Басты жаңалықтар: инсайдерлер Nvidia-ны сатуда, OpenAI-дың Meta-ға жауабы

Жасанды интеллект саласындағы жаһандық үстемдікке талас күшейе түсті. Қытайлық Baidu өздерінің Ernie тілдік моделінің бастапқы кодын ашпақ, бұл OpenAI мен Anthropic сияқты нарық көшбасшыларына тікелей сын. OpenAI басшылығы қызметкерлердің Meta-ға ауысып кетуін тоқтатуға тырысуда. Ал АҚШ Конгресінде Дональд Трамп ұсынған $4,5 трлн салықтық-бюджеттік заң жобасын қабылдау бойынша соңғы мерзім таяп қалды. Осы және басқа да тақырыптар – 30 маусым таңына арналған шолуымызда.
Nvidia инсайдерлері бір жылда $1 млрд-тан астам сомаға акцияларын сатты
Жасанды интеллект чиптерін өндіруші Nvidia компаниясының инсайдерлері соңғы бір жыл ішінде $1 млрд-тан астам сомаға акцияларын сатқанын Financial Times хабарлады. Басылым мәліметінше тек соңғы төрт аптада $500 млн көлемінде мәміле жасалған. Компания басшысы Дженсен Хуанг наурызда жарияланған жоспары аясында шамамен $15 млн-ға акция сатқан, бұл жоспар жыл соңына дейін $900 млн-ға дейін 6 млн қағаз сатуды көздейді. Nvidia өкілі бұл жарияланымға түсініктеме беруден бас тартты.
Акциялар сату толқыны компания бағасы рекордтық деңгейге жетіп, бұған дейін инвесторларды алаңдатқан геосаяси шиеленістің әлсіреуімен тұспа-тұс келді. Жыл басынан бері Nvidia акциялары 17%-дан астам, ал соңғы үш айда 44%-ға өсті. Бұған ЖИ-чиптерінің экспорттық шектеулері жайлы алаңдаушылықтар кедергі бола алмады. Өткен аптада Nvidia Microsoft пен Apple-ды басып озып, әлемдегі ең қымбат компания атанды. Nvidia акциялары бес күн қатарынан қымбаттап, жаңа рекорд орнатты.
OpenAI Meta-ға жауап қатып, зерттеушілер үшін күресуге уәде берді
OpenAI зерттеулер жөніндегі директоры Марк Чен қызметкерлерге арналған хабарламасында Meta-мен жасанды интеллект саласындағы жетекші мамандар үшін күрес жүргізетінін мәлімдеді, деп жазады Wired. Бұл Meta басшысы Марк Цукербергтің OpenAI-дан төрт аға зерттеушіні өз жағына тартқанынан бірнеше күн кейін болды.
«Мен мұны физикалық деңгейде сезіп отырмын – үйімізге басып кіріп, бірдеңе ұрлап кеткендей», – деп жазды Чен Slack желісінде. Ол OpenAI басшылығы – өзі және Сэм Альтман қоса алғанда – тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын, бәсекелестерден ұсыныс алған мамандарды ұстау үшін жалақыны қайта қарап, жаңа ынталандыру жолдарын іздестіріп жатқанын айтты.
Дегенмен Чен әділдік қағидатын сақтайтынын ескертіп, былай деді: «Мен әрқайсыңыз үшін күресемін, бірақ бұл басқалар үшін әділетсіз болмауы керек».
Дереккөздердің мәліметінше Meta OpenAI мен Google мамандарына ерекше назар аудара отырып, белсенді түрде кадр іздеуде. Цукерберг жеке өзі кандидаттармен байланыста, ал Альтман подкастта Meta $100 млн-ға дейін бонус ұсынып отырғанын айтқан болатын.
Чен өз хабарламасына зерттеу тобы жетекшілерінің пікірлерін тіркеген. Олар әріптестеріне Meta-дан ұсыныс алса, асығыстық танытпауға және кеңес сұрауға шақырған. Біреуі былай деген: «Егер сізге қысым көрсетіп, шектеулі мерзімді ессіз ұсыныс жасалса – жай ғана тоқтатуды сұраңыз. Бұл өте маңызды шешім, оны асығыс қабылдауға болмайды».
Компания алдағы аптаны демалыс деп жариялады, бірақ топ-менеджмент жұмысын жалғастырады. OpenAI-да өнім релиздерінен негізгі мақсатқа – Жасанды Жалпы Интеллектке (AGI) жетуге басымдық ауысқанын мойындап отыр.
«Басты мақсат – есептеуді интеллектке айналдыруды үйрену, – деп жазды Чен. – Ал Meta-мен күрес – бұл қосымша миссия».
Сэм Альтман Slack-та Ченге көшбасшылығы мен қиын шешімдерді қабылдаудағы ұстанымы үшін алғыс айтты.
Сенат Трамптың $4,5 трлн салық реформасына дауыс беруге жақындады
АҚШ Сенаты демалыс күндері Дональд Трамптың «Керемет үлкен» салықты төмендету туралы $4,5 трлн заң жобасы бойынша пікірталасты бастауды мақұлдады. Дүйсенбіде сенаторлар заң жобасына көптеген түзетулер бойынша дауыс беруді бастайды деп күтілуде. Олар шексіз түзету енгізе алады – көпшілігі қабылданбайды, бірақ кейбіреуі қосымша дауыс жинау үшін қабылдануы мүмкін. Bloomberg-тің жазуынша Республикалық партия бұл заң жобасын қабылдау үшін Сенатта күмәнданған сегіз әріптесінің қолдауына ие болуы тиіс.
