Басты жаңалықтар: АҚШ пен Қытай мәмілесі, SoftBank ЖИ-ға бәс тігуде

SoftBank басшысы Масайоси Сон компанияны «жасанды аса дамыған ақылдың» жетекші платформасына айналдырғысы келетінін мәлімдеді. АҚШ пен Қытай сирек кездесетін металдарды жеткізуді көздейтін сауда келісіміне қол қойды. Сонымен қатар, АҚШ Қаржы министрлігі Дональд Трамптың бюджет жобасындағы 899-бөлім (кек салығы) тармағынан бас тартты. Бұл шешім G7 елдерінен бірқатар жеңілдіктер алу арқылы америкалық компанияларды халықаралық цифрлық салықтардан босатуға мүмкіндік береді. Осы және өзге де тақырыптар — 27 маусым таңындағы басты жаңалықтар шолуымызда.
АҚШ пен Қытай сауда келісіміне қол қойды
АҚШ пен Қытай өткен айда Женевада қол жеткізілген сауда келісімін ресми түрде бекітті, деп мәлімдеді АҚШ-тың сауда министрі Говард Латник, деп хабарлайды Bloomberg. Оның айтуынша, Ақ үй алдағы уақытта тағы он негізгі сауда серіктесімен осындай келісімдер жасамақ.
Латниктің айтуынша келісімде Қытайдың АҚШ-қа сирек кездесетін металдарды жеткізу жөніндегі міндеттемесі қарастырылған. Бұл металдар жел турбиналарынан бастап жойғыш ұшақтарға дейін түрлі өнімдер өндірісінде қолданылады.
«Олар бізге сирек металдарды жеткізеді, — деді ол Bloomberg-ке. — Ал олар жеткізгеннен кейін біз қарсы шараларымызды тоқтатамыз».
Вашингтондағы Қытай елшілігінің өкілі түсініктеме беруден бас тартты, ал ҚХР Сыртқы істер министрлігі Bloomberg сұранысына жауап берген жоқ.
SoftBank «жасанды аса дамыған ақыл дәуірінің» көшбасшысы болғысы келеді
SoftBank бас директоры Масайоси Сон акционерлердің жыл сайынғы жиналысында жапондық инвестициялық алпауытты он жыл ішінде «жасанды аса дамыған ақылдың» (ASI) платформаларын жеткізетін ірі компанияға айналдырғысы келетінін айтты, деп хабарлайды Reuters.
Сон өз мақсатын Microsoft, Amazon және Google сынды технологиялық алыптардың «жеңімпаз бәрін алады» қағидасымен жеткен жетістіктерімен салыстырды. Бұған дейін ол жасанды аса дамыған ақылды интеллектіні адамның қабілетінен 10 000 есе асып түсетін ЖИ деп сипаттаған.
SoftBank қайтадан Сонға даңқ әкелген (мысалы, Alibaba-ға ерте инвестиция салуы) және WeWork-тің сәтсіздігіне себеп болған агрессивті инвестицияларға кірісуде. 2024 жылы SoftBank АҚШ-тың Ampere компаниясын $6,5 млрд-қа сатып алып, ChatGPT әзірлеушісі OpenAI-ға $40 млрд-қа дейін инвестиция салуға уәде берді. Қазіргі уақытта OpenAI-ға салынған инвестициялар көлемі $32 млрд-қа жеткен. «Мен бәрін OpenAI-ға тіктім», — деді Сон, ол бұрын инвестиция салмағанына өкінетінін және компанияның биржаға шығуын күтетінін қосты.
Бұрын SoftBank Nvidia акцияларының шамамен 5%-ына иелік еткен, бірақ оларды 2019 жылы — ChatGPT іске қосылғанға дейін және ЖИ-ға қызығушылық артпай тұрған кезде сатып жіберген. Қазіргі кезде Nvidia — ЖИ үшін чип өндіруде көшбасшы және әлемдегі ең қымбат компаниялардың бірі.
Vision Fund арқылы қаржыландырылған жоғары технологиялық стартаптардың сәтсіздіктерінен кейін SoftBank инвестициялық белсенділігін қысқартуға мәжбүр болды. Алайда жағдай 2023 жылдың қыркүйегінде британдық чипмейкер Arm-ның IPO-нан кейін өзгерді. Arm акцияларының өсуі топ активтерінің құнын арттырды, бұл жаңа инвестициялар үшін кепіл ретінде пайдалануға мүмкіндік берді.
Сон SoftBank-тың ұтымды инвестициялық стратегия ұстанатынын және тәуекелге бару үшін қаржы ресурстары мен тұтынушы базасын сақтайтынын атап өтті. Маусым айында SoftBank T-Mobile акцияларының бір бөлігін сатып, $4,8 млрд тартты.
АҚШ пен G7 «кек салығын» жоюға келісті
АҚШ-тың Қаржы министрлігі G7 елдерімен келісімге қол жеткізілгенін, оған сәйкес америкалық компаниялар өзге елдер салатын бірқатар салықтардан босатылатынын хабарлады. Бұл келісім Дональд Трамптың заң жобасындағы 899-бөлім — «кек салығы» деп аталатын тармақтың алынып тасталуымен қатар жүзеге асырылады, деп жазады Bloomberg.
