Ақ үй GameStop-тың «мемге» айналған акцияларының раллиіне себеп болды

GameStop акциялары дүйсенбі күнгі сауданы 5% өсіммен бастады. Бұған Ақ үйдің X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында бейнеойын сатушысының жазбасын репост жасап, оған Дональд Трамптың суреті бар иллюстрацияны қоса жариялауы себеп болды.
Бейнеойын сататын GameStop желісі сенбі күні Xbox (Microsoft) компаниясының танымал Halo ойыны алғаш рет Sony-дің PlayStation консольдерінде қолжетімді болатынын хабарлады. Бұл кросс-платформалық режимді қолдайды. Компания бұл шешім «ойын консольдері арасындағы соғысты тоқтатады» деп жазды. Бұған дейін Halo тек Xbox-қа арналған эксклюзив болған еді — алғаш рет 2000-жылдардың басында шыққан.
Жексенбіде Ақ үй GameStop-тың бұл хабарламасын репост жасап, оған Трамптың Halo-дағы бас кейіпкер Мастер Чифтің әскери киімінде бейнеленген мэмін қосты. Суретте Трамп Halo-дағы энергетикалық қылышты ұстап, АҚШ туына сәлем беріп тұр. Жазбада GameStop-тың ұранына сілтеме жасалып, «Power to the Players» деп жазылған. Бұл пост 10 миллионнан астам қаралым жинады.
MarketWatch жазуынша, бұл ерекше мэм біртүрлі көрінсе де, аса тосын емес. Себебі GameStop бас директоры Райан Коэн сайлау науқаны кезінде Дональд Трампты ашық түрде қолдаған.
Жыл басынан бері GameStop акциялары 25,7%-ға арзандаса, S&P 500 индексі 15,6%-ға өсті.








