Шатдаун мен ФРЖ кедергі емес: Morgan Stanley 2026 жылғы ралли боларына сенуде

Уақытша саяси тәуекелдер мен АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) абайлап берген сигналдары АҚШ қор нарығының 2026 жылы өсуіне кедергі бола алмайды, деп санайды Morgan Stanley. Банк сарапшылары корпоративтік табыстардың сенімді қалпына келуіне бәс тігуде — олардың пікірінше бұл үрдіс қазірдің өзінде басталып кеткен.
Егжей-тегжейлі
«ФРЖ мәлімдемелері мен үкіметтің жұмысындағы үзіліс (шатдаун) соңғы уақытта нарықтағы баға қозғалысына қысым көрсеткенімен, бұл — тек уақытша кедергілер. Ал 2026 жыл компаниялардың табыс өсімімен ерекшеленетін сенімді кезеңге айналады», — деп жазады Morgan Stanley сарапшысы Майкл Уилсонның жазбасын Bloomberg.
Уилсонның айтуынша корпоративтік табыстардың қалпына келуінің «айқын белгілері» байқалып отыр. Америкалық компаниялар баға белгілеуде көбірек еркіндікке ие болған, яғни өз өнімдерінің құнын реттеу мүмкіндігі артқан. Сарапшы сондай-ақ табыс болжамдары бойынша теріс түзетулер азайып, қазан айының ортасынан бері табыс болжамын жоғарылатқан аналитиктер саны оны төмендеткендерден асып түскенін атап өтті.
Басқа сарапшылар не дейді
UBS сарапшыларының болжамынша АҚШ-тағы табыс өсімінің негізгі бөлігін алдағы жылы технологиялық компаниялар қамтамасыз етеді. Швейцарияның ең ірі банкі 2026 жылдың соңына қарай S&P 500 индексі қазіргі деңгейден 11% өсіп, рекордтық 7500 пунктке жетеді деп күтеді.
Oppenheimer Asset Management стратегi Джон Столцфустың пікірінше чип өндірушілер мен жасанды интеллект секторына деген үміттен бас тартуға әлі ерте. «Қазір байқалып отырған баға төмендеуі – күрделі құлдыраудың басталуы емес, жай ғана жеңіл түзету», — дейді ол.
Контекст
S&P 500 индексі үшінші жыл қатарынан өсіп келеді — қаңтардан бері ол 14%-ға көтерілді. Алайда өткен апта АҚШ технологиялық секторына биылғы ең ауыр кезеңдердің бірі болды: Palantir мен Nvidia акцияларының құлдырауы Nasdaq Composite индексінің 3%-ға төмендеуіне әкелді. Аптаның соңғы сессиясында аздап қалпына келгенімен, Nasdaq Composite сәуірдің басындағы «Босату күні» кезінен бері ең әлсіз апталық нәтижесін көрсетті. Сол кезде президент Дональд Трамп сауда серіктестеріне қарсы ауқымды баж салығын жариялаған еді, деп жазады Yahoo Finance. S&P 500 индексі апта ішінде 1,7%-ға, ал Dow Jones Industrial Average 1,3%-ға азайды.
10 қарашада S&P 500 фьючерстері қайта өсе бастады — себебі республикалықтар мен бірнеше демократ сенаторларының қолдауымен Сенат үкіметтің ең ұзақ мерзімді шатдаунын аяқтауға мүмкіндік беретін резолюцияны қабылдады.
Сонымен қатар америкалық корпорациялардың үшінші тоқсандағы табыстары күткеннен жоғары болды: S&P 500 құрамындағы компаниялардың 90%-ы есеп берген кезде, жиынтық пайда бойынша консенсус-прогноз жылдық өсімді 13,1% деңгейінде көрсетіп отыр. Бұл — қыркүйек соңындағы 7,9% болжамынан әлдеқайда жоғары, деп атап өтеді Yahoo Finance.








