Алтын тарихта алғаш рет бір унция үшін $4400 деңгейінен асты. Нарықты не қозғап отыр?

22 желтоқсанда алтын алғаш рет тарихта бір трой унциясы үшін $4400 деңгейінен асты. Бұған АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелердің алдағы уақытта одан әрі төмендейді деген күтулер мен геосаяси шиеленістің күшеюі себеп болды. Күміс те бұл раллиге қосылып, тарихи максимумға жетті.
Егжей-тегжейлі
Дүйсенбі, 22 желтоқсан күні таңертеңгі сауда барысында алтынның споттық бағасы бір унциясы үшін $4400 межесінен асып, тарихтағы рекордтық деңгей — $4400,29-ға жетті. Спот күміс 3,3%-ға қымбаттап, бір унциясы $69,44 деңгейіндегі тарихи максимумды жаңартты. АҚШ-та ақпан айында жеткізілетін алтын фьючерстері 1%-ға өсіп, бір унциясы $4430 болды.
Алтын дәстүрлі қорғаныс активі ретінде геосаяси және сауда шиеленісінің күшеюі, орталық банктердің тұрақты сатып алулары және 2026 жылы пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі мүмкін деген күтулер есебінен қолдау тауып отыр. Сонымен қатар доллардың әлсіреуі де алтын бағасына қосымша дем берді, өйткені бұл металды шетелдік сатып алушылар үшін арзандатады, деп жазады Reuters.
Сарапшылар не дейді
StoneX компаниясының аға сарапшысы Мэтт Симпсонның айтуынша желтоқсан айы әдетте алтын мен күміс үшін оң табыс әкелетін кезең, сондықтан маусымдық фактор да олардың пайдасына жұмыс істеп отыр. Алайда алтын осы айдың өзінде 4%-ға өскенін ескеріп, сатып алушыларға сақ болған жөн, себебі жыл соңында сауда белсенділігі төмендейді, ал пайда фиксациясының ықтималдығы, керісінше, арта түседі, деп ескертті Симпсон.
«Бүгінгі раллидің басты себебі — ФРЖ мөлшерлемені төмендетеді деген күтулерге байланысты ерте позиция алу, ал бұл әсер жыл соңындағы төмен өтімділік жағдайында күшейіп отыр», — дейді Pepperstone стратегия бөлімінің маманы Дилин Ву. Оның айтуынша АҚШ-та қараша айында жұмыспен қамтудың әлсіз өсуі мен инфляцияның күткеннен төмен болуы алдағы уақытта мөлшерлемелерді одан әрі төмендету туралы болжамдарды нығайтты.
Контекст
2025 жылдың басынан бері алтын 67%-ға қымбаттап, бір унциясы үшін $3000 және $4000 деңгейлерінен өтті. Күміс қаңтардан бері бағасын 2,4 есе өсірді. Екі бағалы металл да 1979 жылдан бергі ең күшті жылдық өсімге жақындап келеді. Ол жылы мұнай дағдарысы мен Ирандағы Ислам революциясы салдарынан бағалар күрт көтерілген еді.
Өткен аптада жарияланған макроэкономикалық деректерден кейін трейдерлер АҚШ Федералдық резерв жүйесі 2026 жылы пайыздық мөлшерлемелерді екі рет төмендетеді деп күтуде, деп хабарлайды Bloomberg. Әдетте мөлшерлемелердің төмендеуі пайыздық табыс әкелмейтін бағалы металдардың бағасына оң әсер етеді.
Соңғы күндері геосаяси жағдайдың ушығуы алтын мен күмістің қорғаныс активі ретіндегі тартымдылығын арттырды. АҚШ Венесуэлаға қатысты мұнай блокадасын күшейтті, ал Украина Жерорта теңізінде Ресейдің «көлеңкелі флотына» тиесілі деп есептелетін танкерге алғаш рет шабуыл жасады. Мұндай кемелер санкция салынған ресейлік мұнайды тасымалдау үшін пайдаланылады.








