Баффеттің асыра бағаланған үш акциясы: Morningstar қандай компаниялардан сақтандырды

Morningstar Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway қоржынына кіретін ең артық бағаланған үш акцияны атады (қыркүйектің ортасындағы деректер бойынша). Агенттік инвесторларға бұл қағаздардан аулақ болуға кеңес берді.
Jefferies Financial Group
Berkshire Hathaway портфеліндегі ең артық бағаланған акция деп Morningstar инвестициялық банк Jefferies Financial Group қағаздарын атады. Berkshire үлесі онда 1%-дан аз, бұл Баффет портфеліндегі ең кішкентай позициялардың бірі. «Омахалық оракул» Jefferies-ке 2022 жылдың үшінші тоқсанында инвестиция салған, содан бері үлесін де арттырмаған, азайтпаған да. Morningstar пікірінше, компанияның тұрақты бәсекелік артықшылығы жоқ, өйткені ол табысы төменірек орта деңгейлі мәмілелерге және шағын сауда операцияларына көңіл бөледі.
Агенттіктің бағалауынша, Jefferies акцияларының әділ бағасы – $47. Бұл қазіргі нарық бағасынан 33%-ға төмен. Жыл басынан бері компания құны қазірдің өзінде 30%-дан астам қысқарған.
Louisiana-Pacific
Баффет портфеліндегі екінші артық бағаланған акция – ағаш өнімдерін өндіруші Louisiana-Pacific. Berkshire шамамен 8% үлеске ие, бірақ оның портфельдегі салмағы өте аз – 0,2%-дан төмен. Morningstar бұл бизнестің де инвесторларға ерекше артықшылық ұсына алмайтынын айтады. Себебі Солтүстік Америкадағы ағаш өнімдері нарығы өте бәсекелі, ал көп компаниялар ерекшеленуге мүмкіндік бермейтін стандартты өнім шығарады.
Morningstar есебінше, Louisiana-Pacific әділ бағасы қазіргі деңгейден шамамен 20%-ға төмен – $70 шамасында. Биыл оның акция бағасы 16%-ға жуық арзандаған.
American Express
Үшінші артық бағаланған компания ретінде Morningstar төлем жүйесі American Express-ті атады. Бұл Berkshire Hathaway-дің ең көне инвестицияларының бірі әрі портфельдегі екінші ірі позиция: холдинг компания акцияларының 20%-дан астамын иеленген. Morningstar American Express-тің артықшылықтарын мойындайды: оның жабық жүйесі бар (карталарды өзі шығарады, төлем желісін басқарады және сауда орындарымен тікелей жұмыс істейді). Бұған қоса, қаржылық жағдайы мықты, несиелік карталар портфелі де бәсекелестерге қарағанда тәуекелі төмен. Бірақ соған қарамастан, агенттік қағаздардың бағасы тым жоғары деп санайды.
Morningstar бағалауынша, әділ баға деңгейі $265 болуы тиіс, бұл қазіргі нарық бағасынан 22%-ға төмен. Ал биылғы қаңтардан бері American Express акциялары 17%-ға қымбаттады.








