Уоррен Баффет таңдауы: Berkshire портфеліндегі 50% дейін өсуі мүмкін үш жаңа акция

Morningstar сарапшыларының айтуынша Уоррен Баффет екінші тоқсанда Berkshire Hathaway портфеліне қосқан көптеген акциялар әділ бағаланған немесе тіпті асыра бағаланған болып көрінеді. Бірақ үш компания ұзақмерзімді өсім әлеуетін және өз салаларында позициясын нығайту мүмкіндігін сақтап отыр. Олар — алкогольді сусындар өндіруші Constellation Brands, АҚШ-тың ең ірі құрылыс компанияларының бірі Lennar және медициналық корпорация UnitedHealth Group.
Constellation Brands
Соңғы бір жылда компания акциялары шамамен 30%-ға арзандады. Бұған соңғы тоқсандардағы әлсіз сұраныс әсер етті.
«Біз компанияның мықты брендтері мен дистрибьюторлармен тығыз байланысының арқасында кең экономикалық «қорған» қалыптастырғанына сенімдіміз. Осыдан мексикалық сыра брендтері айтарлықтай ұтысқа шығып отыр», — дейді Morningstar сарапшысы Дэн Су. Оның пікірінше Constellation Brands акциялары әділ құнынан едәуір төмен саудалануда.
Компания жаңа өнімдерді белсенді шығару және маркетингтік стратегиясының арқасында бәсекелестерінен озық тұруға дайын.
Morningstar шілде айында жарияланған есептен кейін Constellation акцияларының мақсатты бағасын $247 деңгейінде қалдырды. Бұл бағалау компания бағамдарының шамамен 49%-ға өсу әлеуетін білдіреді.
Lennar
АҚШ-тағы D.R. Horton-нан кейінгі екінші ірі тұрғын үй салушы компания қазіргі экономикалық жағдай мен жоғары пайыздық мөлшерлемелерге байланысты сатып алушылардың мәмілелерді кейінге қалдыруымен бетпе-бет келуде. Бұл акциялардың өсуін тежеп отыр.
Дегенмен, Morningstar сарапшыларының айтуынша, Lennar-дың артықшылықтары бар.
«Соңғы бірнеше жылда Lennar капиталды тиімді пайдалануға баса назар аударып, жерді тікелей иеленудің орнына опциондар немесе баланстан тыс келісімдер арқылы бақылауды арттырды. Біз Lennar стратегиясы – жер иелігін барынша азайту – ақшалай ағым конверсиясын және инвестициялық капиталдың тиімділігін тұрғын үй нарығының барлық циклында арттырады деп есептейміз», — дейді Morningstar директоры Брайан Бернард.
Қазір компания акциялары әділ құнынан 22%-ға төмен бағалануда, ал аналитиктер оның әділ бағасын $159 деңгейінде бағалайды. Нарық әлі Lennar-дың икемді бизнес-моделін — жерді сатып алудың орнына жалға алу мен опциондарды қолдану тәсілін — жеткілікті бағаламай отыр. Бұл стратегия еркін ақшалай ағымның артуына және капитал тиімділігінің жақсаруына мүмкіндік береді.
UnitedHealth Group
Morningstar-дың жазуынша Berkshire-тің UnitedHealth Group-қа салымы Баффет стратегиясының классикалық үлгісін — «басқалар қорыққанда сатып ал» айқындап отыр. Компания акциялары бір тоқсанда 40%-ға құлдырады. Бұған медициналық қызмет шығындарының өсуі және Medicare Advantage бизнесіне қатысты қысым себеп болды.
Алайда Morningstar-дың аға сарапшысы Джули Аттербек UnitedHealth басқарылатын денсаулық сақтау саласында ең табысты компаниялардың бірі болып қала береді және Баффет кіргеннен кейін де акциялар арзандатылған күйде тұр деп есептейді.
2025 жылы басқарылатын денсаулық сақтау ұйымдары (MCO) секторындағы көптеген компаниялар қысымға қалды. Пайда төмендеді, ал ұзақмерзімді кіріс әлеуетіне сенім азайды. Бұл ұзақмерзімді инвесторлар үшін, соның ішінде Berkshire Hathaway үшін, жақсы мүмкіндікке айналды.
Компания акциялары Berkshire инвестициясы жайлы жаңалық шыққаннан кейін 10%-дан астамға өскеніне қарамастан, Morningstar-дың бағалауынша UnitedHealth әлі де әділ құнынан шамамен 25% төмен саудалануда.








