АҚШ-та инфляция күткеннен әлдеқайда төмен шықты. Бұл ФРЖ үшін нені білдіреді?

Қараша айында АҚШ-та инфляция нарық күткеннен едәуір төмен болды, деп жазады Bloomberg. Тұтыну бағалары индексі (CPI) жылдық мәнде 2,7% құрады. Ал экономистер оны 3,1%-ға дейін өседі деп болжаған еді. Бұған қоса, негізгі инфляция (азық-түлік пен энергияны есептемегенде) 2021 жылдың басынан бергі ең баяу қарқынмен өсті. Bloomberg бұл көрсеткішті «таңқаларлықтай төмен» деп бағалады.
Егжей-тегжейлі
Жалпы CPI қарашада жылдық 2,7% болды. Қыркүйекте ол 3% деңгейінде еді, ал қазан айының деректері үкіметтегі шатдаунға байланысты жарияланбады. Нәтиже сарапшылар болжамынан айтарлықтай төмен шықты.
Негізгі CPI 2,6%-ға дейін баяулады. Тіпті ең оптимистік болжамдар да 2,8% деңгейін көрсеткен. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 3% болған.
Осы деректер жарияланғаннан кейін нарық бірден оң реакция көрсетті:
S&P 500 фьючерстері шамамен 0,8%, ал Nasdaq Composite 1,4% өсті.
Бұл неге маңызды
Қазан айында үкімет жұмысының тоқтауына байланысты инфляция деректері жиналмаған. Сондықтан қарашадағы есеп айлық өзгерісті емес, негізінен жылдық көрсеткіштерді ғана қамтыды. Соған қарамастан, бұл есеп тұтынушылардың “баға қысымы бәсеңдеп келеді” деген сезімін алғаш рет нақты сандармен көрсетті.
Бұл ФРЖ үшін нені білдіреді?
Сарапшылардың пікірінше, инфляцияның баяулауы ФРЖ-дағы «жұмсақ саясатты» жақтайтындарға қосымша аргумент береді.
Bloomberg Intelligence стратегi Айра Джерсидің айтуынша егер алдағы айларда экономика әлсірей бастаса, мұндай CPI деректері ставканы тағы да төмендетуге жол ашуы мүмкін.
Fundstrat жетекшісі Том Ли бұл мәліметтер ФРЖ-ның еңбек нарығын қорғауға көбірек назар аударатынын көрсетеді дейді. Яғни экономика баяуласа, реттеуші жұмсақ саясатқа тезірек көшуі мүмкін — бұл акциялар нарығы үшін оң белгі.
Дегенмен кейбір сарапшылар сақтыққа шақырады. B. Riley Wealth стратегi Арт Хоганның айтуынша, қазан деректерінің болмауы есепте техникалық сұрақтар тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, қараша айындағы көрсеткіштерге Black Friday жеңілдіктерінің әсері де кірген болуы ықтимал.
Қорытынды
Инфляция әлі де ФРЖ-ның 2% мақсатынан жоғары, бірақ бағыт — төмен қарай. Соған қарамастан, ФРЖ 10 желтоқсанда негізгі мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, оны 3,5–3,75% диапазонына түсірді. Бұл — қатарынан үшінші рет жұмсарту қадамы.
Қарашадағы деректер жарияланғанға дейін 28 қаңтардағы отырыста мөлшерлеме тағы төмендейді деген ықтималдық 26,6% деп бағаланған және ол айтарлықтай өзгерген жоқ. Алайда нарық енді наурыз айындағы төмендету мүмкіндігін көбірек ескере бастады.
Goldman Sachs Asset Management өкілі Кей Хейгтің пікірінше ФРЖ үшін негізгі бағдар енді желтоқсан айының CPI деректері болады. Ол есеп қаңтардың ортасында жарияланып, келесі отырысқа екі апта қалғанда шешім қабылдауға маңызды негіз болмақ.








