БастыReview
Бөлісу

Апта жаңалықтары: ФРЖ мөлшерлемесі, Alphabet $3 трлн-ға жетті, Nvidia мен Intel одағы

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Апта жаңалықтары: ФРЖ мөлшерлемесі, Alphabet $3 трлн-ға жетті, Nvidia мен Intel одағы

ФРЖ 2025 жылы алғаш рет мөлшерлемені 25 б.п.-қа төмендетіп, 4–4,25% деңгейіне түсірді және ақша-несие саясатын әрі қарай жұмсартуды болжайды. Nvidia Intel-ге $5 млрд инвестиция салып, оның ең ірі акционері атанады. Alphabet антимонополиялық жеңіс пен Gemini платформасына қатысты оптимизм аясында $3 трлн капитализация межесін еңсерді. Дональд Трамп пен Си Цзиньпин телефон арқылы АҚШ-тағы TikTok тағдырын талқылап, кездесуге келісті. 15–19 қыркүйек аралығындағы осы және өзге де оқиғалар туралы — біздің шолуда.

ФРЖ мөлшерлемені қайта төмендетеді

АҚШ Федрезерві 17 қыркүйекте негізгі мөлшерлемені 25 базистік пунктке төмендетіп, 2025 жылы алғаш рет 4–4,25% деңгейіне түсірді. Бұл — қатарынан бес отырыста еш өзгеріссіз қалғаннан кейінгі шешім. FOMC-ке АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған жаңа мүше Стивен Миран ғана мөлшерлемені бірден 50 б.п.-қа түсіруді қолдады, қалған 11 мүше сақтықпен 25 б.п.-қа төмендетуге дауыс берді.

ФРЖ биыл тағы 50 б.п., ал 2026 жылы 25 б.п. төмендетуді болжап отыр. Релизде атап өтілгендей, экономикалық өсім баяулаған, жұмыс орындар өсімі азайған, жұмыссыздық сәл артқанымен төмен деңгейде қалып отыр, ал инфляция мақсаттан жоғары.

Шешімнен кейін S&P 500 мен Dow Jones алғашында өскен, бірақ кейін кері бұрылды: S&P 500 0,3% түсті, Nasdaq шамамен 1% төмендеді. Ал несие жағдайына сезімтал small-cap акцияларына байланысты Russell 2000 индексі 2% көтеріліп, 2021 жылдан бергі рекордты жаңартты. Доллар индексі 2025 жылғы ең төменгі деңгейге түсті.

JPMorgan, Morgan Stanley және Oppenheimer сарапшылары жұмсақ саясат экономиканың әлсіздігінің сигналы ретінде қабылдануы мүмкін екенін және қыркүйектегі дәстүрлі әлсіздік аясында нарықтағы тәуекелдерді күшейтетінін ескертті. Дегенмен Citigroup пен UBS мөлшерлеменің төмендеуі өсімге бағытталған акцияларға қолдау көрсетіп, ұзақ мерзімді инвесторлар үшін мүмкіндік ашатынын атап өтті.

Тағы не оқуға болады?

— Barron’s негізгі мөлшерлеменің төмендеуі аясында өсу әлеуеті ең жоғары сегіз small-cap компанияны атады. Қай компаниялар бұл тізімге енгенін Oninvest тілшісі Мария Дранишникованың «Barron's ФРЖ мөлшерлемесін төмендетуден ұта алатын 8 шағын компания акциясын атады» мақаласынан біле аласыз.

Nvidia Intel-дің акционері болады

Nvidia Intel-ге $5 млрд инвестиция салып, шамамен 4% үлеспен оның ең ірі акционерлерінің біріне айналады. Екі компания дербес компьютер мен серверге арналған процессорды бірлесіп әзірлеуге келісті: Intel өз чиптерінде Nvidia-ның графикалық технологияларын қолданса, дата-орталықтарға арналған жабдықтарда Intel процессорларын Nvidia жеткізеді. Қаржылық шарттар жарияланбады, бірақ тараптар бұл лицензиясыз, чиптерді өзара коммерциялық негізде алмасу келісімі екенін атап өтті.

