АҚШ Novartis және Roche-пен дәрі бағасы жөнінде келісім жасасады — Bloomberg

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі алдағы күндері швейцариялық Novartis және Roche фармацевтикалық алпауыттарымен жаңа баға келісімдері туралы жариялауға дайындалып жатыр, деп хабарлады Bloomberg дереккөздері. Келісімдер Вашингтонның импорттық баж салығын арттыруынан күшейген АҚШ пен Швейцария арасындағы саудадағы шиеленісті одан әрі бәсеңдетуге ықпал етуі мүмкін, деп атап өтті агенттік.
Егжей-тегжейлі
Bloomberg дереккөздеріне сүйенсек, Ақ үй Novartis пен Roche фармгиганттарымен дәрі бағасы бойынша келісімдер дайындап жатыр, алайда тізімге өзге өндірушілер де кіруі мүмкін — егжей-тегжейі нақтылануда. Бұған дейін Pfizer, AstraZeneca және тағы бірнеше компания Трамп әкімшілігімен жекелеген препараттардың бағасын төмендету жөнінде, ал оған жауап ретінде тарифтер бойынша жеңілдіктер алу туралы келісімдер жасаған.
Тарифтік жеңілдіктердің негізгі шарттарының бірі — АҚШ-та жергілікті өндірісті ұлғайту, деді Bloomberg. Өткен аптада Novartis бас директоры Вас Нарасимхан Солтүстік Каролинадағы зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Биыл Novartis алдағы бес жылда АҚШ экономикасына $23 млрд инвестиция салуға және Cosentyx псориазға қарсы препараты үшін тікелей сату платформасын құруға уәде берді. Компания кірісінің шамамен 41%-ын АҚШ-та табады және қаржылық есептілігін доллармен ұсынады, деп жазды Bloomberg. Novartis негізгі өнімдерінің қатарында жүрекке арналған Entresto препараты бар.
Roche те осы кезеңде АҚШ-қа $50 млрд инвестиция салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Агенттік дерегінше, компания табысының жартысы АҚШ нарығына тиесілі. Негізгі препараттарының қатарында Ocrevus (көп ошақты склероз) және Tecentriq (онкология) бар.
Novartis пен Roche-тың Genentech бөлімшесі ықтимал мәміленің егжей-тегжейін Bloomberg-ке түсіндіруден бас тартты. Дегенмен, Novartis келіссөздер жүріп жатқанын растады және «америкалықтар үшін шығындарды азайтып, АҚШ пен басқа дамыған елдер арасындағы баға айырмасын жоюға мүмкіндік беретін конструктивті шешімдерге» ұмтылатынын мәлімдеді. Ал Genentech өкілі компания АҚШ әкімшілігінің бағаны төмендету мақсатын қолдайтынын және басқа елдер «биофармацевтикалық инновацияларды лайықты бағалауы тиіс» деген ұстанымды ұстанатынын айтты.
«Президент Трамп немесе әкімшілік өкілдері келісімдер туралы ресми түрде жарияламайынша, бұл тақырыптағы кез келген ақпарат расталмаған болып қала береді», — деп мәлімдеді Bloomberg-ке Ақ үй өкілі Куш Десаи.
Контекст
Қарашада Швейцария АҚШ-пен бірқатар ұлттық тауарларға, соның ішінде сағаттарға салынатын баж салығын 39%-дан 15%-ға дейін төмендету жөнінде алдын ала сауда келісіміне қол жеткізді. Бұл — АҚШ дамыған елдерге енгізген ең жоғары баж салығы болған, деп атап өтті Bloomberg.
АҚШ-тағы дәрі-дәрмек бағасы әлемдегі ең жоғары деңгейде қалып отырғандықтан, Дональд Трамп тарапынан бірнеше рет сынға алынған еді, деп жазды Bloomberg. Ал фармацевтикалық компаниялар мұндай баға қалыптастыру моделі инновация мен саланың өсуіне ықпал етеді деп санайды. Фармацевтика алтын мен жартылай өткізгіштер сияқты баж салығынан босатылғанына қарамастан, президент Трамп болашақта бұл салаға да тариф енгізу мүмкін екенін бірнеше рет ескерткен.
Жазда Трамп 17 ірі фармацевтикалық компанияға хат жолдап, мемлекеттік сақтандыру бағдарламалары аясында дәрі бағасын төмендетуді, препараттарды Trump брендімен тікелей сату платформасында ұсынуды, сондай-ақ АҚШ-тағы болашақ дәрі бағасын басқа елдердегі деңгеймен теңестіруді талап еткен. Оның орнына компанияларға баж салығын енгізуді және ықтимал реттеуді бірнеше жылға кейінге шегеру ұсынылған.
Bloomberg дерегінше, хат алғанымен, әзірге келісім жасамаған компаниялардың қатарында AbbVie, Boehringer Ingelheim, Bristol-Myers Squibb, Gilead Sciences, Amgen, Johnson & Johnson, GSK, Merck & Co., Regeneron және Sanofi бар.