Трамп Конгресс қабылдаған заң жобасы 4 шілдеге – АҚШ Тәуелсіздік күніне дейін өзіне қол қоюға жетуі керек деп талап етуде. Сенаттан кейін құжатқа Өкілдер палатасы да дауыс беруі тиіс.
Конгресс Бюджеттік басқармасының жаңа болжамына сәйкес Сенаттағы нұсқадағы заң жобасы алдағы онжылдықта бюджет тапшылығын $3,3 трлн-ға арттырады. Бұл есеп 2034 жылға дейін салық түсімдерінің $4,5 трлн-ға қысқаруы мен шығындардың $1,2 трлн-ға азаюын ескерген.
Baidu Ernie тілдік моделінің бастапқы кодын ашпақ
Қытайлық технологиялық алпауыт Baidu өздерінің Ernie генеративті тілдік моделінің бастапқы кодын ашпақ, деп хабарлайды CNBC. Бұл қадам Қытайдың жасанды интеллект индустриясындағы DeepSeek-тің шығуынан бергі ең ірі оқиға болуы мүмкін. Компания өкілі бұл жоспарды растады және ашу біртіндеп жүзеге асатынын айтты.
Маңызды факторлардың бірі – Baidu бұрын open-source идеясына қарсы болған. «Baidu әрқашан меншік бизнес-моделін қолдаған және ашық кодты сынап келген. Алайда DeepSeek секілді ойыншылар ашық модельдердің де бәсекеге қабілетті әрі сенімді бола алатынын дәлелдеді», – дейді Omdia зерттеу компаниясының бас аналитигі Лян Цзе Су CNBC-ге берген пікірінде.
Baidu-дың бұл шешімі DeepSeek релизімен тең болмаса да, ЖИ саласындағы маңызды қадам. «Бұл тек Қытай хикаясы емес. Кез келген қуатты модельді ашық еткенде, бұл бүкіл индустрия үшін жаңа деңгей белгілейді», – дейді Оңтүстік Калифорния университетінің компьютерлік ғылымдар кафедрасының доценті, Samsung сыйлығының иегері Шон Жэнь.
Оның айтуынша бұл қадам OpenAI және Anthropic сияқты жабық платформаларға қысым жасайды – олар енді премиум бағаға лайық екенін дәлелдеуі керек. «Көпшілік үшін бастапқы кодтың ашықтығы маңызды емес. Оларға баға, өнімділік және жергілікті тілді қолдау керек. Ал мұны көбіне open-source модельдер береді – оларды ғалымдар мен әзірлеушілер бейімдеп, тез іске қоса алады», – дейді Жэнь.
Кей сарапшылар Ernie кодын ашу DeepSeek-тен де күшті әсер етуі мүмкін деп санайды – әсіресе баға саясаты жағынан. «Baidu дәл қазір ЖИ әлеміне Молотов коктейлін лақтырды, – дейді Epic Loot консалтинг компаниясының негізін қалаушы Алек Страсмор. – OpenAI, Anthropic, DeepSeek – бұлар өз өнімін люкс шампан сияқты сатып жатыр деп ойлаған, енді Baidu дәл сондай қуатты өнімді тегін таратып жатқанын түсінетін болады».
Оның айтуынша бұл жаһандық стартаптар үшін берілген басты хабар: артық төлеуді доғару керек. «Бұл енді бәсеке емес – бұл баға соғысы», – деп түйіндеді ол.
Baidu бұған дейін Ernie X1 моделі DeepSeek R1 деңгейінде өнімділік көрсететінін, бірақ бағасы екі есе төмен екенін хабарлаған.
Нарықтардағы жағдай
Дүйсенбіде Азия-Тынық мұхиты нарықтары негізінен оң динамика көрсетті. Инвесторлар сауда келіссөздерінің егжей-тегжейін және бірқатар макродеректерді, соның ішінде Оңтүстік Корея мен Жапониядағы мамырдағы өнеркәсіп өндірісі және Қытайдың маусым айындағы PMI индексін сараптады.
— Жапон акциялары алдыңғы сессиядағы өсуін жалғастырып, Nikkei 225 индексі 1,7%-ға өсіп, алты ай ішіндегі максимумға жетті. Кеңірек компаниялар нарығын қамтитын Topix индексі 1%-ға өсті.
— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 1%-ға өсті, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq өзгеріссіз қалды.
— Австралияда S&P/ASX 200 индексі 0,7%-ға артты.
— Гонконгтың Hang Seng индексі 0,3%-ға төмендеді.
— Америкалық акциялардың фьючерстері Азия сессиясында 0,4-0,5% аралығында өсті. Уолл-стриттегі үш негізгі индекс жұма күнгі сессияны өсіммен аяқтады. S&P 500 мен Nasdaq Composite шамамен 0,5%-ға көтеріліп, жаңа рекордқа жетті. Dow Jones өнеркәсіптік индексі 1%-ға өсті.