Қаржы министрі Скотт Бессент Сенат пен Өкілдер палатасына заң жобасынан 899-бөлімді алып тастау туралы өтініш білдіргенін айтты. Конгресстің салық комитеттерінің жетекшілері Джейсон Смит пен Майк Крейпо бұл ұсынысты қолдады. «Министр Бессенттің өтінішімен және АҚШ-тың салықтық егемендігін сақтау қажеттігі жөніндегі ортақ түсінік аясында» 899-бөлім заң жобасынан алынып тасталады.
899-бөлім, яғни «кек салығы», Ақ үйдің қолдауымен Өкілдер палатасындағы республикашылдар тарапынан ұсынылған. Бұл бастама — Еуропа елдері, Канада, Австралия және басқа да мемлекеттердің америкалық технологиялық компанияларға салық салуына немесе жаһандық минималды корпоративтік салықты ілгерілетуіне жауап ретінде қарастырылған. Бұл заң жобасы АҚШ әділетсіз деп санайтын саясат ұстанған елдерге салықты арттыруды көздеді.
Уолл-стритте 899-бөлім шетелдік инвесторларды үркітіп жіберуі мүмкін деген алаңдаушылық туындаған. Бұл жаңалық шыққаннан кейін нарықтар әлсін реакция білдірді. Bloomberg доллар индексі төртінші күн қатарынан төмендеді, қазыналық облигациялар табыстылығы азайды, ал S&P 500 индексі тарихи максимумға жақындады — бұл қозғалыстардың көбі ресми хабарламадан бұрын-ақ басталған еді.
Nike ең қиын кезеңнен өтті
Nike компаниясы бизнесті қайта жаңғырту жоспары аясында өткен қаржылық жылдың төртінші тоқсанында ең ірі шығындарға ұшырағанын айтып, бірақ алдағы уақытта сату мен табыс көрсеткіштеріндегі құлдырау біртіндеп бәсеңдейді деп күтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды CNBC.
Ең ауыр кезең артта қалғандай көрінгенімен, Nike-тың алдында жаңа сын-қатерлер тұр — соның ішінде кедендік баж салығы. Қаржы директоры Мэтт Френд оларды «елеулі және жаңадан туындаған» шығын көзі деп атады.
«Біз жаңа баж салығы жағдайында Nike-тың 2026 қаржылық жылдағы қосымша шығындарын шамамен $1 млрд деп бағалаймыз», — деді ол. Компания бұл шығындарды жеткізу тізбектерін оңтайландыру, өндірістік және бөлшек серіктестермен жұмыс істеу және бағаны көтеру арқылы өтеуді жоспарлап отыр.
Қазір Nike өндірісінің шамамен 16%-ы Қытайда орналасқан және компания 2025 жылдың жазы аяқталғанға дейін бұл көрсеткішті 7–9% деңгейіне дейін төмендетуді көздеп отыр. «Қолданыстағы баж салығына қарамастан, Қытайдағы өндірістік қуаттар біздің жаһандық желіміз үшін маңызды болып қала береді», — деп қосты Френд.
Френд Nike шығындарды қысқартуды қарастырып отырғанын, алайда негізгі басымдық — бизнес тұрақтылығы, ол қосымша инвестицияны қажет етеді, деді. 2026 жылғы жалпы кіріске баж салығының әсері минус 0,75 пайыздық тармақ болады деп бағалануда, негізгі шығын жыл басында болмақ.
Нарықтағы ахуал
Азия-Тынық мұхиты аймағындағы нарықтар жұма күні әртүрлі бағытта саудалануда.
— Жапонияның Nikkei 225 индексі 1,4%-ға өсіп, алты айлық максимумға жетті және 7 қаңтардан бері алғаш рет 40 000 ұпайдан асты. Кеңірек қамтитын Topix индексі 1,2%-ға өсті.
— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 1%-ға, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq — 1,2%-ға төмендеді.
— Гонконгтың Hang Seng индексі 0,4%-ға, ал Қытайдың CSI 300 индексі — 0,2%-ға төмендеді. Қытай Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша биылғы алғашқы бес айда елдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының пайдасы өткен жылмен салыстырғанда 9,1%-ға азайған.
— Австралияда S&P/ASX 200 индексі 0,2%-ға төмендеді.
— АҚШ қор индекстерінің фьючерстері Азиядағы таңғы сағаттарда нөлге жуық өзгеріп отыр, себебі инвесторлар инфляция, жеке табыстар, тұтынушылық шығындар және тұтынушылық сенім индексі бойынша деректерді күтуде.
— Кеше АҚШ-та S&P 500 индексі 0,8%-ға өсіп, 6141,02 ұпайға жетіп, жаңа рекордтық максимумға жақындады. Апта басынан бері өсім 2,9%-ды құрады, индекс 6147,43 ішкі күндік рекордына жақын қалды. Nasdaq Composite 0,97%-ға өсіп, 20 167,91 ұпайға жетті — бұл да рекордқа жақын. Dow Jones индексі 0,94%-ға өсіп, 43 386,84 ұпайды құрады.
Ақ үй бейсенбі күні инвесторлардың көңіл-күйіне теріс әсер еткен алдағы сауда баж салығының маңызын азайтуға тырысты, деп жазады CNBC. Бұл баж салығы 90 күндік үзілістен кейін 8 шілдеде күшіне енуі тиіс, ал 9 шілдеде Еуроодақпен келісім жасасу мерзімі аяқталады. Бұл келісім 50%-дық баж салығын болдырмауы мүмкін.








