БастыЖаңалықтар
Бөлісу

АҚШ Boeing 737 Max ұшақтарын өндіру шегін ұлғайтты. Акциялар қымбаттады

Ринат Таиров

Ринат Таиров

Oninvest тілшісі
АҚШ Boeing 737 Max ұшақтарын өндіру шегін ұлғайтты. Акциялар қымбаттады

АҚШ-тың Азаматтық авиация федералдық басқармасы (FAA) Boeing компаниясының ең танымал үлгісі — 737 Max ұшағын өндірудің айлық шегін ұлғайтты. Бұл шешім ұшақтың әуеде есік қақпағы түсіп кеткен оқиғасынан кейін алғаш рет қабылданып отыр. Ұзақ уақыттан бері жеңілдетуді күткен Boeing акциялары постмаркетте 1%-дан астам өсті.

Егжей-тегжейі

Reuters агенттігінің хабарлауынша, FAA Boeing 737 Max ұшақтарын өндіру шегін айына 38-ден 42 данаға дейін арттырды. Мұндай шектеу алғаш рет 2024 жылдың қаңтарында енгізілген еді және осы уақытқа дейін өзгермеген.

FAA өкілдері Boeing зауыттарында мұқият тексеріс жүргізіп, өндіріс көлемін аздап арттырудың қауіпсіз болатынына көз жеткізгенін айтты.

Boeing CNBC-ге берген түсініктемесінде өндіріс көлемін ұлғайту бойынша жеткізушілермен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

17 қазандағы кеңейтілген сауда кезінде Boeing акциялары 2,7%-ға дейін қымбаттап, кейін өсім 1,5%-ға дейін баяулады. Негізгі сессияда баға 0,5%-ға өсіп, 212,94 долларға жетті.

Маңызы неде?

FAA шешімі Boeing үшін бетбұрыс сәт болды. Екі жыл бұрын Alaska Air ұшағында болған апаттан кейін компания қауіпсіздік дағдарысына ұшыраған еді. Енді FAA компанияға деген сенімін арттырған көрінеді.

Bloomberg жазуынша, өндіріс көлемін арттыру — Boeing үшін қаржылық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Компания 2018 жылдан бері жылдық таза пайда көрсете алмады.

Қазан айының ортасында Boeing соңғы жеті жылдағы ең жақсы жеткізу көрсеткішіне жетті: үш айда тапсырыс берушілерге 160 ұшақ тапсырылған. Егер осындай қарқын сақталса, жылдық нәтиже де рекорд болмақ. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Boeing 440 коммерциялық ұшақ шығарды. Бұл көрсеткіш әлі де еуропалық Airbus компаниясынан төмен — ол осы кезеңде 507 ұшақ жеткізген.

Контекст

Тергеу нәтижесінде Alaska Air ұшағындағы есік қақпағының түсуіне зауыттан шығар кезде төрт маңызды болттың болмауы себеп болғаны анықталды. Сол оқиғадан кейін FAA айлық шекті 38 ұшақ деңгейінде бекіткен, бұл сол кездегі нақты өндіріс көлемінен жоғары болған.

Boeing 737 Max бағдарламасы бұған дейін де қиындыққа тап болған. 2018 және 2019 жылдары болған екі әуе апатынан 346 адам қаза тапқаннан кейін бұл үлгідегі ұшақтардың көкке көтерілуі әлем бойынша екі жылға жуық уақытқа тоқтатылған еді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары