Нью-Йорктегі таң: нарық бағытын макродеректер айқындайды

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов ұсынған АҚШ қор нарығына күнделікті шолуы мен болжамы.
Бүгін не күтеміз
Жұма күні, 16 мамырда, нарық динамикасына әсерін тигізер бірқатар маңызды макродеректер жарияланады. Құрылысқа рұқсаттар саны мен басталған тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша статистика ұсынылады. Соңғы көрсеткіш 3,1% м/м өседі деп болжануда. Сонымен қатар, Мичиган университетінің мамыр айына арналған тұтынушылық көңіл-күйдің алдын ала бағасы жарық көреді (консенсус: 53,3 балл, сәуір: 52,2 балл).
АҚШ-тың сыртқы сауда саясатына қатысты белгісіздік сақталып отырғандықтан, инвесторлар абай болуда:
— 13F есебіне сәйкес, Майкл Бьюрридің қоры бірінші тоқсанда көпшілік компаниялардың акцияларынан толықтай дерлік шығып, Nvidia (NVDA) және ҚХР-мен байланысты эмитенттерге put опциондарын сатып алды.
— Дэвид Теппер Қытай активтеріндегі үлесін қысқартты.
— Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway қоры ірі сатып алулар жасамады, қаржы секторы қағаздарын сатуға ден қойды.
Тарифтік шиеленіс АҚШ пен сауда серіктестері арасындағы келіссөздер басталғаннан кейін бәсеңдегенімен, қарым-қатынасты қалпына келтіру оңай болмай тұр. ҚХР Вашингтонмен келісімге келгеніне қарамастан, АҚШ-тың қорғаныс, энергетика және автокөлік өнеркәсібі үшін аса маңызды жеті сирек кездесетін металлдардың экспортын әлі де шектеп отыр. Bloomberg сауалнамасына сәйкес, АҚШ 2025 жылдың соңына дейін Қытай тауарларына 30% деңгейіндегі баж салығын сақтап қалуы мүмкін.
Алдағы сессияда орташа құбылмалылық пен бейтарап тәуекел теңгерімі болуы ықтимал. Біз S&P 500 индексінің 5870–5980 тармақ ауқымында (алдыңғы сессия жабылу деңгейінен −0,8%–дан +1%–ға дейін) қозғалуын күтеміз.
Назарда
— CAVA Group (CAVA) компаниясының тоқсандық нәтижесі сарапшылардың үмітін ақтағанымен, компания акциялары постмаркетте шамамен 3% арзандады. Себебі инвесторларды компанияның болжамдары қанағаттандырмады. Ресторан ашу жоспары 62–66-дан 64–68-ге дейін өзгертілді, ал салыстырмалы сатылымдар 6–8% аясында өседі деген үміт сақталуда.
— Globant (GLOB) акциялары бірінші тоқсан қорытындысы болжамнан төмен болып, әрі консервативті болжам ұсынғаннан кейін 24% құлдырады.
— Applied Materials (AMAT) қағаздары негізгі сауда сессиясы жабылғаннан кейін 5%-дан астам арзандады. Компания кірісі орташа күтілімнен төмен болды, алайда пайда консенсусты асып түсті. Басшылықтың өз болжамдары нарықтағы орташа күтулерге сай келді.
Кешегі нарық
15 мамырда АҚШ қор биржаларындағы сауда сессиясы оң аймақта, бірақ күн ішіндегі максимумдардан төмен деңгейде аяқталды. S&P 500 0,41%, Nasdaq 100 — 0,08%, Dow Jones — 0,65%, Russell 2000 — 0,52% өсті. Көтеріліс көшбасшылары — машина жасау, сусын өндіру және күнделікті тұтыну тауарлары секторлары. Ірі технологиялық компаниялардың акциялары әрқилы бағытта қозғалды. Энергетика секторы WTI мұнай бағасының 2,4%-ға төмендеуіне байланысты артта қалды (Иран ядролық бағдарламасына қатысты келісім туралы қауесетке байланысты). Медициналық сақтандыру сегменті (UNH) де аутсайдер болды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан АҚШ тауарларына тарифтерді жоюды ұсынғанын айтты. Сонымен қатар, Ақ үй басшысы Apple бас директоры Тим Кукке үндеу жасап, Үндістанда өндірісті кеңейтудің орнына АҚШ-тағы қуаттарды арттыруды талап етті. Ол компанияның АҚШ экономикасына $500 млрд инвестиция салуға міндеттелгенін еске салды. Дегенмен, Apple Үндістандағы экспансияны жалғастырып, iPhone өндірісінің 25%-ын сол елге ауыстыруды жоспарлап отыр.
Сәуір айындағы бөлшек сауда болжамнан төмен болды. Бақылау тобындағы тауарлар көрсеткіші 0,2%-ға төмендеді (күтілген: +0,4%). Дегенмен, наурыз айындағы деректер жоғарырақ көрсеткішке қайта қаралды.
Сәуірдегі базалық өндіруші бағалар индексі (PPI) 0,4%-ға төмендеді (күтілген: +0,3%). Бұл динамика машина жасау өнімдері бойынша көтерме сауда маржасының төмендеуінен болды. Басқа тауарлар бағасы өзгеріссіз қалды. Өнеркәсіптік өндіріс ай бойы стагнацияда болды, аздаған өсім күтілген еді.
15 мамырдағы сөзінде ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл пайыздық мөлшерлеме саясатын қозғамады, оның орнына стратегиялық құжаттардағы ықтимал өзгерістерге тоқталды. Ол инфляция бойынша мақсатты көрсеткіш 2% деңгейінде қалатынын растады және экономиканың ұсыныс тарапынан болатын жиі соққылар кезеңіне еніп жатқанын айтты.
Компания жаңалықтары
— NetEase (NTES: +14,6%) акциялары тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін сенімді өсті. Компанияның кірісі мен акцияға шаққандағы пайда консенсусты артта қалдырды. Ең үлкен кіріс өсімі ойын сегментінде тіркелді. Youdao, Cloud Music және инновациялық жобалардағы әлсіз нәтижелер осы сегментпен өтелді. Қосымша жағымды фактор — дивиденд жариялануы.
— Deere & Co. (DE: +3,8%) нәтижелері ауылшаруашылық техникасына сұраныстың жоғары болуына байланысты болжамнан жоғары болды. Алайда таза пайда бойынша 2025 қаржы жылына арналған болжам төмендетілді, менеджмент тарифтер әсерінен маржа қысқаратынын ескертті. Дегенмен, бұл қауіптер нарық тарапынан бұрыннан бағаланғандықтан, инвесторлардың реакциясы біршама позитивті болды.
— Alibaba Group (BABA: −7,6%) қағаздары қысымға ұшырады. Компанияның кірісі мен акцияға шаққандағы пайдасы күтілімнен төмен болды. EBITDA болжамнан асып түсті, бірақ электрондық коммерциядағы әлсіз көрсеткіш бұл жетістікті жуып-шаймады. Инвесторлар жасанды интеллект саласында айтарлықтай ілгерілеудің болмауына наразы болды, әсіресе Қытайдағы тұтынушылық белсенділіктің төмендеуі аясында.
— Walmart (WMT: −0,5%) тоқсан қорытындысы бойынша акцияға шаққандағы пайда $0,61 болды (күтілген: $0,58). АҚШ-тағы салыстырмалы сату көлемі 4,5%-ға өсті (күтілген: 3,9%). Акциялардың аздап төмендеуі компания басшылығының тарифтік қысым әсерінен бағаның өсуі мүмкін екені туралы сақтық танытқан мәлімдемесіне байланысты болды.








