Таңғы жаңалықтар: АҚШ пен Қытай баж салығын азайтты, Perplexity өсуде, шағын IPO бумы

Келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Қытай 90 күнге баж салығын төмендетуге уағдаласты, бұл жаһандық нарықтарға серпін берді. Samsung Galaxy S25 Edge ультражұқа смартфонын ұсынып, саудадағы тұрақсыздық аясында көшбасшылықты сақтауға тырысып жатыр. Ал АҚШ-тағы IPO нарығында шағын қытай компанияларының белсенділігінің арқасында нағыз бум байқалуда — олар жаңа шектеулер күшіне енбей тұрып биржаға шығуға асығуда. Осы және басқа да маңызды жаңалықтар — 13 мамыр таңындағы шолуда.
АҚШ пен Қытай 90 күнге баж салығын тоқтатты
АҚШ пен Қытай өзара баж салығының көп бөлігін 90 күнге тоқтату туралы келісімге келді. Бұл жаһандық нарықтарды тұрақсыздандырған сауда соғысын бәсеңдетуге бағытталған маңызды қадам болды, деп хабарлайды Yahoo Finance. Өткен демалыста келіссөздерге қатысқан АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша тараптар баждарды айтарлықтай төмендетуге келісті: АҚШ Қытайдан келетін импортқа салықты 145%-дан 30%-ға дейін (оның ішінде фентанил тасымалына байланысты Трамп енгізген 20%) қысқартады, ал Қытай 125%-дан 10%-ға дейін азайтады. Бұл мәліметтер бірлескен мәлімдемеде айтылды.
«Делегациялардың ортақ ұстанымы — экономикалық байланысты үзгісі келетін ешкім жоқ, — деді Бессент. — Жоғары баж салықтары іс жүзінде эмбаргоға айналды, ал бұл екі тарапқа да тиімсіз. Бізге сауда керек».
АҚШ бұл баждардың 90 күнге төмендейтінін нақтылады — кең ауқымды келісімге қол жеткізілгенге дейін. Трамп ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен осы апта соңында сөйлесуді жоспарлап отырғанын айтты.
АҚШ қор нарығы оң реакция білдірді: Amazon, Apple және Tesla акциялары баж салықтарының жойылуы туралы жаңалықтардан кейін күрт өсті. S&P 500 және Nasdaq индекстері наурыз айының басынан бергі ең жоғары деңгейде жабылды (Reuters дерегі).
Сонымен қатар, ФРЖ басшысы Джером Пауэлл өткен аптада тарифтік соққының экономикалық көрсеткіштерге толық әсер етпегенін айтты.
АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің бәсеңдеуі алтын бағасын тұрақтандырды
Bloomberg-тің хабарлауынша АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің бәсеңдеуі аясында қорғаныс активтеріне сұраныстың төмендеуі алтын бағасының тұрақталуына себеп болды. Алтын бағасы 2,7% төмендегеннен кейін $3237 деңгейінде қалды, себебі инвесторлар акция нарығының қалпына келуіне және тәуекелді активтерге қызығушылықтың артуына сеніп отыр.
АҚШ доллары қарашадан бергі ең жоғары өсімді көрсетті — сол кезде АҚШ президенті сайлауынан кейін ралли болған. Сонымен қатар, мемлекеттік облигациялардың кірістілігі де өсті, бұл алтынға қысым жасауда. Қазір трейдерлер 2025 жылы ФРЖ тек екі мәрте пайыздық мөлшерлемені төмендетеді деп болжап отыр, бұл пайыздық табыс әкелмейтін алтынның тартымдылығын азайтуы мүмкін.
Сингапур уақытымен таңғы 7:38-де алтынның спот бағасы $3237,86 болды. Bloomberg Dollar Spot индексі дүйсенбідегі 1% өсуден кейін өзгеріссіз қалды. Күміс, платина және палладий бағалары да айтарлықтай өзгерген жоқ.
Samsung ультражұқа Galaxy S25 Edge смартфонын таныстырды
CNBC-дің хабарлауынша Samsung өзінің флагмандық Galaxy S25 Edge смартфонын әдеттегіден ертерек таныстырды. Бұл — мобильді бөлімшедегі өсімді сақтап қалуға бағытталған қадам болса керек. Компания АҚШ тарифтеріне қатысты белгісіздік пен сұраныс тұрақсыздығы аясында әрекет етуде.
Смартфонның қалыңдығы небәрі 5,8 мм, салмағы — 163 г. Бастапқы бағасы — $1099, сатылым 30 мамырда басталады.
S25 сериясының негізгі таныстырылымынан небәрі төрт ай өткен соң жасалған бұл қадам Samsung-қа тән емес — әдетте мұндай деңгейдегі модельдер жазда шығады. Бұл компанияның S25 сериясының жетістігін толығымен пайдалануға тырысып жатқанын көрсетеді.
Samsung 1-тоқсанда мобильді бөлімшенің табысы мен кірісінің артқанын хабарлады, бірақ вице-президент Даниэль Араужо екінші тоқсанда сұраныс төмендеуі және тариф саясатына байланысты болжамдар қайта қаралуы мүмкін екенін ескертті.
Араужоның айтуынша, S25 Edge — флагмандық модельдерге қызығушылықты сақтау құралы. Ал сарапшылардың пікірінше, бұл — Apple компаниясының қыркүйекте шығуы мүмкін ультражұқа iPhone 17 Air моделіне алдын ала жауап. Сонымен қатар, алдағы уақытта бұл трендке Honor және Xiaomi секілді қытайлық брендтер де қосылуы мүмкін.
Қытайлық компаниялар Nasdaq-та шағын IPO бумын туындатты
Financial Times-тің мәліметінше АҚШ-тағы шағын капитализациялы IPO нарығы қытайлық компаниялардың Nasdaq-та белсенді түрде листингке шығуына байланысты ерекше қарқын алды. Capital Markets Gateway (CMG) деректеріне сүйенсек, соңғы екі тоқсанда 83 шағын IPO тіркелген — бұл соңғы 15 жылдағы рекорд. Оның 53-і Қытай мен Гонконгқа, ал небәрі 18-і АҚШ-қа тиесілі. Көпшілік листингтің көлемі $50 млн-нан аспайды.
Белсенділіктің артуына Nasdaq енгізген жаңа талаптар әсер етіп отыр: 11 сәуірден бастап шағын компаниялар кемінде $15 млн тартуға міндетті. АҚШ реттеушілері мұны инвесторларды қорғау және нарық ашықтығын арттыру үшін қажет деп санайды.
Дональд Трамптың тарифтік саясатына байланысты құбылмалыққа қарамастан, шағын капитал нарығында күрт көтерілу байқалады. Мысалы, қытайлық Diginex компаниясының акциялары қаңтардағы IPO-дан кейін 1375%-ға өсті, ал EPWK Holdings-тің акциялары 75%-ға құлдырады. Бұл нарыққа негізінен жылдам табыс іздейтін жеке трейдерлер ықпал етеді.
Мұндай IPO-ларды көбінесе Dominari Securities және RF Lafferty секілді андеррайтерлер басқарады. Біріншісі Trump Tower-мен байланысы бар және Трамптың ұлдары кеңесші болып тағайындалғаннан кейін үлкен қызығушылық тудырды.
Қытайлық компаниялардың АҚШ-тағы IPO санының өсуі сауда шиеленісінің күшеюіне байланысты делистинг қаупін арттырып отыр. Кейбір компаниялар қытайлық шығу тегін жасыру үшін корпоративтік құрылымдарын өзгертуде. Дегенмен сарапшылар бұл шектеулер негізінен ірі мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты болады деп санайды.
Perplexity Google және OpenAI-мен бәсекелесу үшін $500 млн тартпақ
Perplexity стартапы — іздеу жүйесіне арналған жасанды интеллект жасаушысы — $500 млн көлеміндегі қаржыландыру раундын аяқтауға жақын, деп жазады Financial Times. Бұл компанияның бағалауын желтоқсанмен салыстырғанда $5 млрд-қа арттырып, $14 млрд-қа дейін көтермек. Инвестициялық раундты венчурлық Accel компаниясы басқарады.
Google үстемдік етіп келген іздеу нарығында Perplexity инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр. Nvidia, NEA, IVP, SoftBank-тың Vision Fund 2, сондай-ақ Джефф Безос, OpenAI-дың Андрей Карпатысы, Google-дың Джефф Дині және Meta-ның Янн Лекуны да үлес салған.
Қазір компанияның 30 млн-ға жуық қолданушысы бар, ал мақсат — 100–500 млн-ға дейін жету. Бас директор Аравинд Сривастың айтуынша бұл мақсатқа жету үшін қосымша инвестиция қажет. Компания кірісін негізінен премиум жазылымдардан тауып отыр: болжамды кіріс өткен жылдың қаңтарында $5 млн болса, тамызда $35 млн-ға жетті.
Қаражаттың басым бөлігі дауыстық режим мен Comet браузерін дамытуға бағытталады. Бұл автономды браузер пайдаланушы командаларын адам секілді орындай алатын болады. Ол Chrome-ға балама және OpenAI мен Anthropic агенттік жүйелеріне ұқсас болмақ.
Компания, сондай-ақ, инфрақұрылым мен ЖИ-сұраныстарды өңдеуге кететін шығындардың көптігін атап өтті. Қазір Perplexity-де шамамен 200 қызметкер жұмыс істейді.








