Adobe-тың ЖИ-ға салған инвестициясы қайтарыла бастады

Adobe жылдық қайталанатын табысы ЖИ функциялары бар өнімдерден $5 млрд-тан асқанын хабарлады және ағымдағы тоқсанға мықты болжам берді. Бұл компанияның жасанды интеллектке негізделген мүмкіндіктерге инвестициясының нәтижесін көрсетеді, деп жазады Bloomberg. Бұған дейін инвесторлар ЖИ енгізу креативтік индустрияға арналған софт өнімдерінің танымалдығын төмендетуі мүмкін деп қауіптенген еді. Үшінші тоқсан бойынша есеп шыққан соң Adobe акциялары постмаркетте 3%-дан артық қымбаттады.
Егжей-тегжейі
Креативтік индустрияға арналған софт әзірлеуші Adobe 11 қыркүйекте осы тоқсандағы табысы $6,08–6,13 млрд аралығында болатынын хабарлады. Bloomberg дерегінше, сарапшылар орта есеппен осы диапазонның төменгі шегін ғана күткен. Түзетілген акцияға шаққандағы пайда $5,35–5,4 болады деп күтілуде, бұл Уолл-стрит болжамынан ($5,33) жоғары. Компания жылдық болжамын да жақсартты.
Adobe өз бағдарламаларына ЖИ-функцияларды белсенді енгізіп келеді. Олар көбіне компанияның өз генеративті модельдеріне негізделген. Bloomberg атап өткендей, бұл өсімді ынталандырып отыр. Компания ЖИ-функциялары бар өнімдерден жылдық қайталанатын табысы $5 млрд-тан асқанын хабарлады. «Adobe — креативтік қосымшаларға арналған ЖИ-құралдар санатындағы көшбасшы», — деді бас директор Шантану Нарайен.
Adobe дерегінше, Fortune 100 тізіміндегі компаниялардың 99%-ы Adobe қосымшаларының бірінде ЖИ-ды пайдаланған. Ал ең ірі 50 корпоративтік клиенттің 40%-тан астамы 2023 қаржы жылы басталғалы жылдық қайталанатын табысты екі еселеген.
Есеп жарияланғаннан кейін бейсенбі күні кеңейтілген саудада Adobe акциялары 3%-ға қымбаттап, $360,7-ға жетті. Дегенмен, жылдың басынан бейсенбі күнгі негізгі сауда жабылғанға дейін компания қағаздары 21%-ға арзандаған.
Компания тағы не хабарлады?
2025 қаржы жылының үшінші тоқсанында (29 тамызда аяқталған) Adobe табысы 11%-ға өсіп, $5,99 млрд болды. LSEG сауалнамасына қатысқан Сарапшылар $5,91 млрд күтті, деп жазады CNBC. Түзетілген пайда акцияға шаққанда $5,31 болды, бұл да болжамнан ($5,18) жоғары. Таза пайда 5,3%-ға өсіп, $1,77 млрд немесе акцияға шаққанда $4,18 болды.
Цифрлық медиа бөлімі — креативтік контент пен құжаттарға арналған негізгі өнімдері кіретін бағыт — сатылымды 12%-ға арттырып, $4,46 млрд-қа жетті. Бұл сегменттегі жылдық қайталанатын табыс $18,6 млрд болды.
Сарапшыларды уайымға салған не нәрсе?
Bloomberg дерегінше, есеп алдында инвесторлар Adobe-дың ЖИ-дан табыс таба алатынына күмәнданған. Morgan Stanley сарапшысы Кит Вайс атап өткендей, соңғы айларда Уолл-стрит қолданбалы софт өндірушілерге қызығушылығын жоғалтты. Себебі ЖИ-ға бағытталған стартаптардың бәсекесі күшейді. Ұзақ уақыт бойы креативтік софт көшбасшысы болған Adobe Canva және Midjourney сияқты ойыншылардың қысымына тап болып отыр.
Алайда Goldman Sachs сарапшысы Каш Ранганның ойынша, Salesforce, Adobe және ServiceNow сияқты жазылым арқылы софт сататын SaaS-компаниялар ЖИ енгізуден ұтылмайды, керісінше күшейеді. Ранган қазіргі таңда оның таңдаулы компаниялары нарықта «көпіршік» емес, керісінше құлдырау кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтты. Бұл әсіресе қолданбалы софт өндірушілерге қатысты, олардың бағалауы айтарлықтай төмендеді, ал Snowflake пен MongoDB сияқты инфрақұрылымдық ойыншылар тұрақтырақ болып шықты. Оның пікірінше, қысым ұзақ мерзімді инвесторлар үшін мүмкіндік ашады.
MarketWatch дерегінше, Adobe акцияларын қадағалайтын 42 сарапшының 28-і «сатып алуға» (Buy, Overweight), 13-і «ұстап тұруға» (Hold), ал тек біреуі «сатуға» (Sell) кеңес береді. Уолл-стриттегі консенсус баға $470,3 болып тұр. Бұл 11 қыркүйектегі жабылу бағасынан 34%-ға жоғары.








