БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Марк Мобиус: Акциялар 30–40%-ға дейін құлдырауы мүмкін

Анна Краснова

Анна Краснова

Журналист
Марк Мобиус: Акциялар 30–40%-ға дейін құлдырауы мүмкін

Mobius Capital Partners-тің негізін қалаушы, аты аңызға айналған инвестор Марк Мобиус Bloomberg Television арнасына берген сұхбатында жасанды интеллект (ЖИ) нарығында ірі түзету жақындап келе жатқанын айтты. Оның пікірінше шамадан тыс қызығушылық пен рекордтық капитал салымдары нарықтың құлдырауын сөзсіз етеді, бірақ бұл технологияның ұзақмерзімді құндылығына күмән келтірмейді. Сонымен қатар, дамушы нарықтарда 30 жылдан астам тәжірибесі бар Мобиус жаһандық сауда құрылымындағы өзгерістер Азия елдеріне жаңа мүмкіндіктер әкеліп жатқанын атап өтті — өндірістердің ауысуы мен жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы аймақты жаңа өсім орталығына айналдыруда.

Күтпеген көпіршік

Мобиустың айтуынша АҚШ-тағы индекстер мен технологиялық компаниялардың жылдам өсуі «қауіпті эйфориямен» қатар жүріп, инвесторлар нақты бағалауларға назар аударуды қойды. Әсіресе жасанды интеллект секторы қатты қызып кетті — компаниялар бұл бағытқа бұрын-соңды болмаған қаржы салып отыр.

«Бұл сегментке қарасаңыз, онда тым көп көбік бар, — дейді ол. — Компаниялар ЖИ инфрақұрылымына триллиондаған доллар жұмсап жатыр, бұл сандар ақылға қонбайды».

Мобиус бұл инвестициялардан түсетін нақты пайда әлі анық емес екенін айтады. Көптеген корпорациялар деректер орталықтарын салып, жабдық сатып алуда асығыстық танытқан. «Мұндай айырмашылық ұзаққа созылмайды, — дейді ол. — Түзету болса, бұл 30–40% деңгейінде болады».

Сонымен бірге, инвестор бұл құлдырау қысқа мерзімді болатынын айтады:

«Аю нарығының ерекшелігі сол — ол қысқа болады. Сондықтан ұзақмерзімді инвесторлар сабыр сақтаса, ұтады. Бағалар 30–40%-ға төмендеген кезде, біз нарыққа кең құшақ жайып кіреміз — көптеп сатып аламыз».

Қытай бағытын өзгертуде

ЖИ секторындағы шамадан тыс қызу мен АҚШ нарығындағы жоғары бағалау фонында Мобиус Азияға, әсіресе Қытайға назар аударып отыр. Оның пікірінше елде саяси және экономикалық бетбұрыс жүріп жатыр. «Қытай Коммунистік партиясының ішінде үлкен өзгеріс байқалады. Саясат ашық әрі достық сипат алып келеді, бұл мені елдің болашағына сенімді етеді».

Соңғы айларда Қытай нарығының серпіні Мобиусты таңғалдырған: «Күтпеген жағдай — Қытай қазір Үндістаннан озып кетті. Мен әрдайым Үндістанның өсімін қолдап келдім, бірақ енді Қытай ілгері шығып отыр. Соңғы көрсеткіштерге қарасақ, Қытай нарығы тіпті АҚШ нарығынан да алда».

Мобиус мұны технологиялық тәуелсіздік пен жоғары технология секторындағы дамуымен байланыстырады. «Қытайдың электромобиль нарығы таңғаларлық. Мен Rolls-Royce міндім, кейін BYD көлігіне отырдым — BYD жақсырақ болып шықты. Қытай технологиясы үздіксіз жетіліп, ел технологиялық сатыда жоғары көтеріліп келеді».

Сонымен қатар, ол Қытай мен АҚШ арасындағы қатынастардың жұмсаруын ерекше атап өтті. Си Цзиньпин мен Дональд Трамптың кездесулері, әсіресе Тайвань тақырыбының көтерілмеуі, инвестордың пікірінше, жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.