«Бұл тарихи әріптестік Nvidia-ның жасанды интеллект платформасы мен жеделдетілген есептеулерін Intel процессорлары және кең x86 экожүйесімен тығыз байланыстырады — әлемдік деңгейдегі екі платформаның тоғысуы. Бірге біз экожүйелерімізді кеңейтіп, есептеулердің жаңа дәуіріне негіз қалаймыз», — деді Nvidia басшысы Дженсен Хуанг.

Нарық мәмілеге қызу реакция танытты: 18 қыркүйекте Intel акциясы бір сәтте 30% шарықтап, сессия соңында 22% өсіммен жабылды, ал Nvidia қағаздары 3,5% қосты. Бұл серіктестік Intel-ге ұзақ дағдарыстан кейін жаңа перспектива ашады және чип өндірісі мен дата-орталық сегментінде бәсекелес TSMC мен AMD үшін тәуекелдер туғызады, деп жазды Reuters.

Сарапшылар ынтымақтастық ауқымына қатысты екіге бөлінді. Wedbush бұл «ойынды өзгертетін қадам» деп бағалап, Intel-ді ЖИ-сферасының көшбасшылары қатарына шығарады. Ал Wolfe Research сарапшысы Крис Касо: «Бұл тек саяси мақсаттағы формалды қадам ба, әлде Intel-ге нақты пайда әкелетін кең ауқымды әріптестіктің бастауы ма — әзірге белгісіз», — деп пікір білдірді.

Трамп пен Си TikTok жөніндегі келіссөздерде алға жылжыды

АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР басшысы Си Цзиньпин 19 қыркүйек, жұма күні TikTok-тың АҚШ-тағы тағдырына қатысты келіссөздер өткізді. Ақ үйдің мәліметінше, тараптар «елеулі прогресс» қол жеткізген, бірақ түпкілікті келісім жоқ, деп хабарлайды CNBC.

Трамп Қытай басшысымен әңгімесін «өте өнімді» деп атап өтті. «Біз сауда мен TikTok бойынша келісімді қоса алғанда, көптеген маңызды мәселелерде прогреске жеттік», — деді ол. Сондай-ақ, Трамп Симен 31 қазан – 1 қараша аралығында Оңтүстік Кореяда өтетін APEC саммитінде кездесуді және 2026 жылдың басында Қытайға баруды жоспарлап отырғанын айтты.

«АҚШ Қытай инвестициялары үшін ашық, әділ және кемсітусіз жағдай жасайды деп үміттенеміз», — деп жазды келіссөздер қорытындысы бойынша Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» агенттігі.

Қытайлық ByteDance-ке тиесілі TikTok федералдық заңға сәйкес не америкалық бизнесін сатылымға шығаруы, не АҚШ нарығынан кетуі тиіс. Трамп бизнес сатылымының мерзімдерін бірнеше рет ұзартқан, бастапқыда оларды Джо Байден енгізген. Енді соңғы мерзім — 2025 жылғы 16 желтоқсан.

Alphabet капитализациясы $3 трлн-нан асты

Google бас компаниясы Alphabet нарықтық капитализациясы 15 қыркүйек, дүйсенбі күнгі саудада алғаш рет $3 трлн-нан асты. Сол күні компания акциясы 4,3% қымбаттады. Өсім драйверлері — реттеуші талап еткен Chrome браузерін сату ісінің аяқталуы және Citigroup акцияға ағымдағы бағадан шамамен 10% жоғары таргет белгілеуі болды. Соңғы күндері акцияға екінші тоқсандағы мықты есеп те серпін берді: жасанды интеллект өнімдеріне сұраныс компания сатылымын қолдап отырғанын Bloomberg атап өтті.

