БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Баффет премиясы әлсіреуде»: Berkshire акцияларын сатып алуға тұрарлық па?

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

«Баффет премиясы әлсіреуде»: Berkshire акцияларын сатып алуға тұрарлық па?

Berkshire Hathaway инвестициялық конгломератының акциялары 3 мамырдан бері 10%-дан астам қысқарды. Дәл осы күні Уоррен Баффет жыл соңында бас директор қызметінен кететінін мәлімдеген еді. Соған қарамастан, көптеген сарапшылар ағымдағы түзетуді (құнның уақытша төмендеуін) нарыққа кіру үшін жақсы мүмкіндік дейді — бұл Баффеттің өз стиліне сай, ол әрқашан инвесторларға «басқалар қорыққанда сатып ал» деп кеңес беретін, деп жазады Barron's.

Егжей-тегжейлі

3 мамырдан бері Berkshire Hathaway компаниясының акциялары шамамен 10% арзандады, ал осы аралықта S&P 500 индексі 12% өсті. Акция бағасына қысым түсіріп отырған бірнеше фактор бар. Соның ішінде ең негізгісі — «Баффет премиясының» төмендеуі. Яғни, Уоррен Баффеттің жыл соңында бас директор қызметінен кететіні туралы мәлімдемесінен кейін инвесторлар сенімі азайып, бұл акциялардың арзандауына әкелді. Сонымен қатар, компанияның жаңа инвестициялар бойынша белсенділігі төмен, акцияларды кері сатып алу тоқтап тұр және қорғаныс активтеріне деген қызығушылық азайған, деп хабарлайды Barron's.

Оған қоса, инвесторлар Berkshire-дің негізгі бизнесі — сақтандыру нарығындағы өсім кезеңі аяқталды ма деп қауіптенеді. Соған қарамастан, компанияның іргелі көрсеткіштері берік күйінде қалып отыр. Berkshire-дің бизнесі жақсы әртараптандырылған: сақтандыру, теміржол, энергетика және алып инвестициялық портфельді қамтиды.

Компания шоттарында $330 млрд-тан жоғары қолма-қол қаражат бар. Бұл – компанияның бүкіл нарықтық құнының үштен біріне тең. Бұл қаржы акцияларды қайта сатып алуға, дивиденд төлеуге немесе ірі мәмілелер жасауға жұмсалуы мүмкін.

Сарапшылар пікірі

Berkshire акцияларын арзан деуге келмейді, дегенмен олар қазіргі артық бағаланған қор нарығы жағдайында тартымды көрінеді, деп атап өтті Barron's сарапшылар. 

«Қазір бұл акциялар барған сайын қызықты бола бастады», — дейді Gamco Investors портфельдік менеджері Мак Сайкс.

Berkshire-дің A класты акциялары шамамен $725 000 деңгейінде саудаланып жатыр, бұл 30 маусымдағы болжамды баланстық құнынан ($461 140) 1,6 есе жоғары, және соңғы жылдардағы орташа көрсеткішке сәйкес келеді. B класты акциялар $484 шамасында. Бұл бағалар 2025 жылға болжанған таза пайданың 24 есесіне тең, яғни бұл S&P 500 деңгейімен шамалас. Егер Apple, Coca-Cola және Bank of America секілді серіктес компаниялардағы үлес арқылы алынатын «жанама пайда» (Баффет мақұлдаған, бірақ ресми есепке кірмейтін көрсеткіш) есепке алынатын болса, (P/E) коэффициенті шамамен 20-ға дейін төмендейді.

Berkshire-дің операциялық пайдасы жылына шамамен $45 млрд. Егер осы қарқын сақталса, 2026 жылдың соңына қарай A класты акциялардың баланстық құны $525 000-ға дейін өсуі мүмкін. Қазіргі бағамен ($725 000) есептегенде, акциялардың баға/баланс (P/B) коэффициенті шамамен 1,4 — яғни инвесторлар компания активтеріндегі үлесіне қарағанда 40% артық баға төлеп отыр.

Berkshire үшін бұл әділ бағалау саналады, өйткені компания бизнесі тұрақты және баланста көрінбейтін материалдық емес активтерді қамтиды (мысалы: бренд, менеджмент, инвестициялық тәжірибе), деп жазады Barron's.

UBS сарапшысы Брайан Мередит белгісіздік жағдайында Berkshire акцияларын ұстау өте тиімді екенін айтады. Ол A класты акцияларға $892 120 деңгейінде мақсатты баға белгілеген — бұл қазіргі деңгейден 23% жоғары.

«Баффеттің отставкасы жарияланбас бұрынғы сәуір айындағы Berkshire қандай болса — қазір де сол қалпында», — деп атап өтеді Мередит.

Компания перспективалары

Уоррен Баффет бас директор қызметінен кететінін жариялағанымен, 2026 жылы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы ретінде қалмақ. Berkshire компаниясының негізгі бизнестері — сақтандыру, теміржол және энергетика салалары әлі де қалпында.

Сақтандыру. Berkshire — әлемдегі ең ірі сақтандыру компанияларының иесі. Сақтандыру тарифтерінің өсу қарқыны баяулағанымен, әлі де 4–5% өсімді көрсетуде, бұл болашақтағы пайда үшін оң фактор. Сонымен қатар, Berkshire АҚШ-тағы үшінші ірі автосақтандырушы Geico компаниясына иелік етеді. Бұрын проблемалы актив саналған Geico жаңа технологияларды енгізгеннен кейін табысты компанияға айналып, өсуге дайын.

