АҚШ акциялары төрт күндік құлдыраудан кейін өсті. Алда — Nvidia есебі

19 қарашада америкалық акциялар төрт күндік жаппай сатылымнан кейін саудаға өсіммен кірді.
Ашылған соң S&P 500 шамамен 0,4% өсіп, кейін өсімін 1%-ға дейін жеделдетті. Көгілдір фишка индексі Dow Jones басында 0,1% шамасында тербелсе, кейін 0,2%-дан жоғарылады. Технологиялық компаниялар көп шоғырланған Nasdaq Composite әуелі 0,5% күрт өсіп, кейін 1,5%-ға дейін көтерілді.
Nvidia акциясы сауда жабылғаннан кейін жарияланатын тоқсандық есептің алдында 3%-дан аса қымбаттады. Google-дың холдингі Alphabet қағазы жаңа рекорд орнатып, бір сәтте 6%-дан аса өсті.
Nvidia нарық қозғалысын анықтайды
Nvidia есебінің маңызы жоғары, өйткені компания S&P 500 индексінің 7,5%-ын құрайды. Күтпеген әлсіз есеп биыл индекстің екі таңбалы өсіміне соққы беруі әбден мүмкін, деп санайды Barron’s.
Есеп алдында Nvidia акциясының позициясы әлсіз көрінеді: соңғы айда қағаздың құны іс жүзінде өзгермеген. 2020 жылдан 2025 жылғы тамызға дейінгі кезеңде Nvidia қағазы әдетте есептен бір ай бұрын орта есеппен 9,7% өсіп келген, деп жазды Barron’s Dow Jones Market Data деректеріне сүйеніп.
MarketWatch келтірген мәлімет бойынша, технологиялық сектордағы әлеуетті «көпіршік» туралы алаңдаушылық қайта күшейген сәтте Nvidia есебін жариялағалы отыр, деп атап өтті Deutsche Bank-тың жаһандық макро және тақырыптық зерттеулер жетекшісі Джим Рейд.
Контекст
Соңғы төрт сауда күнінде АҚШ қор индекстері төмендеді. Бұған себеп, жасанды интеллектке қатысты алаңдаушылық пен ФРЖ-ның желтоқсанда мөлшерлемені тағы да төмендетуден бас тартуы мүмкін деген күдік әсер етті. Сонымен қатар, нарыққа хедж-фондтардың пайда фиксациясы және әлсіз еңбек нарығы туралы болжам қысым жасап отыр, деп жазды Barron’s.
Соңғы күндердегі құлдыраудан кейін сенімді серпілуге үміт артқан инвесторларға күтуге тура келеді, деп болжады MarketWatch келтірген 22V компаниясының бас нарықтық стратегі Деннис Дебушер. Оның айтуынша, биыл «құлдырау кезінде сатып алу» стратегиясы тиімді болып келгенімен, қазіргі жағдайда нарық айтарлықтай алға жылжымай, бірде жоғары, бірде төмен құбылып тұруы әлдеқайда ықтимал.
«Нарық «өте жалпақ» күйде қалады: қысқа мерзімді перспективада бағытсыз, бірақ күрт қозғалыстар болады. Компаниялар үшін ЖИ-ге құйылған капиталдың қайтарымы жөніндегі белгісіздік (мысалы, Oracle немесе private equity сияқты қарызы көп компанияларда) қаңтардағы есептер шыққанға дейін айқындалмайды. Аралас макродеректер «қырағы» мен «көгершін» көңіл күйі арасында ауысатын, сюжетке негізделген сауданы қалыптастырып жатыр, ал алдағы айларда тағы да көп дерек жарияланады», — деді Дебушер.
New Constructs бас директоры Дэвид Трейнер акциялардың соңғы төмендеуін «демалыс сәті» деп сипаттады. Оның пікірінше, MarketWatch жазғандай, ұзақ уақыт бойы кез келген жаңалық позитив ретінде қабылданып келгендіктен, нарық жыл соңына дейін құбылмалы болып қалуы мүмкін.








