Apple роботтарынан түсетін табыс 2040 жылға қарай $130 млрд-қа жетуі мүмкін

Morgan Stanley-дің зерттеуіне сәйкес Apple үшін келесі ірі кезең — адамға ұқсас роботтарды шығару болмақ. Инвестициялық банктың бағалауынша компанияның енді ғана қалыптасып келе жатқан робототехника бағыты жыл сайын $130 млрд табыс әкелуі мүмкін, деп жазады Yahoo Finance Morgan Stanley талдауына сілтеме жасап.
«Apple-дің тұтынушылық электроника нарығындағы үлесін және аппараттық құрылғылар мен сервистерден түсетін кірісті монетизациялау әлеуетін ескерсек, біз сақтықпен бағалаған базалық сценарий бойынша егер Apple-дің нарықтағы үлесі 15 жылдан кейін 9%-ды құраса робототехникадан түсетін табыс 2040 жылға қарай $130 млрд-қа жетуі мүмкін», — делінген Apple бойынша сарапшы Эрик Вудринг дайындаған есепте.
Ал ең оптимистік сценарийде Morgan Stanley Apple-дің роботтар нарығындағы үлесі 2040 жылға қарай 22%-ға дейін жетеді деп болжайды — бұл бүгінгі таңда iPhone-ның жаһандық нарықтағы үлесіне шамалас көрсеткіш, деп жазады Bloomberg. Мұндай жағдайда Apple-дің жылдық табысы $300 млрд-қа жуық болуы мүмкін.
Контекст
Apple бірнеше жылдан бері робототехникаға қажетті технологияларды жасап келеді. Бұл жұмысқа, атап айтқанда, жабық күйде жүрген автопилот көлігі жобасы да кіреді. Bloomberg журналисі Марк Гурманның деректеріне сүйенсек, компания iPad стиліндегі экраны бар үстелдік робот-манипулятор жасап жатыр, ол сөйлесу кезінде қолданушыға қарай бұрыла алады.
«2040 жылға қарай біз АҚШ-та жыл сайын 415 мың адамға ұқсас тұрмыстық робот сатылатынын, ал жалпы орнатылған құрылғылар саны 1,6 млн-ға жететінін болжаймыз. Бұл шамамен 1,65% үй шаруашылығына ену деңгейіне тең, — деп жазады Вудринг. — Сондай-ақ біз сол уақытта бір гуманоид роботтың орташа бағасы шамамен $30 мың болады деп күтеміз, бірақ уақыт өте келе баға төмендей береді».








