АҚШ-тағы шатдаун аяқталуға жақын

11 қарашаға қараған түні АҚШ Сенаты ел тарихындағы ең ұзаққа созылған үкімет жұмысының тоқтауына нүкте қоятын ымыралы заң жобасын қабылдады. Құжат 12 қарашада президент Дональд Трамптың қол қоюына жіберілуі мүмкін. Сарапшылар мен букмекерлер бұл аптада шатдаунның аяқталатынына сенімді.
Егжей-тегжейлі
Заң жобасы 60–40 есебімен қабылданды — оны республикашылдардың басым бөлігі мен сегіз орташа бағыттағы демократ сенаторлар қолдады. Енді құжат республикашылдар басқаратын Өкілдер палатасына жіберіледі. Палата спикері Майк Джонсон бұл заңды 12 қарашада-ақ бекітіп, Трампқа қол қоюға жіберуді көздеп отырғанын айтты, деп хабарлайды Reuters. Ал Трамп Сенаттағы демократтармен жасалған мәмілені «өте жақсы» деп атады.
Заң жобасында көрсетілген келісімге сәйкес АҚШ-тың федералды мекемелерін қаржыландыру 2026 жылдың 30 қаңтарына дейін қайта басталады. Сондай-ақ дәл осы мерзімге Трамптың мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту жөніндегі бастамасы тоқтатылады. Алайда демократтар 2025 жылдың соңында аяқталатын, 20 миллионнан астам америкалыққа медициналық сақтандыру құнын төмендетуге көмектескен субсидияларды ұзартуға қол жеткізе алмады. Республикашылармен жасалған келісім желтоқсанда бұл субсидиялар бойынша дауыс беруді қарастырғанымен, олардың ұзартылатынына ешқандай кепілдік берілмеген, деп жазады агенттік.
Букмекерлер шатдаунның осы аптада аяқталатынына сенімді. Polymarket платформасында пайдаланушылар нақты оқиғалар нәтижесіне бәс тігеді — онда шатдаунның осы аптада тоқтайтынының ықтималдығы 96% деп бағаланған.
Нарық реакциясы
АҚШ шатдаунының аяқталуы туралы заң жобасын Сенаттың мақұлдауы алтын мен акция бағасын көтерді. Құнды металл бір түнде шамамен 3%-ға қымбаттап, Азияда бір трой унциясы үшін $4100-ден жоғары деңгейде тұрақтап тұр, деп хабарлайды Reuters.
Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 1,2%-ға, Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,3%-ға өсті. АҚШ-тың S&P 500 және Nasdaq 100 индекстеріне арналған желтоқсан фьючерстері айтарлықтай өзгерген жоқ. Ал 10 қарашада Уолл-стритте S&P 500 қазан айының ортасынан бергі ең үлкен біркүндік өсімді, ал Nasdaq 100 — мамыр айынан бергі ең жоғары көрсеткішті тіркеді.