Энергетика. Berkshire-дің энергетикалық бизнесі АҚШ-тағы ең ірі құрылымдардың бірі. Ол реттелетін электр желілерін, жаңартылатын энергия активтер портфелін, электр тарату және газ құбырлары желісін қамтиды. Berkshire Hathaway Energy жыл сайын инфрақұрылымдық жобаларға $10 млрд инвестициялайды және бұл бизнес жасанды интеллект технологияларының дамуынан да пайда көруі мүмкін.

Теміржол. Burlington Northern Santa Fe теміржол компаниясы Union Pacific-пен бірге АҚШ-тың батысындағы жүк тасымалын доминантты түрде бақылауда ұстап отыр. Union Pacific пен Norfolk Southern арасындағы ықтимал бірігу туралы келіссөздер Berkshire компаниясы Шығыстағы CSX-ті сатып алуы мүмкін деген алып-қашпа әңгімелерге түрткі болды. Мұндай мәміле, антимонополиялық кедергілерге қарамастан, шамамен $80 млрд-қа түсуі мүмкін еді (CSX-тің ағымдағы бағасына 25% премиямен есептегенде) және 2026 жылы Berkshire-дің пайдасын 8% көтереді, деп бағалайды UBS.

Акциялар портфелі. $300 млрд-тық Berkshire-дің құнды қағаздар портфелі 2025 жылы нарықтан қалып қоюы мүмкін: American Express, Bank of America, Coca-Cola және Chevron өсіміне портфельдегі ең ірі позиция – Apple акцияларының 15%-ға жуық төмендеуі кері әсерін тигізіп отыр.

Ықтимал драйверлер

Дегенмен, тек бизнес күшінің өзі акциялар өсімін қайта жандандыруға жеткіліксіз болуы мүмкін, деп жазады Barron’s. Сарапшылардың пікірінше, Баффет өзінің кетуінен кейін басқару құрылымы қандай болатынын ашық түсіндірсе, бұл инвесторлар сенімін арттыра түсер еді.

«Инвесторлар буын ауысуына өте сезімтал, ал Баффет премиясы акциялардан біртіндеп кетіп жатыр. Белгісіздік өсімге жол бермейді», — дейді CFRA сарапшысы Кэти Сайферт.

Мұндай жағдайдағы ықтимал шешімдердің бірі — ірі мәміле жасау. Бұл — CSX теміржол компаниясын сатып алу немесе, мүмкін, Occidental Petroleum-дың толық иелігіне өту, деп жазады Barron’s. Баффет бұған дейін Occidental-ды толық сатып алуға мүдделі емес екенін айтқанымен (қазір Berkshire-де компанияның 27% үлесі бар), оның орнын басатын мұрагер бұл жағдайға басқа көзқараспен қарауы мүмкін. Occidental бас директоры Вики Холлаб өз кезегінде Berkshire құрамына кіруге қарсы еместігін білдірген. Мұндай мәміле шамамен $45 млрд-қа бағалануы мүмкін — бұл холдинг үшін әбден мүмкін сома.

Сондай-ақ, Berkshire Kraft Heinz компаниясының 27% акциясына иелік етеді, ал биыл мамырда Kraft Heinz стратегиялық даму бағыттарын қарастырып жатқанын мәлімдеген. Бұл жағдайда Berkshire өз үлесін Heinz-тің «классикалық» бизнесін бақылауға айырбастай алар еді — өйткені Баффет әрдайым Heinz кетчупының жанкүйері болған.

Акцияларды қайта сатып алу бағдарламасын жандандыру — Баффеттің компания акциялары нарықта бағаланғанынан төмен тұр деп есептейтінін білдіретін айқын белгі болар еді, деп атап өтеді Barron’s. Соңғы байбек 2024 жылдың мамырында жүзеге асқан.

Баффеттің мұрагері Грег Абель қазіргі кезде Berkshire акцияларына $167 млн көлемінде иелік етеді — соңғы ірі сатып алуын 2023 жылдың наурызында ($450 000-дан бір A класты акция) жасаған. Сарапшылардың айтуынша, компания капиталына белсенді араласу инвесторлар сенімін күшейтер еді.

Сонымен қатар, Berkshire компаниясы дивиденд төлей бастауына да толық мүмкіндік бар — оның пайдасы мен қолма-қол қаражат қоры тұрақты болғандықтан, жылдық 2% табыстылықты қамтамасыз ете алады. Бұл — осындай ауқымды компаниялар арасындағы орташа деңгей, деп жазады басылым.

Контекст

Seeking Alpha порталы Karlsson & Partners сарапшыларына сілтеме жасай отырып, Уоррен Баффет Berkshire Hathaway компаниясын басқарған 60 жыл ішінде акционерлерге жылына орта есеппен 20% кірістілік әкелгенін жазады.

Алайда қазір ең басты сұрақ — оның мұрагері Грег Абель осы бағытты жалғастыра ала ма, әлде Berkshire толығымен қалыптасқан, бірақ өсу мүмкіндігі шектеулі кезеңге өте ме?

Karlsson & Partners сарапшыларының пікірінше, Баффетсіз және жаңа стратегиялық серпілістерсіз компания жай ғана жақсы деңгейдегі «әртараптандырылған холдинг» ретінде қалып қоюы мүмкін, ал оның кірістілігі орташа деңгеймен шектеледі. Ал аңызға айналған табыс тарихының жалғасуын күтіп отырған инвесторлар үшін бұл жеткіліксіз болуы ықтимал, деп қорытындылайды сарапшылар.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары