Аптаның басты жаңалықтары: Apple мен Google келісімі, Маскқа $1 трлн мақұлданды

Бұл аптада биткоин төрт айдан бері алғаш рет $100 000 деңгейінен төмен түсті. Ал Ark Invest басшысы Кэти Вуд оның 2030 жылға дейінгі болжамды бағасын 20%-ға төмендетіп, $1,2 млн деп белгіледі. Себеп ретінде ол стейблкоиндардың жылдам өсуін атады. «Баффет көрсеткіші» мен Barclays-тің нарық қызуы индексі АҚШ акция нарығының шамадан тыс қымбаттап кеткенін ескертті.
Сонымен қатар, акционерлер Илон Маскқа рекордтық $1 трлн көлеміндегі сыйақыны мақұлдады, ал Apple компаниясы Siri-ді жаңарту үшін Google-мен $1 млрд-тық келісім жасауға дайындалуда.
3–7 қараша аралығындағы басты оқиғаларға шолу ұсынамыз.
Tesla акционерлері Маскқа $1 трлн сыйақыны мақұлдады
Tesla акционерлері жыл сайынғы жиналыста Илон Маскқа бұрын-соңды болмаған көлемдегі сыйақы пакетін қолдады. Оның жалпы көлемі шамамен $1 трлн деп бағаланады. Қатысушылардың 75%-дан астамы «қолдаймын» деп дауыс берген, бұл ретте кейбір ірі инвесторлар, соның ішінде Норвегия мұнай қоры, қарсы болған.
Жоспар бойынша Масктың Tesla-дағы үлесі 15%-дан 25%-ға дейін өседі, егер ол қойылған мақсаттарға жетсе. Олардың қатарында — компания капитализациясын қазіргі $1,5 трлн-нан $8,5 трлн-ға дейін арттыру және миллион дана адамға ұқсас Optimus роботын шығару бар.
Бұл сыйақы Маскты Tesla-ның сатылымы төмендеп, дағдарысқа ұшыраған сәтте компания жұмысына көбірек көңіл бөлуге ынталандыру үшін жасалған. Акционерлер Масктың Tesla-дағы белсенділігіне күмәнмен қарайды: WSJ деректеріне сүйенсек, ол қазір ЖИ саласындағы бәсекеде қалып қоймау үшін өз стартапы xAI-ға көбірек назар аударуда.
Директорлар кеңесі Маскты Tesla-да толық жұмыс істеуге мәжбүрлей алмайтынын мойындағанымен, оның ЖИ бағытындағы жұмысы компанияға ұзақ мерзімде пайда әкелетініне сенімді.
Тағы оқуға:
— Илон Маск компанияның 25% акциясын (шамамен $1 трлн) алмаса, Tesla-дан кететінін айтқан еді. Бұл сомаға ол шынымен лайық па деген сұраққа Екатерина Комарованың мақаласы «Триллиондық сұрақ: Маск Tesla-ның 25% акциясын ала ма?» жауап іздейді.
Биткоин бағасы $100 000 деңгейінен төмен түсті
4 қараша, сейсенбі күні биткоин бағасы соңғы төрт айда алғаш рет $100 000-нан төмендеді. Бір тәулікте криптонарықтың жалпы капитализациясы $289 млрд-қа қысқарды — биткоин бір күнде шамамен 7%-ын, ал қазан айындағы ең жоғарғы бағасынан 20%-дан астамын жоғалтты.
Аналитиктердің айтуынша, мұндай төмендеу ұзақ мерзімді иелердің сатылымынан туындаған: бір айда шамамен 400 000 BTC сатылып, нарықтан $45 млрд-қа жуық қаражат шыққан. Бұл тепе-теңдікті бұзғанын Bloomberg жазды.
Сонымен қатар, биткоин-ETF қорларынан тек 4 қараша күні $578 млн, ал Ethereum-ETF-тен $219 млн әкетілген.
Қазан айындағы мәжбүрлі сатылым мен маржалық позициялардың жабылуынан айырмашылығы, бұл жолғы құлдырау инвесторлардың сенімсіздігімен байланысты деп бағаланады.
10x Research басшысы Маркус Тиленнің пікірінше, сатылым көктемге дейін жалғасуы мүмкін, ал баға $85 000-ға дейін түсу қаупі бар. Дегенмен кей сарапшылар нарықтың тұрақтануға жақын екенін айтады. BitMEX негізін қалаушы Артур Хейес долларлық өтімділіктің қалпына келуі бағаны қайта көтеруі мүмкін деп санайды.
Барлығының ортақ ойы — нарық қазір консолидация кезеңіне кірді, ал бұл кезде басты қасиет — сабыр.
6 қараша, бейсенбі күні Ark Invest басшысы Кэти Вуд биткоин бойынша ұзақ мерзімді болжамын қайта қарап, 2030 жылға дейінгі мақсатты бағасын $1,5 млн-нан $1,2 млн-ға дейін түсірді. Ол CNBC-ге берген сұхбатында, стейблкоиндардың тез дамуы биткоиннің кей артықшылықтарын алып қойғанын айтты. Әсіресе дамушы елдердегі есеп айырысу құралы ретіндегі рөлін.
7 қараша, жұма күнгі саудада биткоин бағасы қайтадан $100 000-нан жоғары болды.
Инвесторлар чип өндірушілердің акцияларынан $500 млрд алып шықты
Дүниежүзілік жартылай өткізгіш нарығы соңғы бір жылдағы ең ірі сатылымды бастан кешті. Инвесторлар 4 қарашада АҚШ-та басталған және келесі күні Азияға тараған сауда толқыны кезінде шамамен $500 млрд көлемінде қаражатты алып шықты.
Philadelphia Semiconductor Index көрсеткіші сейсенбі күні 4,1%-ға төмендеп, соңғы үш аптадағы ең күрт құлдырауды көрсетті, деп хабарлады Bloomberg.
Бұған дейін бірнеше ай бойы ЖИ-ға деген қызығушылықтың арқасында өскен чип өндірушілер акциялары енді қайта бағалануда. Инвесторлар сектордың пайдасына жоғары пайыздық мөлшерлемелердің әсерінен күмәнмен қарай бастады.
Құлдырау жапондық SoftBank, сондай-ақ Азия мен АҚШ-тың алпауыт компанияларын қамтыды: Advantest, Renesas, Tokyo Electron, TSMC, Qualcomm, AMD, Palantir және Nvidia.
Сонымен қатар, сарапшылар бұл құбылысты пайданы бекіту және портфельдерді уақытша қайта бөлу деп түсіндіреді, яғни ЖИ-ға деген сенім жоғалды дегенді білдірмейді.
Pictet Asset Management мамандарының айтуынша:
«Ең көп өскен акциялар қазір ең жылдам төмендеуде».
Олардың пікірінше, бұл түзету нарықтағы шамадан тыс өсімнен кейінгі табиғи “бу шығару” процесі, ал бағалар тағы 15–20% түссе, жетекші технология компанияларының акциялары қайтадан тартымды инвестицияға айналуы мүмкін.
Apple Google-ға жаңа Siri және ЖИ қолданғаны үшін $1 млрд төлейді
Apple компаниясы Google-дың қуатты жасанды интеллект моделін пайдалану үшін жылына шамамен $1 млрд төлеуді жоспарлап отыр. Бұл модель көптен күткен Siri жаңартуындағы негізгі элемент болмақ, деп хабарлады Bloomberg дереккөздеріне сүйеніп.
Келісім Apple-ға 1,2 трлн параметрі бар Google ЖИ моделіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл қазіргі Siri нұсқасынан сегіз есе күрделі. Осы арқылы дауыстық көмекшінің деректерді өңдеу және контексті түсіну қабілеті айтарлықтай кеңейеді.
Жаңартылған Siri-ді компания 2026 жылдың көктемінде таныстыруды көздеп отыр. Google-пен серіктестік — бұл уақытша шешім: Apple өз ЖИ үлгілерін әзірлеп жатқан кезде қолданылатын аралық кезең.
Алғашқыда компания Anthropic фирмасымен жұмыс істеуді жоспарлаған, бірақ ол жылына $1,5 млрд сұраған соң, Apple таңдауын Google-ға тоқтатқан.
ЖИ қызметтерін іске қосудың кешігуіне байланысты Apple бұл бағыттағы басшылық құрамда қайта тағайындаулар жасаған.
Соңғы үш айда Apple акциялары үштен біріне қымбаттап, қазан айының соңында тарихи максимумға жетті — iPhone-ға деген сұраныстың өсуінің арқасында. Уолл-стрит сарапшыларының ортақ болжамы бойынша, келесі бір жылда компания акциялары тағы 4,7%-ға өсіп, $282,5 деңгейіне жетуі мүмкін.
Қазіргі рейтинг бойынша Apple қағаздары Overweight («нарықтан жоғары») санатына жатады, яғни сарапшылар оларды сатып алуға кеңес береді.
«Баффет көрсеткіші» рекорд жаңартты
АҚШ қор нарығының жалпы капитализациясының елдің ЖІӨ-ге қатынасы, яғни «Баффет көрсеткіші» тарихи ең жоғары деңгейге жетті. Bloomberg-тің хабарлауынша, бұл көрсеткіш пандемия алдындағы 2022 жылғы құлдырау кезеңінен де асып түскен.
Қазір АҚШ акцияларының жиынтық құны шамамен $72 трлн, яғни ел экономикасының көлемінен екі есе артық.
Barclays сарапшыларының пікірінше, мұндай жоғары көрсеткіштер нарықтағы асыра оптимизм мен эйфорияны аңғартады.
Олар өз баяндамасында былай дейді:
«Қазіргі арақатынас акциялардың тым қымбат екенін көрсетеді және нарықта көпіршікке тән мінез байқалады».
Barclays сондай-ақ 1997 жылдан бері опциондар дерегіне сүйеніп, «нарық қызуы» индексін есептеді. Нәтижесінде АҚШ-та шамамен 11% акция шамадан тыс қызған күйде екені анықталды — бұл деңгей дотком дәуірі мен «мем-акциялар» бумы кезіндегідей.
Дегенмен, ескертуге қарамастан, S&P 500 компанияларының көпшілігі пайда мен табыстың тұрақты өсімін көрсетіп отыр, ал ЖИ саласына инвестициялар нарықты әлі де қолдап тұр.
Сарапшылар инвесторларға абай болуға, раллиден кейін пайдасының бір бөлігін бекітіп қоюға кеңес береді. Бірақ олар ескертеді:
«Баффеттің ең сүйікті көрсеткіші де нарықтың нақты қай кезде бұрылатынын дәл болжай алмайды».
Nebius өнеркәсіптік ЖИ-модельдерге арналған платформасын таныстырды
Аркадий Волож құрған Nebius Group компаниясы Nebius Token Factory атты жаңа платформаны іске қосты. Бұл жүйе жасанды интеллект (ЖИ) модельдерін өнеркәсіптік деңгейде орналастыру мен оңтайландыруға арналған.
Жаңа сервис компанияларға ашық және жабық кодты ЖИ модельдерін корпоративтік сенімділік деңгейінде ауқымда пайдалануға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, Token Factory іске қосылуы Nebius компаниясын Amazon мен Microsoft сияқты алыптармен тікелей бәсекеге шығарады және оны ЖИ инфрақұрылымындағы маңызды ойыншыға айналдырады.
Инвесторлар Nebius-тің үшінші тоқсанға арналған есебін 11 қарашада күтуде. Олар компанияның жаңа болжамдарына, соның ішінде жазылымнан түсетін тұрақты табыс (ARR) көрсеткіштеріне қызығушылық танытуда.
Компания акциялары биыл жыл басынан бері шамамен 300%-ға өскен. Бұған қыркүйектегі Microsoft-пен жасалған $17,4 млрд келісім негізгі себеп болған.
Аналитиктер жаңа серіктестіктер мен компанияның қаржылық тұрақтылығына қатысты жаңалықтарды күтеді, себебі АҚШ-та деректер орталықтарын салу — аса көп шығынды іс. MarketWatch деректеріне сүйенсек, Nebius акцияларына берілген ортақ баға Overweight («нарықтан жоғары»), ал өсу әлеуеті — шамамен 40%.
Тағы оқуға:
— Oninvest тілшісі Юлия Петрова «Nebius құпиясы: Аркадий Волож Батыста екінші жаһандық стартапты қалай құрды?» атты мақаласында Nebius Group-тың бір жылда шығынды стартаптан ЖИ нарығындағы ең көп талқыланған ойыншыға айналғанын және Батыста өз артықшылығын қалай пайдаланғанын талдайды.
Ferrari күткеннен жоғары пайда көрсетті
Ferrari компаниясы үшінші тоқсандағы қаржылық есебін жариялап, сарапшылардың болжамынан да жақсы нәтиже көрсетті. АҚШ-тағы баж салығының өсуі мен Қытайдағы сұраныстың бәсеңдеуіне қарамастан, компанияның таза пайдасы 2%-ға өсіп, €382 млн болды. Ал табысы 7,4%-ға артып, €1,77 млрд-қа жетті. Бұл уақытта компания 3401 көлік жеткізді.
Ferrari жеке тапсырыстардың көбейгенін және өндіріс шығындарының азайғанын атап өтті. Сондай-ақ 2025 жылға арналған болжамын растады — табыс кем дегенде €7,1 млрд деңгейінде болмақ.
Дегенмен, акциялар қазанның 9-ында болған 15%-дан астам құлдыраудан кейін әлі де қысымда тұр. Сол кезде инвесторларды 2030 жылға арналған жаңа болжамдар көңіл көншітпеді: компанияның Capital Markets Day шарасында басшылық түзетілген пайда бойынша мақсаттарын төмендетіп, жылдық табысты «шамамен €9 млрд» және бір акцияға шаққандағы пайдасын €11,5 және одан жоғары деңгейге жеткізуді жоспарлайтынын айтты.
Бұл болжам үш жыл бұрын белгіленген мақсаттармен салыстырғанда әлдеқайда сақ болып шықты. Bloomberg-тің жазуынша, инвесторлар дәл осы баяулаған өсу қарқынынан көңілі қалған.








