Apple жаңа iPhone-ды таныстырады: инвесторға қандай кеңес бар?

Apple компаниясының осы жылғы ең басты таныстырылымы акциясының жаңа өсу катализаторына айналады деп сеніп келген инвесторлардың көңілі әбден түсуі мүмкін, деп ескертеді Bloomberg. Сарапшылар акцияның ары қарай өсуіне драйвер көріп отырған жоқ. Ол онсызда өткен аптада антимонополиялық істегі Google-ға қарсы сот шешімінің арқасында 3%-дан астамға өсіп қойған еді.
Егжей-тегжейлі
Егер 9 қыркүйекте өтетін Apple-дің жаңа өнімдерінің презентациясы күтпеген жаңалықтар әкелмесе, компания акциясының ары қарай өсу әлеуеті шектеулі болуы әбден мүмкін: шілденің соңынан бері компания капитализациясы шамамен $430 млрд-қа артты, деп жазады Bloomberg. iPhone өндірушісіне жасанды интеллект саласындағы стратегияға қатысты сұрақтар қысым жасауда, бұл инвесторлардың ынтасын тежеп отыр, деп атап өтеді агенттік.
«Мұндай раллиден кейін шара алдында жаңа позиция ашуды немесе үлесті ұлғайтуды ұсыну қиын, — деді Bloomberg-ке Prime Capital Financial портфельді басқарушысы Клейтон Аллисон. — Біз шынымен тұтынушыларды сатып алуға шабыттандыратын серпінді функцияларды күтіп отырған жоқпыз. Егер ЖИ саласындағы артта қалу жалғаса берсе, мен компания қағаздары үшін алаңдар едім».
Сәуірдегі минимумнан 38% өскеніне қарамастан, Apple қағаздары жыл басынан бері әлі де 5%-дан астам минуста. Ал Nasdaq 100 индексі 13% өсті. Ағымдағы деңгейлер — ақпаннан бергі максимумдар шамасында — инвесторларды пайданы бекітуге итермелеуі мүмкін, мұндай жағдай бұрын да жиі қайталанған, дейді агенттік.
«iPhone презентациялары әдетте пайданы бекітуге әкеледі», — деп атап өтті Bank of America 25 тамыздағы жазбасында. Алайда сарапшы Вамси Моханның айтуынша, келесі 30–60 күнде акция, әдетте, құлдырауды қайтарады.
Жаңа өнімдер тұтынушыларды таңқалдырмаса да, Уолл-стрит кірісті өсірудің басқа жолын көреді — бағаны көтеру. Apple мұны бірнеше жыл бойы жасаған жоқ.
«Apple-дің баға көтеру қабілеті — бағаланбай жүрген өсу драйвері», — деп жазды 4 қыркүйекте Morgan Stanley сарапшылары Эрик Вудрингтің жетекшілігімен. Олардың айтуынша, бағаны көтеру шешімі мен «2026 қаржылық жылға кіріс өсіміне қатысты сақтықпен жасалған күтулердің» үйлесуі презентацияны позитивті катализаторға айналдыра алады.
«Біз Apple-ді тыныш ұстап отырмыз, бірақ аса бір энтузиазмсыз, себебі қағаз арзан емес әрі өсу әлеуеті шектеулі, — деді Bloomberg-ке Matrix Asset Advisors инвестициялар жөніндегі директоры Дэвид Кац. — Ең ірі тәуекелдер сейілді, бірақ келесі импульс тек ЖИ-ді өнімдерге енгізу жөнінде нақты жол картасы пайда болғанда ғана болады. Егер ол осы шарада ұсынылса — бұл күтпеген жаңалық болар еді. Ұзақ мерзімді перспективада акция, мүмкін, өседі, бірақ қысқа мерзімде айтарлықтай әлеует көріп тұрған жоқпын».
Apple акциясы неге өсті?
Bloomberg дерегінше, тамыз айы Apple инвесторлары үшін 2023 жылдың ортасынан бергі ең табысты ай болды: iPhone өндірушісінің котировкасы шамамен 12% өсті. Бұған президент Дональд Трамптың баж салығына қатысты алаңдаушылықтың бәсеңдеуі ішінара ықпал етті.
Сонымен қатар өткен аптада Apple қағаздары 3,3% қымбаттады, оған Google-ға қарсы антимонополиялық істегі сот шешімі себеп болды. Сот Alphabet компаниясына iPhone құрылғыларында іздеу жүйесін әдепкі бойынша орналастыру үшін Apple-ге миллиардтаған доллар төлеуді жалғастыруға рұқсат берді.
Бұдан кейін — төмендеу ма?
Күтілгендей, смартфондар қатарынан бөлек компания жаңа Apple Watch пен Vision Pro гарнитурасын көрсетеді. Негізгі сұрақ — осының бәрі акциясының өсу қарқынын жеделдетуге жеткілікті бола ма, әлде компания ұзақ уақыт бойы бәсекелестерден қалып келе ме. Бұл әсіресе озық ЖИ-функциялардың жоқтығы мен болашақтағы ірі өзгерістерге (соның ішінде 2026 жылы шығатын бүктелетін iPhone-ға) қатысты күтулер аясында маңызды, деп жазады Bloomberg.
Агенттік деректеріне сәйкес, тарихи тұрғыда Apple жаңа iPhone таныстырған күні акция жиі төмендейтін. ЖИ дәуірінде бұл қауіп күшейе түсуде: егер шара инвесторларды компанияның ЖИ бағытына нақты қадам жасап жатқанына сендірмесе, бұл әлсіз өсу мен қағаздардың артық бағалануы туралы күмәнді күшейтеді.
2025 қаржылық жылдың үшінші тоқсаны (28 маусымда аяқталды) қорытындысы бойынша Apple соңғы үш жылдағы табыстың ең жоғарғы өсімін көрсетті — 10%. Алайда Bloomberg дерегінше, сарапшылар алдағы екі тоқсанда өсу қарқынының баяулауын күтуде. Сонымен қатар Apple көрсеткіштері Alphabet пен Meta секілді бәсекелестерден төмен, олардың акциялары әлдеқайда төмен бағалау бойынша саудаланады, деп атап өтеді агенттік. Apple қағаздары келесі 12 айда компанияның бір акциясына болжанған таза пайданы 30 есе көбейткен бағада саудалануда (P/E — forward price-to-earnings ratio). Бұл Apple-ді S&P 500-дің алты ірі компаниясының ішінде қымбаттылығы бойынша екінші орынға қойып отыр (бірінші — Nvidia), деп жазады Bloomberg.
Жоғары бағалау мен әлсіз өсу комбинациясы инвесторлардың қызығушылығын суытты, деп түйіндейді агенттік. Bloomberg қадағалайтын сарапшылардың 60%-дан азы ғана Apple акциясын сатып алуды ұсынады. Салыстыру үшін, Microsoft-тың «сатып алу» рейтингі 97% сарапшыда бар. Дүйсенбі күнгі сауда қорытындысында Apple қағазы $237,9 деңгейінде жабылды — бұл Уолл-стриттің $238 консенсус бағалауымен шамалас, яғни алдағы 12 айға өсу күтулерінің сақ екенінен хабар береді.








