Алтын өндіретін Newmont пайдасы күткеннен жоғары болды. Акциясы неге құлдырады?

Алтын өндіретін Newmont акциясы АҚШ-тағы негізгі сауда басталғаннан кейін 8% құлдырады. Бір күн бұрын компаниясы үшінші тоқсандағы табысы мен пайдасы туралы хабарлады. Көрсеткіш алтын бағасының айтарлықтай қымбаттауының арқасында сарапшылардың болжамынан жоғары болды — баға бірнеше рет тарихи рекордты жаңартқан. Неліктен инвесторлар биыл акция 140% өскеннен кейін жаппай сата бастады?
Егжей-тегжейлі
Newmont акциясының құны 24 қазанда Нью-Йорктегі сауда басталған алғашқы минуттарда 8%-дан астам төмендеп, $81,29 түсті. Бұл — соңғы екі айдағы минимум.
SeekingAlpha жазуынша, котировканың төмендеуіне себеп — өндіру көлемінің азаюы, соның салдарынан компания алтынның рекордтық жоғары бағасынан толық пайда көре алмады. Ал Barron’s басылымы атап өткендей, сарапшылар Newmont котировканың төмендеуін алтын бағасының соңғы күндері арзандауымен және ұзақ раллиден кейін инвесторлардың пайдасын бекітуімен байланыстырады.
Bloomberg мәліметінше, жыл басынан бері акция шамамен 140% өскеннен кейін, бұл саладағы орташа көрсеткішке тең, инвесторлар нарықтағы түзетуден қауіптеніп, бір бөлігін сата бастаған. Ал алтынның спот бағасы жұма күні 0,3% төмендеп, шамамен $4113-ға дейін түсті.
Компания не хабарлады?
Алтын өндіретін Newmont 30 қыркүйекте аяқталған тоқсанда таза пайдасы $1,8 млрд немесе акциясына $1,67 болғанын хабарлады. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі еседей жоғары (сәйкесінше $922 млн және $0,8). Бір реттік факторларды есептемегендегі түзетілген пайда акциясына $1,7 құрады, ал сарапшылар $1,4 деп болжаған, деп жазды The Wall Street Journal FactSet деректеріне сілтеме жасап.
Бұдан бөлек, табыс 20% өсіп, $5,5 млрд-қа жетті, ал сарапшылар тек $5,2 млрд күтті, деп қосты басылым. Алайда алтын өндірісі жылдық мәнде 15% азайды — бұған кен құрамындағы алтынның төмендеуі, екі кен орнындағы техникалық қызмет және тағы бір рудниктегі өндірістің аяқталуы себеп болған, деп түсіндірді Seeking Alpha.
Bloomberg жазуынша, компания кейбір бағыттарда шығынның азаюын тіркей бастағанын мәлімдеді. Бұл — зейнетке шығуға дайындалып жатқан бас директор Том Палмердің шығындарды қысқарту шараларының нәтижесі. Ол бұл қадамдарды аустралиялық алтын өндіруші Newcrest Mining компаниясын $15 млрд-қа сатып алу мәмілесі аяқталғаннан кейін іске асырған. Алтын өндірушілер үшін негізгі тиімділік көрсеткіші — AISC (All-in Sustaining Costs) — соңғы тоқсанда унциясына $1,56 болды. Бұл көрсеткіш бәсекелестермен салыстырғанда әлі де жоғары, бірақ орташа бағалаудан шамамен 6%-ға төмен және өткен жылмен салыстырғанда 3% аз, деп атап өтті Bloomberg.
Newmont мәлімдемесінде: «Компания шығынды азайту бағдарламаларының толық әсерін 2026 жылға арналған болжамда көрсетеді. Бұл болжам келесі жылы жарияланады», — делінген.
Контекст
Биыл алтынның спот бағасы бірнеше рет рекорд жаңартып, 52%-дан астам өсті. 10 қазанда оның құны алғаш рет унциясына $4000-дан асты, ал 20 қазанда $4360-ға дейін жетті. Алайда кейін инвесторлар пайдасын бекітіп, жаппай сата бастады — нәтижесінде баға екі күн ішінде шамамен 6% құлдырап, соңғы 12 жылдағы ең ірі төмендеуді көрсетті. Бұл құлдырау алтынмен қамтамасыз етілген ETF қорларынан ірі қаражат әкетумен тұспа-тұс келді: 22 қазанда олардың жиынтық қоры соңғы бес айдағы ең күшті қысқаруды көрсетті, деп хабарлады Bloomberg.








