«Бастаманың соңы»: скептик-талдаушы Boeing акцияларын сатып алуға неге кеңес беруде?

Vertical Research Partners зерттеу компаниясының талдаушысы Роб Сталлард бес жыл бұрын Boeing акцияларының рейтингін «бейтарап» деп төмендеткен еді. Енді ол бұл бағалы қағаздарды сатып алуға кеңес беріп отыр. Оның болжамынша алдағы уақытта акциялар құны шамамен 17%-ға өсуі мүмкін. Сарапшы Boeing 2024 жылғы қиындықтардан кейін қалпына келе бастады және 2026 жылы қайтадан пайда көре бастайды, деп отыр.
Егжей-тегжейлі
Vertical Research компаниясының сарапшысы Роб Сталлард Boeing акцияларының рейтингін «бейтараптан» «сатып алуға болады» (Buy) деген деңгейге көтерді. Сонымен қатар, ол компания акцияларының мақсатты бағасын $242-дан $270-ға дейін көтерді — бұл 8 қыркүйектегі жабылу бағасынан 17%-ға жоғары. Айта кетейік, Сталлард 2020 жылдың басында Boeing рейтингін төмендеткен болатын — бұл пандемия басталар алдындағы кезең еді.
Сарапшы өз болжамында Уинстон Черчилльдің әйгілі сөзін келтірді: «Бұл әлі соңы емес. Бұл тіпті соңының бастауы да емес. Бірақ, мүмкін, бұл бастаманың соңы». Бұл – 1942 жылы Ұлыбританияның нацистік Германияға қарсы алғашқы маңызды жеңісінен кейін айтылған сөз. Яғни, жол ұзақ, бірақ бетбұрыс сәті өтті дегенді білдіреді.
9 қыркүйекте Boeing акциялары 0,6%-ға өсіп, $231 болды. Жыл басынан бері акциялар 30,5%-ға қымбаттады.
Vertical Research неге болашағына сенімді?
Barron’s басылымы келтірген Сталлардтың сөзінше: әуеғарыш саласына деген сұраныс тұрақты күйінде қалуда; Boeing-тың жеткізу тізбегіндегі мәселелер біртіндеп шешілуде; қорғаныс бағыты да тұрақталып келеді — бұл сала пандемия кезіндегі инфляцияға байланысты көп шығынға ұшыраған еді.
Сарапшы компания ішіндегі мәдени өзгерістерге де назар аударады. «Бұл нақты көрсеткіштермен өлшеу қиын, бірақ біз Boeing ішкі мәдениетін жақсарту бағытында алға жылжып жатқанын байқаймыз. Бұрынғыдай тәкаппарлық азайып, компания серіктестері мен клиенттері арасында сенім арта бастады», — дейді ол.
Сталлардтың болжамынша 2025 жылы Boeing бір акцияға $2,36 шығын көрсетеді; 2026 жылы бір акцияға $2,86 пайда табады; 2027 жылы бұл көрсеткіш $6,2-ға дейін өседі.
Пайда өсімінің негізгі себебі — ұшақ жеткізу көлемінің артуы. Келесі жылдары: 2025 — 580 ұшақ, 2026 — 680 ұшақ, 2027 — 760 ұшақ жеткізу жоспарланған.
Контекст
Boeing 2018 жылдан бері жылдық пайда көрсете алмай келеді. Бұған ұшақ апаттары мен COVID-19 пандемиясы себеп болды. Ал 2024 жыл сәтсіз басталды — Alaska Airlines ұшағының рейсі кезінде есік қақпағы ұшып кеткен оқиға компания беделіне үлкен соққы болды. Тергеу кезінде есік панелінде бірнеше бекітпе болмағаны анықталды. Бұл оқиға Boeing-тың корпоративтік мәдениетінің әлсіреуін көрсетті. Осы жағдайдан кейін компания басшысы ауысты — Дэйв Калхунның орнына Келли Ортберг келді.
2025 жылы Boeing бірқатар ірі келісімшарттарға қол жеткізді: Korean Air — 103 ұшаққа тапсырыс; Qatar Airways — кемінде 160 кең фюзеляжды ұшақ (АҚШ президенті Дональд Трамптың Дохаға сапары кезінде жасалған келісім); Сауд Арабиясы — 30 ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр; Қытай — Bloomberg мәліметіне сәйкес 500 ұшаққа дейін жеткізу туралы келісімге жақындаған.
2025 жылдың қаңтар-шілде аралығында Boeing шамамен 700 ұшаққа тапсырыс алды. 2024 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш небәрі 230 болған.
Компания қазіргі таңда 6500-ден астам орындалмаған тапсырысқа ие. Ресми деректер бойынша бұл көрсеткіш 6000-ға жуық. Бұл дегеніміз — қазіргі өндіріс қарқынымен алғанда 10 жылдық жұмыс көлемі. Сондықтан басты міндет — өндіріс қарқынын арттыру.
Сарапшылар не дейді?
FactSet деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Boeing акцияларын бақылап отырған сарапшылардың 81%-ы оларды сатып алуға кеңес береді. Ал бұл көрсеткіш жалпы S&P 500 индексіндегі орташа деңгейден (55%) әлдеқайда жоғары. Wall Street сарапшыларының орташа болжамы бойынша Boeing акцияларының бағасы $260,3 болуы тиіс — бұл 9 қыркүйектегі жабылу бағасынан 12,6%-ға жоғары.








