АҚШ индексі ЖИ-акциялардың жапай сатылуы мен еңбек нарығының әлсіреуінен құлап жатыр

11 қарашадағы сауда ашылғаннан кейін АҚШ қор нарығындағы өсім тоқтады. Жасанды интеллектпен байланысты ірі компаниялардың акциясы шамадан тыс бағалануы мүмкін деген алаңдаушылықтың аясында төмендеді, ал трейдерлер еңбек нарығының әлсіреу белгілерін көрсететін жаңа деректерді талдады, деп жазды Bloomberg.
S&P 500 индексі технология және коммуникациялық қызметтер секторларындағы акциялардың құлдырауы салдарынан сауда күнін 0,2%-дық төмендеумен бастады. Чип өндіруші Nvidia индекске ең көп қысым көрсетті — оның акциясы ірі инвестор SoftBank $5,83 млрд көлеміндегі үлесін сатып, қаражатты ЖИ саласындағы басқа жобаларды қаржыландыруға бағыттағаннан кейін арзандады. Технологиялық секторда сондай-ақ CoreWeave акциясы да төмендеді, себебі ол жылдық табыс болжамын қысқартқаннан кейін JPMorgan компания қағазының рейтингін «сатып алу» деңгейінен «ұстау» деңгейіне түсірді. Технологиялық Nasdaq 100 индексі 0,4 % төмендесе, өнеркәсіптік Dow Jones Industrial Average индексі 0,2 % өсті.
Miller Tabak + Co. компаниясының бас нарықтың стратегі Мэтт Мэйлидің айтуынша, нарықтағы екі күндік өсім «жалған бұрылыс» болуы мүмкін, яғни ол жақын уақытта 3 %-дан астам қысқа мерзімді төмендеуді көрсете алады. Соңғы рет мұндай құлдырау сәуір айында байқалған.
«Жасанды интеллектке деген жоғары қызығушылыққа қарамастан, нарық әлі де іргелі тұрғыдан қымбат көрінеді,» — деп жазды Sevens Report зерттеу компаниясының негізін қалаушы және президенті Том Эссей.
Citi Research дерегінше, соңғы аптада инвесторлар технологиялық акциялардың төмендеуіне көбірек ставка жасаған: Nasdaq биржасындағы жаңа қысқа позициялардың таза көлемі $3,75 млрд болды. Банк сарапшыларының айтуынша, «жаңа шорттар барлық америкалық акциялар бойынша негізгі бағытқа айналды», әрі бұл үрдіс «өткен апта бойы жылдамдаған».
ADP жұмыспен қамту есебі бойынша, 11 қарашадағы сауда ашылғанға дейін жарияланған деректерде АҚШ-тағы жекеменшік сектордағы жұмыспен қамтудың орташа қысқаруы 25 қазанмен аяқталған төрт аптада аптасына 11 250 жұмыс орнын құраған. Ал шағын бизнестегі іскерлік оптимизм индексі қазан айында алты айдағы ең төмен деңгейге түсті — бұған пайданың төмендеуі мен экономикалық болашаққа қатысты алаңдаушылықтың артуы себеп болды.
Дегенмен, сарапшылар АҚШ үкіметінің жұмысын қайта жандандыру мүмкіндігі туындаса, нарықта өсім әлеуеті бар деп санайды. JPMorgan Market Intelligence тобының пікірінше, үкіметтің қайта ашылуы нарыққа қосымша өтімділік әкелуі мүмкін, деп жазды Bloomberg.








