АҚШ-тан кету: Ірі қорлар дамушы нарықтарға неліктен көбірек қаржы құя бастады?

Қорларды басқаратын инвесторлардың болжамынша алдағы бір жылда MSCI Emerging Markets индексі 15%-ға өседі, ал дамыған елдер индексі небәрі 10%-ға жоғарылайды. Дамушы нарықтарға деген қызығушылықты ірі ETF-терге қаражат ағымы, орталық банктердің жұмсақ саясаты және АҚШ-тың ФРЖ мөлшерлемесін төмендетеді деген күтулер күшейтіп отыр.
Егжей-тегжейлі
Алдағы бір жылда дамушы нарықтардың (EM, emerging markets) табыстылығы дамыған елдер көрсеткішінен асып түсуі мүмкін. MSCI Emerging Markets индексі жыл соңына дейін шамамен 15%-ға өссе, дамыған елдердің акцияларын қамтитын MSCI World индексі 10%-ға жоғарылауы ықтимал. Мұндай болжамды Fidelity International, T. Rowe Price және Ninety One Plc сарапшылары Bloomberg-ке берген түсініктемесінде келтіріп отыр. Бұл бағалау АҚШ президенті Дональд Трамп сәуір айында жаңа тарифтік саясат жариялағаннан кейін екі топ активтері дерлік қатар өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Нақты инвестициялық ағындар да бұл қызығушылықты дәлелдеп отыр. Сәуірден бері ірі iShares Core MSCI EM ETF-іне $5,8 млрд (қор активтерінің 5,8%-ы) құйылса, Vanguard FTSE Developed Markets ETF-іне $5,6 млрд (3,3%) түскен.
EM-ге қолдау көрсететін факторлар
Сарапшылардың пікірінше, дамушы нарықтарды үш негізгі фактор қолдап отыр:
АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) күтілетін саясатты жұмсартуы;
Америкалық активтерге қызығушылықтың төмендеуі;
Дамушы елдердегі үнемді бюджет саясаты.
Қосымша артықшылық – қалыпты инфляция деңгейі.
Fidelity қорының Сингапурдағы менеджері Джордж Эфстатопулос: «Дамушы нарық акцияларын жергілікті орталық банктердің жұмсақ монетарлық саясаты, несие беруді және тұтынуды ынталандыруы, сондай-ақ әлсіз доллар қолдап тұр» – дейді.
Оның айтуынша әлемдегі ең ықпалды орталық банк – ФРЖ да алдағы тоқсандарда мөлшерлемелерді қайта төмендетуі ықтимал. Бұл үміт Джексон-Хоулдегі ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің сөзімен күшейе түсті. Инвесторлар 16–17 қыркүйек отырысында ставканы төмендетеді деп күтуде.
Ninety One қорының басқарушысы Арчи Харт дамушы елдердегі қатаң әрі болжамды бюджет саясаты олардың басымдығы болып қала беретінін айтып отыр.
«Бұл елдердің үкіметтері абайлап, прагматикалық әрекет етеді, ал нарықтық тәртіп оларға дамыған экономикалардағыдай үлкен тапшылық жинақтауға мүмкіндік бермейді», – дейді ол.
T. Rowe Price сарапшылары болса, мультиактивті портфельдерде EM акцияларының үлесі жоғары екенін атап өтуде, олар дамыған елдер акцияларынан арзан, бірақ пайда өсімінің әлеуеті жоғары. Валюта ішінде бразилиялық реал ерекшеленіп отыр, оны қазір жоғары мөлшерлемелер мен бюджет күтілімдерінің жақсаруы оны қолдап тұр.
Облигациялар да тартымды көрінуде, себебі, инфляция қалыпты. Мысалы, 2024 жылы дамушы нарықтарға арналған Citi инфляциялық тосынсыйлар индексі орта есеппен –19 деңгейінде болды (2022 жылы 40-тан жоғары болған). Ал G10 елдері бойынша көрсеткіш шілдеде –12-ге тең. Эфстатопулостың айтуынша былтыр EM нарығын қолдаған факторлар – инфляцияның төмендеуі және бюджет тапшылығының бақылауда болуы – биыл да сақталып отыр. Ал дамыған елдер керісінше, өсіп келе жатқан қарыз және бюджеттік теңгерімсіздікпен бетпе-бет келуде.
Нарық динамикасы
Сәуірден бері MSCI Emerging Markets индексі шамамен 14%-ға көтерілді – бұл MSCI World индексінің өсімімен бірдей. Инвесторлар Трамптың тарифтік қауіптерін көбіне саудаласудың бір бөлігі ретінде қабылдауда. Облигациялар нарығында да көрсеткіштер ұқсас: EM облигацияларының Bloomberg индексі 4%-ға, ал дамыған елдердің облигациялары 3%-ға артты.








