БастыReview
Бөлісу

Апта жаңалықтары: Люкс өсуде, алтын биткойннан озды, Walmart пен OpenAI мәмілесі

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Апта жаңалықтары: Люкс өсуде, алтын биткойннан озды, Walmart пен OpenAI мәмілесі

LVMH өсімге оралып, люкске деген сұраныстың қайта қалпына келгенін көрсетті. Алтын инвесторлардың басты «қауіпсіз аймағына» айналып, биткойнды ығыстырды. Walmart пен OpenAI ChatGPT арқылы сатып алу функциясын біріктіру жөнінде келісімге келді. Oracle мен AMD жасанды интеллект саласында серіктестік орнатып, Nvidia-мен бәсекелестікте алға шығуға тырысады. Ал Microsoft, Nvidia және xAI компаниясы Aligned дата-орталығына $40 млрд инвестиция салуда. 13–17 қазан аралығындағы басты жаңалықтар туралы – біздің шолуда.

LVMH өсімге қайта оралды

Люкс нарығындағы ең ірі ойыншы LVMH екі тоқсан қатарынан төмендегеннен кейін қайта өсімге шықты: сатылым 1% өсіп, €19,1 млрд ($22,1 млрд) болды. Бұл сарапшылардың болжамынан жоғары нәтиже. Тұтынушылар Moët & Chandon шампаны мен Dior хош иістеріне көбірек қаражат жұмсап, компанияны ұзаққа созылған баяу кезеңнен алып шықты. АҚШ-та табыс 3%, ал Қытайды қамтитын Азия аймағында 2% өсті (жарты жылдықтағы 9%-дық құлдыраудан кейін).

LVMH есептілігі люкс секторының қалпына келе бастағанының белгісіне айналды. 14 қазан кешінде жарияланғаннан кейін компания қағазы АҚШ-тағы биржадан тыс саудада 8,8% күрт өсті, ал келесі күні Париждегі котировка 12% шарықтады. LVMH акциясының өсуі Kering, Hermès және Richemont секілді басқа да люкс брендтерінің бағасына серпін берді. Сарапшылар Қытайдағы сұраныс динамикасы үміт тудыратынын, ал өсімге қайта оралу — «дұрыс бағыттағы қадам» екенін атап өтті.

 Алтын биткойннан озды

Алтын қайтадан инвесторлар үшін басты «қауіпсіз аймаққа» айналып, биткойнды қорғаныш активі мәртебесінен ығыстырды, деп мәлімдеді. Yardeni Research басшысы Эд Ярдени. Оның болжамынша, бағалы металлдың бағасы 2026 жылы-ақ $5000 межесінен асып, онжылдықтың соңына қарай унциясына $10 000-ға дейін қымбаттауы мүмкін.

«Биткойнды «цифрлық алтын» деп атайды, бірақ меніңше, алтын — «жаңа биткойн», — деді Ярдени. — Қауіп-қатері жоғары активтерден бас тартқан инвесторлар барған сайын алтынның геосаяси қауіптерден жақсы қорғайтынын түсіне бастады». Сарапшының айтуынша, биткойннан айырмашылығы, алтынның мыңжылдық тарихы бар.

Жыл басынан бері алтын шамамен 60% қымбаттаса, биткойн небәрі 20% өскен. Соңғы айда бағалы металл 13%-дан астам қымбаттап, ал криптовалюта шамамен 3% жоғалтқан. Ярдени мұны өтімділіктің төмендеуі мен несиелік позициялардың қысқаруымен байланыстырады: нарықтан шамамен $19 млрд фьючерстік және несиелік позициялар шығарылған. Ал алтын, керісінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға 100% баж салығын енгізуі мүмкін екендігі туралы мәлімдемесінен кейін күрт өсті.

Алтын туралы не оқуға болады?

— Алтынды сатып алмай-ақ, оның қымбаттауына ставка жасауға болатыны туралы — Oninvest-тің «Алтын раллиі: тарихи рекорд» материалынан оқыңыз.