Мобиус алдағы бір-екі жылда Қытай активтері қайта бағалануы мүмкін дейді: «Көптеген инвесторлар Қытайға әлі де сенімсіздікпен қарайды, бірақ егер қазіргі үрдіс сақталса, бұл өзгермек».

Алайда ол басты қауіп ретінде елдің бұрынғы қатаң саясатына қайта оралу мүмкіндігін айтады: «Егер бұл орын алса, бәрі өзгереді. Бірақ мен ондай сценарийге сенбеймін».

Дамушы нарықтар — жаңа мүмкіндік

Мобиус Қытайдағы өзгерістерді кеңірек үрдістің бөлігі деп санайды — өндірістердің басқа елдерге көшуі мен жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы Азияның дамушы нарықтарына жаңа серпін беруде.

«АҚШ-тың сауда саясатының арқасында көптеген елдер бұрын Қытай экспорттаған өнімдерді шығарып, экспорттай бастайды. Малайзия, Таиланд, Тайвань, Корея — бәрі осы өзгерістен пайда көріп жатыр».

Инвестор бұл елдердің құрылымдық артықшылықтарға ие екенін атап өтеді: өндірістік қуаттардың қайта бөлінуі аймақтық өнеркәсіп пен технологиялық өнімге тұрақты сұраныс туғызып, ұзақмерзімді өсімге жол ашады.

Мобиус Үндістанды негізгі өсім орталығы ретінде бөледі. Ел экономикасы жылына 6%-дан жоғары қарқынмен өсіп, корпоративтік табыстар инвесторлардың сенімін арттыруда.

«Үндістанның әлеуеті зор, бірақ оны жүзеге асыру үшін елге электроника мен компоненттер сияқты аппараттық өндірісті дамыту қажет. Бұл экономиканы теңгерімді етіп, экспорттық әлеуетін күшейтеді».

Алайда Мобиус Үндістандағы бюрократияны басты кедергі деп санайды: «Үндістанға инвестиция салу өте қиын. Бір рұқсат алу үшін айлар кетеді. Біз бір қорды мақұлдату үшін тоғыз ай жұмыс істедік».

Ол дамудың бір бағыты ретінде Қытаймен ынтымақтастықты көреді: «Қатынастар күрделі болғанымен, Қытайдың технологиясы мен өндірістік тәжірибесі Үндістанға әлемге өнім экспорттауға көмектесе алады. Ал Қытай үшін бұл АҚШ нарығына жанама жолмен шығудың мүмкіндігі».

Сондай-ақ, ол Тайваньнан кейінгі ең тартымды нарықтардың бірі ретінде Оңтүстік Кореяны атайды — әсіресе технология, денсаулық сақтау және тұтынушылық тауарлар секторларында. «Корея бұл салаларда керемет нәтижелер көрсетіп отыр».

Мобиус Малайзия, Таиланд және Тайваньдағы оң динамиканы да атап өтеді — бұл елдерде өндіріс өсіп, жергілікті валюталар нығайып келеді. Бұл тенденциялар Азияның жаһандық инвесторлар үшін жаңа өсім осіне айналғанын дәлелдейді.

Доллар — көмек құралы

Мобиус дамушы нарықтардың табысы сыртқы факторларға, әсіресе доллар бағамы мен орталық банктер саясатына байланысты екенін айтады.

«Күшті доллар — дамушы нарықтар үшін жақсы, өйткені олар көбірек экспорттап, көбірек доллар таба алады», — дейді инвестор.

Оның пікірінше АҚШ долларының индексі төмендеуден кейін қайта өсімге бет алды және әлеуеті зор. Бұл үрдісті Трамп әкімшілігінің экономикалық саясаты да қолдап отыр — төлем балансының жақсаруы мен кедендік түсімдердің өсуі долларға деген сенімді арттыруда.

Мобиус Азия елдерінің орталық банктері ФРЖ-дан кейін пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге дайын екенін айтады, бұл аймақтық экономикаларға қосымша серпін береді. «АҚШ нарығы әлемдегі барлық акция инвестицияларының шамамен 70%-ын құрайды. Сондықтан америкалық нарықты мұқият бақылау қажет. Егер ол төмендесе, бәріне әсер етеді», — деп түйіндеді инвестор.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары