Nasdaq өсім көрсете бастады: Сәуірдегі минимумнан 20%-дан аса жоғары деңгейде жабылды

12 мамырдағы саудада Қытай жеткізілімдеріне тәуелді Amazon, Best Buy және энергия сақтау технологияларын ұсынатын Fluence Energy секілді компаниялардың акциялары ең көп өсім көрсетті.
Дүйсенбі, 12 мамыр күнгі сауда барысында АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісімі нарыққа оң әсер етті. Нәтижесінде Nasdaq Composite технологиялық индексі мен S&P 500 кең нарық индексі сәуірдегі минимумнан 20%-ға көтерілді. Сонымен қатар, америкалық доллар нығайып, мұнай қымбаттады, ал алтын бағасы едәуір арзандады.
Егжей-тегжейі
— Технологиялық компаниялар акцияларының Nasdaq Composite индексі 12 мамырдағы сауда қорытындысы бойынша 4,4%-ға өсіп, 18 708 пунктке жетті. Бұл көрсеткіш сәуірдегі ең төменгі деңгейден 20%-дан аса өсіп, индекстің жаңа «бұқа трендіне» енгенін білдіреді, деп жазады The Wall Street Journal.
— Жалпы нарықты қамтитын S&P 500 индексі 3,3%-ға өсіп, 5844 пунктке жетті. Бұл да сәуір айындағы минимумнан 20%-дан аса өскенін көрсетеді, деп хабарлайды CNBC.
— «Көк чиптер» деп аталатын ең ірі компаниялардың индексі Dow Jones Industrial Average 2,8%-ға өсіп, 42 410 пунктті құрады. Бұл — 2 сәуірден кейінгі ең жоғары жабылу деңгейі.
— «Ғажайып жетілік» компанияларының акцияларын бақылап отыратын Bloomberg индексі 5,7%-ға өсті.
— 10 жылдық АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі 4,47%-ға дейін өсті.
— WSJ доллар индексі 1,07%-ға нығайып, 97,64 деңгейіне жетті. Бұл наурыздан бергі ең жақсы нәтиже.
— Кіші капитализациялы компаниялар индексі Russell 2000 3,4%-ға өсіп, 2092 пунктке жетті. Бұл индекс те сәуір айындағы минимумнан 20%-дан аса көтерілді.
— Алтын бағасы 3,06%-ға арзандап, унциясы 3241,8 $ болды.
— Brent маркалы мұнай 1,8%-ға қымбаттап, барреліне 65 долларға жетті. Америкалық WTI мұнайы 1,54%-ға өсіп, 62 $ болды.
Нарыққа не әсер етті?
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының бәсеңдеуі туралы хабардан кейін АҚШ-тың қор нарығы айтарлықтай өсті. Тараптар Женевада өзара енгізілген кедендік баж салығын 90 күнге төмендетуге келісіп, осы аралықта тұрақты мөлшерлемелер жайында келіссөздер жүргізетін болды. АҚШ Қытайдан әкелінетін тауарларға салынған баж салығын 145%-дан 30%-ға дейін төмендетті. Қытай жағы да америкалық өнімдерге салынатын салықты 125%-дан 10%-ға дейін қысқартты.
Дональд Трамп бұл келісімді «сауда қатынастарын толықтай қайта іске қосу» және «өте тиімді мәміле» деп атап, ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен осы апта соңына дейін кездесуі мүмкін екенін айтты, деп жазады WSJ.
Осы жаңалықтардан кейін технологиялық сектордың акциялары күрт өсті: Tesla (+6,9%), Apple (+6,1%), Nvidia (+5%). PHLX Semiconductor чип өндірушілер индексі 7%-ға өсті.
CNBC мәліметінше, Қытаймен жеткізілім жағынан тығыз байланыстағы компаниялар акциялары ең көп өскен. Best Buy бөлшек сауда желісінің капитализациясы 6%-ға, Dell Technologies – шамамен 8%-ға, ал Amazon – 8%-дан астамға артты. Қытайдан келетін батарея ұяшықтарына тәуелді компаниялар да қымбаттады: Fluence Energy акциялары 30%-дан астам, Sunrun – 15%-ға өсті.
Автоөндірушілер де өсім көрсетті: GM акциялары 4,5%-ға, Chrysler иесі Stellantis – 6,5%-ға, ал Ford – 2,6%-ға көтерілді. Құрал-сайман шығаратын Stanley Black & Decker акциялары 15,7%-ға өсті.
Алтын бағасы Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің азаюына байланысты арзандады. АҚШ облигацияларының кірістілігі күрт өсті, себебі Қытаймен жасалған келісім рецессия қаупін азайтты. Бұл, өз кезегінде, алдағы уақытта АҚШ Федералдық резервінің пайыздық мөлшерлемені төмендету ықтималдығын азайтты. Мұнай бағасы да өсті, себебі Қытай мен АҚШ-та өндірістің баяулауына қатысты алаңдаушылық бәсеңдеді, деп жазады CNBC.
Сауда соғысы кезінде инвесторлар «қауіпсіз» санап, қаражат құйған компаниялардың акциялары дүйсенбіде арзандады: Coca-Cola — 1,4%-ға, Philip Morris — 2,9%-ға, AT&T — шамамен 3%-ға төмендеді.
Сарапшылар сөзі
«Қытайдан әкелінетін тауарларға осыншама төмен баж салығы енгізіледі деп ешкім күтпеген еді. Бұл – үлкен тосынсый. Бірақ бұл — сауда келісімі емес, тек шиеленісті уақытша бәсеңдету. Бұл үзіліс – тұрақты емес», – деді CNBC арнасына берген сұхбатында LPL Financial компаниясының акциялар жөніндегі бас стратегi Джефф Бухбиндер.
Жұма күні Трамп Қытай тауарларына салынатын салықты 80%-ға азайту «жақсы мәміле» болар еді деген. Сондықтан нарық баж салығының бірден 30%-ға дейін төмендеуін күтпеді.
«АҚШ пен Қытай арасындағы баж салығының күткеннен де айтарлықтай төмендеуі – тіпті уақытша болса да – болашақ келіссөздер үшін негіз қалайды. Қор нарығы дәл осыны күтіп отырған еді», – деді Bloomberg-ке берген пікірінде BMO Private Wealth инвестиция жөніндегі директорының орынбасары Кэрол Шлайф.
«Енді инвесторлардың назары осы уақытша келісімнің ұзақ мерзімді шешімге айналу ықтималдығына ауады», – деді UBS Global Wealth Management сарапшысы Ульрике Хоффман-Бурчарди.
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісімі туралы жаңалық қор нарығы үшін, сөзсіз, жағымды оқиға. Енді басты сұрақ – бұл корпоративтік табыстың өсуіне серпін беруге жеткілікті ме, дейді Miller Tabak сарапшысы Мэтт Мейли.
«Баж салығы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр, сондықтан америкалықтар үшін тауар бағасының өсуі жалғаса береді. Компаниялар да өздерінің бизнес-стратегиясын түбегейлі өзгертеді деп күту қиын. Бірақ АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынасы қайта жандануы мүмкін. Бұл – дүкендерге тауар көбірек келеді, бос сөрелер азаяды деген сөз (әлі де болса уақытша)», – дейді Ritholtz Wealth Management сарапшысы Кэлли Кокс Bloomberg-ке берген пікірінде.