TSMC рекордтық пайда көрсетті

Микрочип өндіретін әлемдегі ең ірі келісімшарттық компания TSMC 2025 жылдың үшінші тоқсаны бойынша рекордтық нәтижелер көрсетті: таза пайда 39% өсіп, $15,1 млрд-қа жетті, ал табыс 30% өсіп, $32,3 млрд-қа жетті. Екі көрсеткіш те компания үшін рекордтық деңгейге жетіп, сарапшылардың болжамынан асып түсті. Өсімге жасанды интеллектке деген сұраныстың артуы мен Apple-дің жаңа құрылғыларының шығуы ықпал етті — бұл TSMC-нің озық чиптеріне тапсырысты көбейтті.

Сарапшылардың айтуынша, TSMC сыртқы тәуекелдерге төзімді және клиенттер күрделі өндіріс технологияларына көшкен сайын пайдасы да артып келеді. Macquarie сарапшысы Артур Лайдың пікірінше, сауда кедергілері мен экономиканың баяулауы сияқты теріс факторлар әзірге әсер еткен жоқ, бұл компанияның қысқа мерзімді позициясының тұрақтылығын көрсетеді. Компания қағазы жыл басынан бері 50%-дан астам қымбаттағандықтан, Уолл-стриттегі сарапшылар бірауыздан сатып алуды ұсынды.

Walmart OpenAI-мен келісімге келді

АҚШ-тағы ең ірі ритейлер Walmart OpenAI компаниясымен келісім жасап, ChatGPT интерфейсі арқылы онлайн-сатып алу функциясын енгізбек. Енді пайдаланушылар Instant Checkout жүйесі арқылы тауарларды тікелей чаттан сатып ала алады. Бұл шопингті жылдамырақ әрі жекелендірілген етеді. Келісім OpenAI үшін табыстың жаңа көзіне айналса, Walmart технологиялық көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтады: 14 қазанда мәміле жарияланғаннан кейін компания қағазы 5%-дан астам өсіп, жаңа рекорд орнатты.

Сарапшылар серіктестікті агенттік сауданың жаңа дәуіріне қадам деп бағалайды — онда жасанды интеллект сатып алушылардың қажеттіліктерін алдын ала болжай алады. Сарапшылардың пікірінше, Walmart-тың ЖИ-ге ерте ставка жасауы компанияға бәсекелестерінен озып алға шығуға мүмкіндік береді, бірақ олар тәуекелдерге де назар аударады: цифрлық ассистенттердің рөлінің артуы алгоритмдерге тәуелділікті күшейтіп, жеке деректердің жиналу қаупін ұлғайтады.

Тағы не оқуға болады?

— Walmart пен OpenAI арасындағы келісім жөнінде сарапшылар не дейтіні туралы — Oninvest тілшісі Влад Осиповтың “Mizuho: Walmart ChatGPT серіктестігі арқылы $1 трлн бағалауға жете алады” атты материалында. 

Oracle ЖИ-жүйелеріне AMD чиптерін сатып алып, Nvidia-мен бәсекелестікте алға шығуға тырысады

Oracle AMD компаниясымен 50 мың Instinct MI450 графикалық процессорын жеткізу туралы келісім жасады. Чиптер 2026 жылдың екінші жартысында жеткізілмек, ал 2027 жылдан бастап тараптар серіктестікті кеңейтуді жоспарлап отыр. AMD-нің ЖИ-үдеткіштері 72 чиптен тұратын қуатты жүйелерге біріге алады, бұл алдыңғы қатарлы жасанды интеллект модельдерін құру мен масштабтауға мүмкіндік береді. Келісім туралы жаңалық 14 қазанда AMD акциясының шамамен 4% қымбаттауына себеп болды, ол кезде Oracle қағазы керісінше 5,5% төмендеген.

Бұл келісім нарықтағы бәсекенің күшейіп келе жатқанын көрсетеді: Nvidia әлі де дата-орталық сегментінің 90%-нан астамын ұстап отыр. AMD бұл айырмашылықты қысқартуға тырысып, бұлттық провайдерлерге балама серверлік шешімдер ұсынып келеді. Oracle мен AMD арасындағы әріптестік OpenAI мен осы екі компанияның, сондай-ақ Nvidia-ның қатысуымен жасалған келісімдер тізбегін толықтырып, ЖИ-дәуіріндегі есептеу қуатына деген жаһандық жарыстың үдеп келе жатқанын айқындайды.

Nvidia, Microsoft және xAI дата-орталығының иесі Aligned компаниясын сатып алмақ

Nvidia, Microsoft және Илон Масктың xAI компаниясы бастаған инвесторлар тобы Aligned Data Centers компаниясының 100% акциясын сатып алу үшін $40 млрд жұмсамақ. Бұл Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы ең ірі дата-орталық операторларының бірі саналатын компания қазіргі кезде Macquarie Asset Management-ке тиесілі. BlackRock пен MGX қатысқан AI Infrastructure Partnership (AIP) консорциумы ұйымдастырған бұл мәміле сала тарихындағы ең ірісі болмақ, делінген баспасөз хабарламасында.

Aligned жалпы қуаты 5 гигаваттан асатын 50 дата-орталықты басқарады және жасанды интеллектке арналған жаһандық инфрақұрылымды кеңейту ісінде маңызды рөл атқарады. CNBC мәліметінше, бұл AIP-тің алғашқы ірі инвестициясы, ол топтың ЖИ-инфрақұрылымын дамытуға $30 млрд құю жоспарына жақындата түсті. Мәмілені реттеушілердің мақұлдауынан кейін 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау көзделіп отыр.

«Шығармашылық күйреу» үшін Нобель сыйлығы

Экономика саласындағы Нобель сыйлығын Джоэль Мокир, Филипп Агьон және Питер Хоуитт алды — олар инновациялар мен идеялар нарығындағы бәсекенің тұрақты экономикалық өсімді қалай қамтамасыз ететінін түсіндіріп берді. Ғалымдардың еңбектері қоғамның тұрақтылыққа ұмтылысы мен өзгерістен қорқуы тоқырауға әкелетінін, ал «шығармашылық күйреу» даму мен прогресті ынталандыратынын көрсетті. Мокир қоғам жаңа идеялар мен өзгерістерге ашық болуы керек десе, Агьон мен Хоуитт технологиялық серпілістер ескі құрылымдарды бұзып, жаңаларына жол ашатынын атап өтті.

Лауреаттардың зерттеулері жасанды интеллекттің кеңінен таралуы жағдайында ерекше өзекті. Сарапшылардың пікірінше, ЖИ жаңа инновациялардың катализаторына айналып, экономикалық өсім мен нарықтардың трансформациясын жеделдетеді. Агьонның айтуынша, технологиялық прогресті тежеудің қажеті жоқ — оны антимонополиялық саясат және эксперименттерді қолдау арқылы дұрыс бағыттау маңызды. Ал Мокир ЖИ адамзатты «өнімдірек әрі білімдірек» ете отырып, экономикалық өсудің жаңа дәуірін бастай алады деп санайды.

BYD өз электр көліктерін кері қайтарып жатыр

17 қазан, жұма күні Қытайдың Tesla-ның басты бәсекелесі саналатын BYD компаниясы 2015–2022 жылдар аралығында шығарылған 115 мыңнан астам көлікті кері қайтарытынын хабарлады. Оған себеп, конструкциялық ақау мен аккумуляторға байланысты туындауы мүмкін қауіптер. Бұл — компания тарихындағы ең ірі кері қайтарып алу науқаны.

Гонконгтағы саудада BYD акциясы 4% құлады. MarketScreener дерегі бойынша, электромобиль өндірушісінің қағазына қатысты сарапшылардың көбі «сатып алу» (Buy) ұсынысын сақтады. Соңғы рет BYD 2025 жылдың қаңтарында Fangchengbao Bao 5 гибридті жол талғамайтын көліктерінің шамамен 7 мың данасын өрт шығу қаупіне байланысты кері қайтарған еді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары