Баффет мәмілесі мен ФРЖ шешімінен соң тағы бір сарапшы UnitedHealt-ке сенім білдірді

BD8 Capital тәуелсіз капиталды басқару және инвестиция бойынша кеңес беру компаниясының өкілі Барбара Доранның пікірінше, ФРЖ мөлшерлемесін төмендеткеннен кейін денсаулық сақтау секторына қызығушылық артып келеді, ал UnitedHealth инвесторларға нақты өсуге мүмкіндіктер бере алады. Пандемиядан кейінгі қиындықтар мен жылдың басынан бері котировканың 30% төмендеуіне қарамастан, тамызда акция шамамен 30% өсті — Berkshire Hathaway 5 млн-нан астам қағаз сатып алды.
Егжей-тегжейлі
BD8 Capital негізін қалаушы әрі бас инвестициялық директоры Барбара Доран 17 қыркүйек, сәрсенбі күні медициналық сақтандыру саласындағы америкалық UnitedHealth компаниясының акциясында өсу әлеуетін көріп отырғанын айтты, деп хабарлайды CNBC. Тамыздың ортасында аңыз инвестор Уоррен Баффет те осы қағазға қаржы құйғаны белгілі болды. Оның Berkshire Hathaway компаниясы екінші тоқсанда UnitedHealth-тің 5 млн-нан астам акциясын $1,6 млрд-қа сатып алды.
CNBC түсіндіргендей, ФРЖ мөлшерлемесін төмендеткеннен кейін инвесторлар денсаулық сақтау секторынан жаңа мүмкіндіктер іздеуде. Доранның сөзінше, UnitedHealth ұзақ уақыт бойы саланың үздік операциялық менеджментімен және тұрақты жұмысымен премиум-компания болып келген. Бірақ пандемиядан кейін күрделі мәселе туындады: медициналық қызметтерді пайдалану деңгейі күткеннен әлдеқайда жоғары болып, шығындардың өсуін дұрыс бағаламауға әкелді.
Доранның пікірінше, мұндай «ғаламат компанияларда» әрқашан қалпына келу жолы бар: «Менің ойымша, мұнда нақты өсу әлеуеті бар, әрине тәуекелсіз емес. Бірақ менеджмент өте оң бағытта алға жылжып жатыр».
UnitedHealth акциясы туралы нарықта не айтылды?
2025 жылдың басынан бері медициналық сақтандырушының акциясы 30%-дан астам арзандағанымен, тек тамыз айында Баффет келісімі туралы жаңалықтан кейін шамамен 30% қымбаттады. UnitedHealth котировкасының өсуі бір сәттік серпіліс емес, екі фактордың нәтижесі болды: тамыздың басынан бастап біртіндеп қалпына келу және Berkshire Hathaway мен басқа да жетекші хедж-қорлардың сатып алу жаңалығынан кейінгі күрт импульс. Соңғы айда компанияның нарықтық капитализациясы шамамен 13% қалпына келді.
UnitedHealth Group өз қызметін UnitedHealthcare сақтандыру бөлімшесі және дәріханалық жеңілдіктер сияқты қызмет көрсететін Optum арқылы жүргізеді. Бұл бизнес бірге алғанда бәсекелестердің қайталауы өте қиын қуатты экожүйе құрайды, сондықтан компанияға мықты артықшылық береді, деп жазады Insider Monkey.
UnitedHealth Group көптеген жылдар бойы тұрақты түрде әрі табысын, әрі таза пайдасын арттырып келеді. Биылғы қиындықтарға қарамастан, компанияның оларды еңсеруге жеткілікті ресурсы мен стратегиясы бар. Нарықтағы үстем позициясымен және орныққан бәсекелестік кедергілерімен қоса бұл оның ұзақмерзімді қуатын дәлелдейді, деп толықтырады Insider Monkey.
UnitedHealth акциясының дивидендтік кірістілігі 2,41% деңгейінде, деп атап көрсетеді Barchart сарапшылары. Олар компания 15 жыл қатарынан дивидендті ұлғайтып келе жатқанын еске салады (соңғы тоқсанда — 5% өсіп, бір қағазға $2,21 болды) және одан әрі өсудің әлеуетін болжайды.
MarketWatch дерегінше, сақтандырушының акциясын қадағалайтын 30 сарапшының 20-сы оларды сатып алуды (Buy және Overweight рейтингтері), жетеуі ұстап тұруды, ал үшеуі сатуды ұсынады. Уолл-стрит консенсусындағы мақсатты баға $323,7 құрайды, ал нарықтағы ағымдағы баға $343,7. Осылайша, ағымдағы котировка мақсатты бағадан $20 немесе шамамен 6,2% жоғары.