Alphabet әлемде Nvidia, Microsoft және Apple-ден кейінгі төртінші компания болып $3 трлн капитализацияға жетті. Жыл басынан бері Alphabet қағаздары 30%-дан астам қымбаттады. Салыстыру үшін, технологиялық сектор компанияларының Nasdaq Composite индексі осы кезеңде шамамен 16% өсті. Сарапшылар жалпы оң көзқараста: Bloomberg деректері бойынша сарапшылардың 80%-дан астамы акцияны сатып алуды ұсынады, ал Уолл-стриттегі консенсус мақсатты баға $237,2 деңгейінде. Citi пікірінше, Gemini-ді жарнама мен бұлтты қызметтерде жеделдетіп енгізу және реттеушілік тәуекелдердің азаюы Alphabet үшін әрі қарайғы өсімге база қалыптастырады.

Тағы не оқуға болады?

— Alphabet, Amazon және Meta ЖИ-ға рекордтық көлемде жұмсаған қаражаттары техгиганттар үшін тәуекелге айналуы мүмкін, деп ескертті Bank of America сарапшылары. Олар неліктен алаңдаулы екенін «Қымбат ЖИ-инвестициялар Alphabet, Meta және Amazon-ға қалай соққы болады?» мақаласынан біле аласыз.

iPhone 17 алдын ала тапсырыстары былтырғыдан жылдам

Алғашқы деректер iPhone жаңа буынына сұраныс бұрынғы модельдерден жоғары екенін көрсетті. JPMorgan жаңа буын Apple смартфондарына өтініштердің өткен жылғы сатылым басталуымен салыстырғанда жылдамырақ жиналғанын тіркеді. Инвестбанк сарапшылары ең үлкен қызығушылық iPhone 17 базалық нұсқасы мен жұқа Air моделіне бағытталғанын атап өтті.

BofA Securities талдауына сәйкес, iPhone 17 жеткізу мерзімдері iPhone 11-ден бергі ең ұзақ кезеңге жеткен, ал Қытай мен Жапонияда басқа нарыққа қарағанда бір аптаға созылып отыр. Сарапшылар мұны қатты сұраныстың сигналы деп бағалайды.

Apple қағазы апта бойы iPhone 17 таныстырылымына дейінгі деңгейден төмен болғанымен, сарапшылар жалпы оң көзқараста: көпшілігі компания қағазын сатып алуды ұсынады. TF International Securities сарапшысы Мин-Чи Куоның пікірінше, алдын ала тапсырыстардың қарқынды бастауы Apple нәтижелерін үшінші тоқсанда қолдауы мүмкін.

Moody’s Oracle үшін ЖИ-серпіні мен OpenAI мәмілесі аясында тәуекел көрді

Moody’s Oracle-дың  ЖИ саласындағы бизнесін қарқынды кеңейтуі және OpenAI-мен $300 млрд көлеміндегі мәмілесінен қарыз жүктемесінің өсу қаупін ескертті. Дегенмен агенттік компания рейтингін (Baa2) өзгертпеді. Сарапшылардың айтуынша, бір клиентке тәуелділік контрагенттік тәуекелді күшейтеді, ал теріс ақша ағымы жаңа жобалар пайда әкелгенге дейін ұзақ сақталуы мүмкін. OpenAI келісімі 4,5 ГВт есептеу қуатын жеткізуді көздейді және Oracle-ды Microsoft, Amazon және Alphabet қатарлы ЖИ-инфрақұрылымының негізгі ойыншылары қатарына қосты.

OpenAI-мен серіктестік Oracle акциясы үшін басты драйверге айналды: жыл басынан бері қағаз 80%-дан астам қымбаттады, оның ішінде өткен аптада 36% өсті. Компания рекордтық көлемдегі болашақ келісімшарттар туралы хабарлады ($455 млрд, алдыңғы тоқсандағы $138 млрд-пен салыстырғанда). TipRanks деректері бойынша, қағазға Strong Buy рейтингі берілген. Jefferies сарапшылары Oracle «бұлтты соғыстардағы жаңа күш» деп атап, ағымдағы бағадан  $360-ға дейін 20% өсім күтіп отыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары