін ақтамады. Компанияның табысы бір жыл бұрынғы осы кезеңмен салыстырғанда 14%-ға өсіп, 11,5 млрд долларды құрады. Алайда бұл көрсеткіш Уолл-стрит сарапшылары болжаған 11,62 млрд доллардан төмен болды (CNBC LSEG деректері). Сонымен қатар, түзетілген бір акцияға шаққандағы пайда 83 цент болып, сарапшылар күткен 50 центтен 66%-ға жоғары нәтиже көрсетті. Ал өткен жылы осы кезеңде Uber бір акцияға 32 цент шығын тіркеген болатын.

Компанияның екі негізгі бизнес бағыты — такси шақыру және жеткізу қызметтері бойынша табыс сәйкесінше 15%—18%-ға артты. Алайда, Reuters атап өткендей, такси сегментіндегі өсім пандемиядан бері тіркелген ең әлсіз көрсеткіш болды. Агенттіктің пікірінше, бұл жағдай экономикалық белгісіздік аясында такси қызметіне деген сұраныстың төмендеу қаупін туындатып отыр.

Gross-бронирлеу көлемі (яғни Uber әрбір такси, тамақ жеткізу немесе жүк тасымалы қызметінен жүргізушіге төленетін ақы мен басқа да шығындарды есептемегендегі жалпы түсімі) бір жылда 14%-ға өсіп, $42,8 млрд болды. Алайда бұл көрсеткіш Уолл-стриттің $43,1 млрд көлеміндегі болжамынан төмен болды, деп хабарлайды Barron’s. Аяқталған сапарлар мен жеткізу тапсырыстарының саны 18%-ға артып, 3 млрд-қа жетті — бұл өсімге ай сайынғы белсенді пайдаланушылар санының 14%-ға артуы ықпал етті

Компания жариялаған қосымша деректер

Uber жылдық көрсеткіш бойынша 1,5 млн жүргізушісіз (автономды) сапарға жетіп отырғанын жариялады, деп хабарлады бас директор Дара Хосровшахи CNBC эфирінде. Бұл — қазіргі қарқын сақталған жағдайда, жыл соңына дейін осындай нәтиже тіркелуі мүмкін дегенді білдіреді.

Наурыз айында Uber компаниясы Техастың Остин қаласында роботакси қызметін іске қосты: енді қолданушылар Uber қосымшасы арқылы Waymo (Google-дің холдингтік компаниясы Alphabet-ке тиесілі) жүргізушісіз таксиін тікелей шақыра алады. Бас директор Дара Хосровшахидің айтуынша, Waymo жобасының іске қосылуы, күткеннен де жақсы нәтиже көрсеткен – Остинде жүрген шамамен 100 роботакси Uber жүргізушілерінің 99%-ынан артық сапар орындайды. Ол автономды көлік технологияларын компанияның болашақтағы басты мүмкіндігі деп атап, Uber бұл саладағы аясын кеңейтіп жатқанын айтты. Waymo-мен серіктестіктен бөлек, компания WeRide, Pony.AI және Avride секілді роботакси әзірлейтін бірқатар стартаппен жаңа келісімдерге қол қойған.

Ағымдағы тоқсан бойынша Uber гросс-бронирлеу көлемін 45,75–47,25 млрд доллар аралығында болжайды, ал Уолл-стрит сарапшыларының консенсус-болжамы 45,83 млрд долларды құрайды, деп хабарлайды Reuters. Түзетілген EBITDA (пайыздар, салықтар, тозу және амортизацияға дейінгі пайда) 2,02–  2,12 млрд доллар аралығында болады деп күтілуде — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29–35%-ға көп.

Контекст

Uber пандемиядан кейін байқалған жедел өсімді қазіргі кезде қайталай алмай отыр, деп хабарлайды Reuters. Инфляциялық қысым мен экономикалық тұрақсыздық аясында компания сапар бағасына қатысты да қысымды сезінуде: кейбір клиенттер арзан көлік түрлеріне ауысуда.

Ақпан айында Uber айына $2,99 тұратын Price Lock Pass жазылымын іске қосты, бұл белгілі бір бағыттар бойынша тарифті бекітіп қоюға мүмкіндік береді. Осындай мүмкіндікті бір жыл бұрын Uber-дің АҚШ-тағы басты бәсекелесі Lyft те енгізген. Бұл арқылы екі компания да үнемшіл клиенттерді тартуға тырысуда.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары