Баффет банктерден бас тартты: Сарапшылар банк акциялары туралы не дейді?

Citigroup пен Nubank-тегі үлесті сату Уоррен Баффеттің неғұрлым болжамды бизнес-модельдерге қызығушылығының артқан тұсына дәл келді.
2025 жылдың бірінші тоқсанында Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway компаниясы банк секторындағы үлесін айтарлықтай қысқартты: Citigroup капиталынан толықтай шығып, Bank of America мен Capital One-дағы үлесін азайтты. Бұдан бөлек, криптовалюталарға қатысты күмәнмен қарайтыны бұрыннан белгілі атақты инвестор Латын Америкасындағы биткойнға ең адал банктердің бірі — Nubank-тің акцияларынан да бас тартты. Дегенмен, Баффет өзінің «мәңгілік бизнес» қағидатына сай келетін American Express пен Ally Financial-ға инвестицияларын сақтап қалды.
Сарапшылар банк акциялары туралы не дейді?
Morgan Stanley-дің АҚШ қор нарығы бойынша бас стратегы Майк Уилсон сәуір айында Citigroup пен Bank of America-ны сатып алуға лайықты акциялар тізіміне енгізді. Сарапшының айтуынша, бұл банктердің акция бағасына АҚШ-та болуы мүмкін қалыпты рецессия қаупі қазірдің өзінде ескерілген. Нарық өскеніне қарамастан, аталған банктердің бағалы қағаздары жыл басындағы шарықтау шегінен әлі де айтарлықтай төмен саудаланып жатыр. Barron's басылымы бұл акцияларды тұрақты қаржылық көрсеткіштері бар сапалы циклдік активтер деп атап, егер АҚШ-тағы ақша-несие саясаты жұмсартылып, Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) мөлшерлемені төмендетсе, олар 2025 жылдың соңына қарай жылдам қалпына келуі мүмкін екенін жазады.
Дегенмен, банк акцияларына назар аударуға итермелейтін тағы бір, онша көзге түсе қоймайтын себеп бар. Barron's-тың жазуынша, нарықта кей инвесторлар жаңа сатылым толқыны туындаса, банктердің акциялары бағасы арзан болғандықтан, бүкіл нарықпен салыстырғанда аздап қана құлдырайды деп есептейді. «Банктерге қатысты оң пікірлер қисынына мыналар кіреді: кіріс қисығының тіктелуі (несиелеуден түсетін банктердің табысы артады деген үмітті арттырады), акционерлерге тұрақты дивиденд төлеу және соңғы тоқсандардағы сенімді есептер. Сонымен қатар, бұл акциялардың бағалауы салыстырмалы түрде тартымды күйде қалып отыр және бұл олардың бағасын ұстап тұруға септігін тигізуі мүмкін», — дейді Trivariate Research компаниясының сарапшысы Адам Паркер. Ол портфельдік басқарушылармен тұрақты түрде байланыста болып, инвестициялық идеялар іздейді.
Алайда банктік секторға деген қызығушылық артып жатқанына қарамастан, бұл бағыттағы оптимизм асығыс болуы мүмкін деп ескертеді Barron's. Trivariate Research мәліметінше, банк акциялары нарық төмендеген кезде, әсіресе әлсіз нәтиже көрсетеді: нарық 2%-ға түссе, бұл сектор орта есеппен 5%-ға, кейде тіпті 30%-ға дейін құлдырайды.
Barron's басылымының пайымдауынша, Баффеттің шешімі Berkshire Hathaway-дің Bank of America акцияларынан қомақты қағаз пайда көргенімен байланысты болуы мүмкін. Себебі негізгі акциялар топтамасы 2017 жылы әрқайсысы 7 $ бағамен варрант арқылы сатып алынған. Қазіргі уақытта бұл акциялар шамамен 45 $ бағамен саудаланып жатыр. Бұл 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы орташа бағамен шамалас.
Berkshire-тің банк акцияларын сатуы Баффеттің өсу әлеуеті жоғары салаларға бет бұрғанын көрсетеді. Әсіресе, тұтыну тауарлары секторына қызығушылығы байқалады. Бұл туралы акцияларды талдау платформасы AInvest FinTech сайтында жазылған.
Баффет сенім артқан банктер
Уоррен Баффет ұзақ жылдар бойы банк секторын қолдап келгенімен, соңғы бірнеше тоқсанда ол тек екі банктің акцияларын сақтап қалды: American Express пен Ally Financial. The Motley Fool сарапшысы Мэтт Франкельдің пікірінше, бұл екі қаржы ұйымы Баффеттің классикалық инвестициялық стратегиясына толықтай сай келеді: бизнес-моделі түсінікті, табыс көзі алдын ала болжауға болады, әрі өз нарығында мықты позицияға ие.
Amex — Berkshire портфеліндегі көне активтердің бірі. Соңғы 10 жылда бұл акциялар инвесторларға 300%-дан астам табыс әкеліп, S&P 500 индексінен шамамен 90 пайыздық пунктке жоғары нәтиже көрсеткен. Бұл банктің актив сапасы жағынан да көрсеткіштері өте жоғары: несиелік карталар бойынша шығындар Capital One-мен салыстырғанда үш есе аз.
Ал Ally Financial — АҚШ-тағы автонесиелеу нарығындағы ең ірі ойыншы. Компанияның клиенттік депозиттері 140 млрд доллардан асады, әрі сарапшы Франкельдің айтуынша, егер мөлшерлемелер төмендесе, оның пайыздық маржасы (табысы) арта түседі.








