Баффет теміржол алыбын сатып алу туралы ақпаратты растамады: нарық қалай жауап берді?

Миллиардер-инвестор Уоррен Баффет өзінің Berkshire Hathaway холдингі қосымша теміржол компаниясын сатып алу жоспары жоқ екенін мәлімдеп, ықтимал бірігу туралы қауесеттерді жоққа шығарды. Соңғы апталарда нарықта Berkshire-ке тиесілі BNSF пен оператор CSX арасында бірігу мүмкіндігі белсенді талқыланған еді. Баффеттің бұл мәлімдемесінен кейін CSX акциялары 25 тамыздағы саудада 5%-дан астам төмендеді.
Егжей-тегжейлі
Инвестициялық холдинг Berkshire Hathaway негізін қалаушы Уоррен Баффет 25 тамызда CNBC-ге берген сұхбатында қосымша теміржол компаниясын сатып алуды жоспарламайтынын айтты.
Соңғы апталарда нарықта АҚШ-тың теміржол саласының көшбасшыларының бірі CSX пен Berkshire портфеліндегі ең ірі көлік активі BNSF Railway арасында бірігу мүмкіндігі жиі айтылғанын Reuters хабарлады.
Алайда қауесеттің жоққа шығарылуы CSX акцияларының құлдырауына әкелді. 25 тамыздағы сауда қорытындысы бойынша олар 5,1% төмендеді. Бұл жағдай басқа операторлардың қағаздарына да әсер етті. Union Pacific шамамен 2%-ға арзандады, Norfolk Southern 2%-дан астам жоғалтты. Berkshire Hathaway акциялары 1%-дан аз төмендеді.
Сонымен қатар Баффет 3 тамызда CSX бас директоры Джозеф Хинрихспен кездескенін растады. Келіссөздерге Баффеттің Berkshire-дегі мұрагері, компанияның болашақ CEO-сы Грег Абель де қатысқан. Инвестордың айтуынша олар бірден CSX-ті сатып алу ниеті жоқтығын, бірақ екі тарапқа да бірігу эффектісіне жақын артықшылықтар бере алатын әріптестікті кеңейтуге дайын екенін түсіндірген.
Контекст
22 тамызда CSX пен BNSF жаңа трансконтинентальды қызметтерді іске қосқанын хабарлады. Бұл олардың жүк байланысын нығайтқанымен, ықтимал бірігуге қатысты нарықтағы күтулерді азайтты.
Ал шілде айында АҚШ-тың тағы екі теміржол алыбы — Union Pacific пен Norfolk Southern күтпеген жерден 85 млрд долларлық мәміле туралы жариялады. Егер ол мақұлданса, елде алғашқы трансконтинентальды жүк тасымалдаушы құрылады деп жазады Reuters.








