Апта жаңалықтары: Таяу Шығыс бітімі, Tesla роботаксиі, НАТО қорғаныс шығындары

Ақпарат құралдары британдық Shell энергетикалық компаниясы өз бәсекелесі – BP-ні сатып алу жөнінде алдын ала келіссөздер бастағанын хабарлады. Tesla акциялары Техаста алғашқы роботаксилердің іске қосылуынан кейін кейінгі екі айдағы ең жоғары күндік өсімді көрсетті. НАТО елдері 2035 жылға дейін қорғанысқа жұмсалатын шығындарды ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін арттыруға келісті. АҚШ президенті Дональд Трамп Федералды резерв жүйесінің басшысы Джером Пауэллге мұрагер іздеуді жеделдетті. 23–27 маусым аралығындағы маңызды оқиғалар шолуды назарларыңызға ұсынамыз.
Shell мен BP мәміле талқылап жатыр
The Wall Street Journal дерегінше, Shell компаниясы BP-ні сатып алу туралы алдын ала келіссөздер жүргізуде. Алайда Shell бұл ақпаратты жоққа шығарып, оны «нарықтық алыпқашпа сөздер» деп атады. Егер мәміле жүзеге асса, ол Exxon мен Mobil-дің 1990-жылдар соңындағы бірігуінен бергі мұнай саласындағы ең ірі келісім болмақ. WSJ дереккөздері тараптардың талқылауды енді бастағанын, ал BP басшылығы ұсынысты мұқият қарап жатқанын айтты. Бірақ келіссөздер баяу жүріп жатыр, нақты шарттар әлі жарияланған жоқ.
Қазір BP-нің нарықтық құны шамамен 80 миллиард долларды құрайды. Премияны есепке алғанда мәміле көлемі 83 миллиард доллардан асады. Бұл 2025 жылғы ең ірі бірігу және жұтылу мәмілесі болуы мүмкін. Бұған дейін де Shell осындай қауесеттерге түсініктеме беріп, қаржылық тәртіп, құрылымды оңтайландыру және тиімділікті арттыру арқылы құнын өсіруге ден қойғанын мәлімдеген еді.
Соңғы жарияланымнан кейін Shell CNBC арнасына «ешқандай келіссөздер жүріп жатқан жоқ» деп мәлімдеді. BP болса түсініктеме беруден бас тартты. CNBC дереккөздері Shell-дің BP-ні толық сатып алу ықтималдығына күмәнмен қарайды. Олар мәміле жүзеге асса, BP активтері бірнеше ойыншы арасында бөлінуі мүмкін дейді.
Tesla шектеулі режимде роботакси іске қосты
22 маусым, жексенбі күні Tesla компаниясы Техас штатының Остин қаласында өз роботаксиін іске қосты. Әрбір көлікте алдыңғы жолаушылар орнында қауіпсіздікті бақылаушы қызметкер отырды. Bloomberg агенттігінің жазуынша, компания алғашқы жолаушы ретінде блогерлер мен шағын инвесторларды таңдап, олар сапарын тікелей эфирде көрсетіп отырды.
Тестілеуге қатысқан 10–20 көлік Остиннің шектеулі аумағында жұмыс істеп жатыр. Жолақы – 4,2 доллар. Алайда іске қосу барысында бірқатар оқыс жағдай тіркелді: бір жазбада көлік қарсы бағытқа шығып кеткені, басқа видеода жылдамдық шектеуін елемегені байқалды. Автопилоттың кемшіліктеріне қарамастан, инвесторлар бұл қадамды оң қабылдады.
23 маусымда Tesla акциялары соңғы екі айдағы ең жоғары күндік өсімге жетті. Сауда кезінде акциялар 11 пайызға дейін қымбаттап, сауда жабыларда 8,2 пайызға өсіп, 348,7 долларға жетті. Бұл – 29 мамырдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ал 27 маусым, жұма күні акциялар құны 323,62 доллар болды.
Tesla-ға сенім білдіріп жүрген Wedbush аналитигі Дэн Айвз теcт-драйвтан өтіп, акциялар үшін Overweight (сатып алуға кеңес) бағасын растады. Оның бағалауынша, акциялардың мақсатты құны – 500 доллар. Бұл – Уолл-стриттегі ең жоғары баға.
ФРЖ төрағасы қайта сын астында
АҚШ президенті Дональд Трамп қазіргі Федералды резерв жүйесінің басшысы Джером Пауэллге мұрагерді мерзімінен бұрын тағайындауы мүмкін екенін Bloomberg хабарлады. WSJ дерегінше, жаңа кандидаттың есімі қыркүйек немесе қазан айында белгілі болады. Ал Пауэллдің өкілеті 2026 жылдың мамырында аяқталуы тиіс.
Мұндай шешімдер, әдетте, мерзімі аяқталуға жақын кезде қабылданады. Қазіргі ықтимал кандидаттар қатарында бұрынғы ФРЖ басшысы Кевин Уорш, Ұлттық экономикалық кеңестің директоры Кевин Хассет және Қаржы министрі Скотт Бессент бар.
Осы жаңалықтардан кейін доллар бағамы әлсіреп, соңғы үш жарым жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Нарық қатысушылары ФРЖ-нің тәуелсіздігіне қауіп төніп тұр деп есептеп, 2025 жылы пайыздық мөлшерлемелердің тағы төмендеуін болжай бастады. 27 маусымда доллар индексі DYX жылдық минимумға жақындады.
Иран мен Израиль арасында атысты тоқтату келісілді
24 маусымда Дональд Трамп Иран мен Израиль арасында қақтығыстың белсенді кезеңі аяқталғанын мәлімдеді. Қарулы қақтығыстар 13 маусымнан бері жалғасып келген. 22 маусымға қараған түні АҚШ Иранның үш ядролық нысанына соққы берді. Ал 23 маусымда Иран Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына шабуыл жасады.
Трамп Truth Social платформасында: «Иран ресми түрде ОТТЫ ТОҚТАТУДЫ бастайды, 12 сағаттан соң Израиль де қосылады, ал бір күннен кейін бүкіл әлем 12 КҮНДІК СОҒЫСТЫҢ РЕСМИ АЯҚТАЛҒАНЫН көреді» деп жазды. Сол күні-ақ ол атысты тоқтату күшіне енгенін хабарлады.
Иран енді Израильге соққы жасамайтынын мәлімдеді. Израиль жаңа шабуыл жасалмаса, атысты тоқтатуға келісті. БҰҰ-дағы бұрынғы АҚШ елшісі, қазіргі Таяу Шығыс саясат институтының сарапшысы Деннис Росс бұл бітім тұрақты болуы мүмкін екенін айтты. «Қазір Иранда соғысты қайта бастауға түрткі боларлық себеп жоқ», – деді ол.
НАТО елдері қорғанысқа жұмсалатын шығындарды арттырады
24–25 маусым күндері Гаагада өткен НАТО саммитінде альянс елдері 2035 жылға дейін қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін арттыруға келісті. Бұл шешім АҚШ президенті Дональд Трамп үшін маңызды жеңіс саналады. Ол бұған дейін одақтастарын қорғанысқа жеткілікті қаржы бөлмегені үшін сынаған еді.
НАТО бас хатшысы Марк Рютте бұған дейін қорғанысқа 3,5 пайыз, ал қалған 1,5 пайызды киберқауіпсіздік, инфрақұрылым және көлік желілеріне жұмсауды ұсынған. Бұл жаңалық қорғаныс және аэроғарыш компаниялары үшін жағымды сигнал. Бірақ BlackRock сарапшыларының пікірінше, Еуропадағы қорғаныс компанияларының акциялары биыл айтарлықтай қымбаттап, өсу әлеуеті шектеулі. АҚШ-та бұл әлеует әлі де бар, өйткені оның әскери бюджеті еуропалық елдердікінен екі есе үлкен.
Орталық банктер доллардан бас тартуы мүмкін
Наурыз–мамыр айларында OMFIF зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, 75 орталық банктің әр үшіншісі алдағы 1–2 жылда өз резервтеріндегі алтын көлемін арттырмақ. Бұл – кейінгі бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Алтынға деген қызығушылық Трамп бастамашылық еткен сауда соғысы аясында одан сайын арта түсті. Ұзақ мерзімді перспективада 40 пайызға жуық орталық банк келесі он жылда алтын қорын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
«Бірнеше жыл қатарынан рекордтық көлемде алтын сатып алған резервтер басқарушылары енді бұл бағалы металға деген сенімін екі есе арттырды», – делінген OMFIF есебінде.
Былтыр доллар резервтер үшін негізгі валюта болып келсе, биыл ол бірден жетінші орынға түсті. Сауалнамаға қатысқандардың 70 пайызы АҚШ-тағы саяси тұрақсыздық доллармен инвестициялауға кедергі екенін айтқан. Бұл – былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Бұл үдерістен ең көп ұтатындар – еуро мен юань.
Барлық мақалаларға сілтемелер:
– Shell мен BP активтері қалай үйлеседі және синергия әсері қандай болуы мүмкін — Oninvest тілшісі Виктория Сиротаның материалы.
– Tesla роботаксиі жайлы егжей-тегжейлі және нарық реакциясы
– Alphabet-ке тиесілі Waymo жобасының тасада қалуы
– «Tesla-ның техногигантқа айналуына биліктің қалай әсер ететіні жайлы» Михаил Оверченконың мақаласы.
– «АҚШ-тың Иранға соққысы халықаралық тәртіпке қандай өзгеріс әкеледі» тақырыбындағы Петр Кирьянның сараптамасы.
– «Соғыстардан кейін нарықтардың қалай қалпына келетіні туралы» Анна Краснованың материалы.
– «Қорғаныс шығындарының артуынан қандай компаниялар ұтады» тақырыбындағы Владислав Осипов шолуы.
– «Доллардың резервтік рөлі әлсіреп бара ма?» тақырыбындағы Константин Гненныйдің талдауы.








