Бағаланбаған Waymo: Tesla роботакси шуы Alphabet жобасын көлеңкеде қалдырды

Tesla-ның көптен күткен роботаксиін іске қосуы салдарынан осы саладағы тағы бір ірі ойыншы саналатын Alphabet-ке тиесілі Waymo-ның нәтижелері тасада қалды, деп жазады Bloomberg. Агенттік келтірген сарапшылардың айтуынша, нарық қатысушылары Waymo-ның болашағына Alphabet акцияларын бағалау кезінде Tesla-мен салыстырғанда әлдеқайда аз мән беріп отыр. Бұл ретте Waymo қазірдің өзінде аптасына 250 мың ақылы сапар ұйымдастырып, АҚШ-тың ірі қалаларында кеңеюін жалғастырып жатыр.
Толығырақ
Tesla роботаксиінің іске қосылуына қатысты дүрбелең кезінде инвесторлар Waymo-ның сәттілігін елеусіз қалдырды, деп жазады Bloomberg. Tesla-ның шектеулі іске қосылуы компания акцияларының келесі күні, яғни 23 маусымда, 8%-дан астамға өсуіне себеп болды. Бұл ретте жоба әзірге толық іске қосылмаған және тек аздаған пайдаланушыларға ғана қолжетімді.
Tesla өзінің жобасын енді ғана ауқымдай бастаған кезде, Alphabet-ке тиесілі Waymo нарықта толық іске асқанымен, бағалануы жағынан артта қалып отыр. Waymo-ның жүргізушісіз көліктері 71 миллион мильден астам жол жүрген. Қазір бұл компания Лос-Анджелес, Остин, Финикс және Сан-Франциско қалаларында ақылы сапарлар ұсынып отыр. Сонымен қатар Waymo Атлантада Uber платформасы арқылы қызмет көрсетуді бастаған және келесі жылы Майами мен Вашингтонға шығуды жоспарлап отыр. Өткен аптада компания Нью-Йорк қаласында сынақ жүргізуге рұқсат алу үшін өтініш берген. 2023 жылғы қазан айындағы бағалауға сәйкес, Waymo-ның нарықтық құны 45 миллиард доллардан асып, Ford пен GM секілді ірі автоөндірушілерге теңескен. Alphabet компаниясы Waymo-ның нақты табысын жарияламаса да, сервис аптасына 250 мыңнан астам ақылы сапар өңдейтінін және бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бес есе артқанын хабарлаған.
Акциялардың жай-күйі
2025 жылдың басынан бері «Керемет жетілік» қатарына кіретін екі компанияның да акция бағасы төмендеді. Tesla акциялары шамамен 15%-ға, Alphabet 12%-ға арзандады. Waymo-ның белсенді дамуына қарамастан, Alphabet акциялары Tesla-ның роботаксиіне қатысты үмітпен байланысты бағаның өсуіндей серпін ала алмады. Инвесторлар Alphabet-тің айналасындағы басқа тәуекелдерге, мысалы, монополияға қарсы шағымдарға және жасанды интеллект саласындағы позициясына көбірек мән беріп отыр. Агенттік мәліметінше, Alphabet акциялары әдетте басқа ірі технологиялық компаниялармен салыстырғанда төмен бағаланады. Бұл кірістің негізгі көзі — цифрлық жарнамаға тәуелділігімен байланысты. Қазіргі кезде Alphabet-тің акциялары болжамды табысқа шаққанда 16 коэффициентпен саудаланып жатса, Tesla-да бұл көрсеткіш 150-ге жақын. Мұндай айырмашылық инвесторлардың роботакси қызметінен мол табыс күтуімен байланысты.
Сарапшылар не дейді?
— Waymo Alphabet портфелінің тартымды бөлігіне айналып келе жатыр және ұзақмерзімді келешекте акционерлер үшін өсім бере алады, дейді Morgan Stanley сарапшысы Брайан Новак.
— «Инвесторлар Waymo-ны қатты бағаламай отыр, ал Tesla-ны, керісінше, артық бағалап отыр», — дейді WisdomTree компаниясының макростратегі Сэмюэль Райнс. Оның пікірінше, Waymo нарықтағы ең озық технологияларға, жұмыс істеп тұрған сервиске және автоөндірушілермен жасалған келісімдерге ие болғанына қарамастан, оның құны Alphabet бағалауында толық ескерілмейді. Tesla-ның бағасы роботакси жобасына деген үмітке негізделсе, Alphabet әлдеқайда тұрақты: егер жүргізушісіз көліктерді жаппай енгізу кешіктірілсе, компанияны Google іздеу жүйесі, YouTube пен бұлтты қызметтері табыспен қамтамасыз ете алады. «Мен Waymo-ны мүмкін қосымша бонус ретінде көріп, Alphabet-ке салым салғаным тыныш», — дейді Райнс.
— Tesla-ның роботаксиіне қатысты нарық тым көп нәрсе күтті. Акция бағасына бір сапар құны 10 $ болатын мыңдаған көлікпен жаппай тасымалдау сценарийі енгізілген, дейді Washington Crossing Advisors аға портфельдік басқарушысы Чад Морганландер. «Іске қосылуына байланысты тым көп шу болды. Қазір акциялар он есе табыс көрсеткішімен саудаланып жатыр. Бұл — ессіздік», — деді ол Yahoo Finance арнасына берген сұхбатында. Ол өзі Alphabet-ке инвестиция салатынын және Waymo-ның тиімділігін әлдеқашан дәлелдегенін айтты.
— «Оларды салыстырудың өзі дұрыс емес, — дейді Parnassus Investments портфельдік басқарушысы Эндрю Чой. — Бір компания жұмыс істеп жатыр, көлемін тез арттырып, нақты табыс табуда. Екіншісі әлі де даму сатысында және бұл бірнеше жылдан бері солай».
— Бұған қарсы уәж айтқандар да бар. Мысалы, Water Tower Research басшысы Шон Сиверсон Tesla-ның автономды жүргізу саласындағы позициясына сенеді. Оның ойынша, бүгінде коммерцияландыруда Waymo алда, бірақ болашақта Tesla-ның өндірістік қуаты ауқымды іске қосуға мүмкіндік береді. Сиверсонның болжамынша, роботакси нарығы соншалықты ауқымды болады, оған барлығына орын жетеді.
Bloomberg-тің есептеуінше, 2030 жылға қарай роботакси саласы жыл сайын 20 миллиард доллар табыс әкеле алады.








