Amazon бұлтты бизнесінің табысы үш жылдағы үздік өсім көрсетті. Акциясы шарықтады

Amazon әлемдік онлайн-сауда алыбының бұлтты бизнесі Amazon Web Services табысы үшінші тоқсанда 20% өсіп, соңғы үш жылдағы ең жоғары динамиканы көрсеткенін хабарлады. Есеп жарияланғаннан кейін Amazon акциясы премаркет саудасында шамамен 14% өсті.
Егжей-тегжейлі
Amazon Web Services табысы үшінші тоқсанда $33 млрд-қа дейін өсті. StreetAccount сауалнамасына қатысқан сарапшылар $32,42 млрд күтті — бұл 18,1% өсімге тең болар еді, деп жазды CNBC.
AWS 2022 жылдың соңынан бергі ең жоғары өсім қарқынын көрсетті. Бұл ең ірі есептеу қуатын жалға беруші компанияның бәсекелестерінен қалып қояды деп алаңдаған инвесторларға сенім береді, деді Bloomberg. Салыстыру үшін: сол кезеңде Google Cloud табысы 33%-ға, ал Microsoft Azure өсімі 40%-ға жетті. Соған қарамастан, AWS әлемдегі ең ірі бұлтты инфрақұрылым жеткізушісі болып қала береді.
«Біз жасанды интеллектке де, негізгі инфрақұрылымға да жоғары сұранысты байқауды жалғастырып келеміз және қуаттылықты арттыруға баса назар аударамыз — соңғы 12 айда 3,8 гигаваттан астам қуат қостық», — делінген Amazon бас директоры Энди Джессидің мәлімдемесінде.
Amazon акциясы 30 қазанда есеп жарияланғаннан кейін кеңейтілген саудада14%-дан астам шарықтап, $255-ға жетті. Алайда, негізгі сауда сессиясында 3,2% төмендеп, $222,86 деңгейінде аяқталды.
Есепте тағы не көрсетілді?
Amazon-ның жалпы табысы үшінші тоқсанда жылдық мәнде 13% өсіп, $180,2 млрд құрады. Bloomberg дерегінше, сарапшылар орта есеппен $177,8 млрд күтті.
Amazon онлайн-дүкені арқылы сатылымдар 10% өсіп, $67,4 млрд болды. Жарнама бөлімшесінің табысы 24% ұлғайып, $17,7 млрд-қа жетті. Ал Amazon платформасын пайдаланатын үшінші тарап сатушыларынан түскен кіріс 12% өсіп, $42,49 млрд құрады.
Компания операциялық пайдасы $17,4 млрд болғанын хабарлады. Бұл көрсеткішке АҚШ Федералдық сауда комиссиясымен Prime жазылымдарына қатысты дауды реттеу үшін бөлінген $2,5 млрд және қысқартуларға байланысты болжамды $1,8 млрд шығындар енгізілген. Осы аптада Amazon корпоративтік сегменттен шамамен 14 мың қызметкерді қысқартатынын және 2026 жылы жұмыстан босатулардың жалғасуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Компания ағымдағы төртінші тоқсанда табыс $206 млрд–$213 млрд диапазонында болады деп күтеді, деп жазды Bloomberg. Ал операциялық пайда болжамы $21 млрд–$26 млрд аралығында — сарапшылар күткен деңгейде.
Бұлтты есептеулер неге маңызды?
Amazon бөлшек бизнесінің маржасын арттыру үшін автоматтандыруды күшейтіп, жарнама мен үшінші тарап сатушыларына арналған қызметтерден түсетін табысты өсіруге тырысуда. Алайда Bloomberg жазуынша, инвесторлардың басты назары қазір компанияның жасанды интеллектке қатысты бастамаларында.
Amazon мәтіндер мен суреттерді генерациялайтын және бизнес-процестерді автоматтандыратын ЖИ-модельдерді құру және қолдау үшін дата-орталықтары мен ЖИ-чиптерге белсенді инвестиция салуда. Үшінші тоқсанда компанияның капиталды шығындары 55% өсіп, $35,1 млрд-қа жетті — бұл сарапшылар күткеннен жоғары, деп хабарлады Bloomberg.
S&P Global сарапшысы Мелисса Оттоның пікірінше, AWS-тің мықты нәтижелері Amazon тым көп қаражатты «ЖИ-көпіршігінің» артынан қууға жұмсап жатыр деп алаңдаған инвесторларды сабырға шақырады. «AWS тамаша нәтиже көрсетіп отырғанының айқын дәлелдері бар, — деді ол Bloomberg-ке. — Бұл көпіршікке ұқсамайды. Керісінше, толық қуатында жұмыс істеп тұрған бизнес», — деді сарапшы.
29 қазанда Amazon ресми түрде құны $11 млрд болатын Project Rainier дата-орталық ашты. Ол чат-бот Claude жасаушысы Anthropic стартапының ЖИ-модельдерін оқыту және іске қосуға арналған. Amazon Anthropic-ке $8 млрд инвестиция салған және осы аптада стартап 2025 жылдың соңына дейін 1 млн Trainium2 чипін пайдаланатынын хабарлады. Компанияның хабарлауынша, Trainium2 чипімен жабдықталған дата-орталықтары толық брондалып қойған және олар Amazon-ға миллиардтаған доллар табыс әкеледі.
Сарапшылар кеңесі
2025 жыл басынан бері Amazon акциясы бар болғаны 1,6% қымбаттады. MarketWatch дерегінше, сарапшылардың көбі акцияны сатып алуға кеңес берді: 73 рейтингтің үшеуі ғана Hold (ұстап тұру), ал қалғандары Buy немесе Overweight («нарықтан жоғары»). Орташа мақсатты баға — $267,31, 30 қазандағы жабылудан 20% жоғары.








