Boeing соңғы жеті жылдағы ең жоғары жеткізілім көлеміне қол жеткізді

АҚШ-тың аэроғарыш алпауыты Boeing үшінші тоқсанда 160 ұшақ жеткізіп, 2018 жылдан бергі ең үздік нәтижеге жетті. Бұл компанияның өндірістік дағдарыстан кейін біртіндеп қалпына келе бастағанын көрсетеді, деп хабарлайды Bloomberg. Қазір Boeing мемлекеттік реттеушіден (FAA) тар фюзеляжды ұшақтардың өндірісін белгіленген шектен асыруға рұқсат алуға ұмтылып отыр.
Егжей-тегжейлі
Boeing үшінші тоқсанда тапсырыс берушілерге барлығы 160 әуе кемесін тапсырды. Бұл — соңғы жеті жылдағы ең жоғары тоқсандық көрсеткіш. CNBC-дің мәліметінше осындай қарқын жылдық көрсеткіштің де рекорд жаңартуына әкелуі мүмкін.
2025 жылдың тоғыз айында компания 440 коммерциялық ұшақ шығарды. Салыстыру үшін еуропалық Airbus сол кезеңде 507 ұшақ жеткізген (Reuters).
Қыркүйекте Boeing тапсырыс берушілеріне 55 ұшақ, оның ішінде 41 дана 737 сериясын тапсырды. Бұл модельдің айлық өндіріс қарқыны екінші тоқсандағы 38-ден үшінші тоқсанда 40 ұшаққа дейін артқан. Жеткізілім жаңа өндірілген борттармен қатар бұрын дайындалып, бірақ тапсырыс берушілерге әлі берілмеген ұшақтар есебінен де жүзеге асуда — осылайша компания 737 Max қорларын азайтып жатыр.
Қыркүйек айында Boeing 96 жаңа тапсырыс алып, тек бір ғана бас тарту тіркелді. Жыл басынан бері таза тапсырыстар көлемі 870 ұшақты құрады (Bloomberg).
Акциялардың реакциясы
14 қазандағы сауда барысында Boeing акциялары 1%-дан астамға қымбаттағанымен, кейін өсімін жоғалтып, күнді 0,6% төмендеумен, яғни $214,3 деңгейінде аяқтады. Бұл АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығыстары салдарынан S&P 500 индексінің төмендеуіне байланысты болды. Дегенмен постмаркеттік саудада қағаздар 0,1%-ға қайта өсті.
Контекст
Boeing АҚШ-тың Федералды азаматтық авиация басқармасынан (FAA) тар фюзеляжды ұшақтар өндірісін 10%-ға арттыруға рұқсат алуға тырысуда.
«Біз рұқсатқа жақынбыз деп ойлаймын», — деді қыркүйекте компанияның бас директоры Келли Ортберг. Оның айтуынша, Boeing жыл соңына дейін ай сайын 42 ұшақ шығаруға ниетті.
Бұл шешім компания үшін ақша ағынын арттырудың маңызды қадамы болмақ. Bloomberg-тің хабарлауынша, Boeing жеткізушілеріне осы айдан бастап өндіріс көлемін көбейту мүмкіндігін ескерткен және 2026 жылы екі рет арттыруды жоспарлап отыр.
Өткен жылы компания тек 291 ұшақ қана жеткізген болатын — оған жұмысшылардың ереуілі мен бақылау талаптарының күшеюі себеп болды. Соңғы бірнеше жылда Boeing өндіріс сапасын бақылауға байланысты туындаған қиындықтардың салдарын еңсеруге тырысып келеді.
«Самолет дипломатиясы»
2025 жылы Boeing АҚШ президенті Дональд Трамптың «ұшақ дипломатиясынан» да пайда көруде.
Мысалы, жаңа келісімдердің бірі — Turkish Airlines компаниясына арналған 50 Dreamliner ұшағын жеткізу туралы келісім. Ол 25 қыркүйекте Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Ақ үйге сапарынан кейін жасалған.
Тамызда Korean Air компаниясы 103 ұшаққа, ал Qatar Airways — АҚШ президентінің Дохаға сапары кезінде 160 кең фюзеляжды ұшаққа тапсырыс берді.
Сауд Арабиясы да 30 ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр.
Bloomberg 21 тамыздағы мәліметінде Boeing Қытайға 500 ұшақ жеткізу туралы келісімге жақындағанын хабарлады. Қытай компания үшін ең ірі және стратегиялық нарықтардың бірі болып қала береді.








