Лин Олден: АҚШ-тың сауда теңгерімсіздігі шегіне жетті. Енді инвестор не істеуі керек?

АҚШ онжылдықтар бойы неге сауда тапшылығы жағдайында өмір сүріп келеді, бұл долларлық жүйемен қалай байланысты және әлемдегі жеке инвесторларға қандай қауіп төндіреді? Бұл сұрақтарды инвестициялық стратег Лин Олден өзінің мамыр айындағы «A Trade Breakdown» хатында макродеректерге, қарыз көрсеткіштеріне және жаһандық капитал ағымдарының механизмдеріне сүйене отырып талдады.
Лин Олден инфляция, фиаттық ақшалар, криптовалюталар және әлемдік қаржы жүйесінің трансформациясы бойынша маманданған. Оның «Broken Money» кітабы Bloomberg-тің үздік бизнес кітаптарының тізіміне енді, ол қазіргі валюталардың тұрақсыздығын түсіндіреді. 2022 жылдан бұрын-ақ Олден ұзақмерзімді облигациялардың осал екенін ескерткен болатын — бұл болжамы 2022 жылы ФРЖ пайыздық мөлшерлемені күрт көтергеннен кейін, ұзақмерзімді қарыздар нарығының ең үлкен құлдырауын көргенде расталды. Ол сондай-ақ биткойнның резервтік актив ретінде табиғатын түсіндіре бастаған алғашқы мамандардың бірі. Олденнің жұмыстары қысқа мерзімді сигналдарға емес, жүйелік өзгерістерге — ақша саясаты мен капиталдың жаһандық қайта бөлінуіне негізделген.
АҚШ әлемге доллар ұсына отырып, өз өндірістік әлеуетін жоғалтуда
АҚШ ондаған жылдар бойы сауда тапшылығы жағдайында өмір сүріп келеді — бұл ел импорттайтын тауарлар мен қызметтердің экспортына қарағанда көп болған кезде пайда болады. Лин Олденнің пікірінше, бұл — қателік емес, жаһандық қаржы моделінің жүйелі ерекшелігі. Доллар халықаралық саудада, несиелеуде, валюта резервтерінде және айырбастау операцияларында әмбебап есеп айырысу құралы ретінде қолданылады. Бұл АҚШ-тан тыс жерде америкалық валютаға тұрақты сыртқы сұраныс қалыптастырады.
Осы сұранысты қанағаттандыру үшін АҚШ жыл сайын $500 млрд пен $1 трлн аралығындағы тұрақты сауда тапшылығы арқылы айналымға доллар шығарады. Бұл қаражат өзге елдердің резервтерінде жиналып, АҚШ-қа активтерге — акцияларға, облигацияларға, жылжымайтын мүлікке — деген сұраныс арқылы қайта оралады.
Олден бұл механизм доллар бағамын құрылымдық түрде жоғарылататынын түсіндіреді: бұл АҚШ-тың импорттық сатып алу қабілетін арттырып, сонымен қатар америкалық тауарлардың экспорттық бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Соның салдарынан сауда тапшылығы тұрақты сипатқа ие болып, елдің өндірістік базасы біртіндеп әлсірейді. Америкалық активтер шетелдік инвесторлардың иелігіне көбірек өтіп жатыр. Бұл модельден ең алдымен қаржы орталықтары мен ірі капитал иелері ұтады — ал өндірістік аймақтар ұтылады.
Долларлық жүйе неге тұрақсыз болып қалуда
Олден долларлық модельдің басты осал тұсына назар аударады: Халықаралық есеп айырысу банкінің деректеріне сәйкес, АҚШ-тан тыс жерлерде шамамен $18 трлн долларлық қарыз бар (соның $13 трлн-ы банк секторының сыртындағы ұйымдарға тиесілі), ал айналымда небәрі $5,8 трлн базалық доллар ғана бар. Бұл нарықта күйзеліс болғанда өтімді доллар тапшылығы өте қауіпті деңгейге жетуі мүмкін екенін білдіреді.
Мұндай жағдай 2020 жылдың наурызында орын алды, жаһандық сауданың күрт қысқаруына байланысты доллар тапшылығы туындады. Міндеттемелерін өтеу үшін шетелдік ұстаушылар америкалық облигацияларды жаппай сата бастады. Осыған байланысты АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі шұғыл түрде араласуға мәжбүр болды — облигацияларды сатып алып, валюта своптарын ашып, балансты ұлғайтты.
«Бұл 20 адамға бір орындық қойылған музыкалық орындықтар ойыны сияқты», — деп жазады Олден. Ол бүкіл жүйе долларлардың үздіксіз айналымына негізделгенін, ал бұл айналым тоқтаса, тізбекті реакция басталып кетуі мүмкін екенін ескертеді, бұл активтерді жаппай сатуға, мәжбүрлі позицияларды жабуға және қарыз нарығындағы ақауларға әкелуі мүмкін.
Инвестор не істеуі керек
Олденнің пікірінше долларлық жүйені тез өзгерту мүмкін емес: капитал қозғалысы баяулай бастаған сәтте-ақ қаржы нарықтарына қысым күшейеді, ал орталық банктер араласуға мәжбүр болады. Бұл жүйені саяси жолмен өзгертуге деген әрекеттер де іргелі шектеулерге тап болады. Атап айтқанда, Олден қазіргі сыртқы сауда саясатын сынайды: АҚШ әкімшілігі импорттық баж салығын шектен тыс көтеріп жіберуде, ал бұл шаралар сауда дефицитінің басты себептерін шешпейді, сондықтан тиімсіз деп санайды.
Олден әлем ұзаққа созылатын өтпелі кезеңге қадам басып жатқанын айтады. Бұл, оның сөзімен айтқанда, жай ғана жекелеген дағдарыс емес — бұл өтімділіктің артуы, доллар тапшылығының мерзімді түрде туындауы және жаһандық теңгерімсіздіктермен сипатталатын ұзақ мерзімді түзету процесі. Мұндай жағдай инвесторлармен ұзақ жылдар бойы қатар жүретін болады.
Осы ортада, дейді Олден, қысқа мерзімді сигналдарға жауап қайтарудан гөрі, жүйелі тәуекелдерден қорғай алатын, әртараптандыру мен икемділікке негізделген орнықты стратегия құру әлдеқайда маңызды. Инвестор үшін нарықты дәл болжауға тырысу емес, ұзақ мерзімді тұрақсыздыққа төтеп бере алатын портфель қалыптастыру маңызды. Олден осы бағытта назар аударуға тұрарлық бес негізгі бағытты атап көрсетеді.
1. Қысқа мерзімді облигациялар және инфляциядан қорғанатын құнды қағаздар
Олден АҚШ-тың қысқамерзімді мемлекеттік облигацияларын және инфляцияны индекстейтін TIPS құнды қағаздарын таңдауды ұсынады. Олар пайыздық ставкалардың өзгеруіне аз әсер етеді және болжамсыз ақша саясаты жағдайында капиталды сақтап қалуға мүмкіндік береді.
2. Алтын мен биткойн резервтік валюталарға балама ретінде
Олденнің пікірінше, бұл екі актив те дедолларизация жағдайында «бейтарап резервтер» қызметін атқара алады. Қысқа мерзімді перспективада ол биткойнды неғұрлым қызықты актив ретінде бөле-жара атап өтеді, бірақ сонымен қатар алтынды да портфелінде ұстауды жалғастырып келеді. АҚШ-тан тыс жердегі инвесторлар үшін бұл – валюта тәуекелдерін азайтып, жаһандық тұрақсыздыққа қарсы хедж жасау тәсілі.
3. Опциондар арқылы акцияларға баяу кіру
Олден опциондардың сатылу стратегиясын ұсынады, әсіресе қорғаумен қойылған пут-опциондар. Бұл стратегия акцияларды қазірдің өзінде сатып алғысы келетін, бірақ бағасының төмендеуін күтетін инвесторлар үшін тиімді. Бұл тәсіл кіру тәуекелін азайтып, портфельдің тәртібін сақтауға көмектеседі.
4. Негізгі бағалау әдісіне қайта оралу
Олденнің ойынша кейде бағалау маңызды емес, бірақ кейбір жылдары ол шешуші рөл атқарады және нарықтық үлкен өзгерістер кезінде тәуекелдерді шектеуге көмектеседі. Жоғары белгісіздік жағдайында бизнес-модельді, қарыз жүктемесін және ақша ағынын талдау маңызды.
5. Халықаралық диверсификация
Олденнің пікірінше халықаралық нарықтар 3-5 жыл ішінде АҚШ нарықтарынан жоғары өнімділік көрсете алады, бұл 2003-2007 жылдары болған жағдайға ұқсас. Ол бұл құбылысты нарықтардың циклдік табиғатымен және қазіргі уақытта америкалық акциялардың жоғары бағаланғандығымен түсіндіреді. Ол нақты елдер мен секторларды атамайды, бірақ жаһандық диверсификация тәуекел мен табыстың арақатынасын жақсартатынын айтады — әсіресе тек АҚШ-қа инвестиция салғандар үшін.








