БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Басты жаңалықтар: Nvidia $1 трлн-ға қымбаттады, Азия нарықтары өсіп жатыр

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Басты жаңалықтар: Nvidia $1 трлн-ға қымбаттады, Азия нарықтары өсіп жатыр

Nvidia компаниясының нарықтық құны екі ай ішінде 1 трлн долларға артты. Бұл — инвесторлардың жасанды интеллекттің болашағына сенімі мен технологиялық алыптардың компанияның жабдықтарына деген тұрақты сұранысының арқасы. Wells Fargo банкі АҚШ Федералды резервтік жүйесінің 2018 жылғы жанжалдардан кейін енгізген активтер өсіміне қойылған шектеуден құтылды. Бұл оқиға банк акцияларының күрт өсуіне себеп болды. Осы уақытта Toyota Group 33 млрд долларға Toyota Industries компаниясын сатып алатынын мәлімдеді, нәтижесінде сатып алынатын компания акциялары 13%-ға арзандады. Осы және өзге де маңызды жаңалықтар — 4 маусымдағы таңғы шолуымызда.

Nvidia екі айда 1 трлн долларлық өсімді қайтарды және әрі қарай өсуді көздеп отыр

Nvidia Corp. акциялары екі ай ішінде 1 трлн долларға жуық қымбаттап, инвесторлар өсімнің жалғасарына үміт артуда. Bloomberg-тің жазуынша бұрынғы алаңдаушылық қалып, оптимизм орнады.

Өткен аптадағы есеп инвесторлардың негізгі күдіктерін сейілтті — әсіресе, АҚШ-тың Қытайға жоғары технологиялы чиптерді экспорттауға салған шектеулерінің компанияның табысына әсері, жасанды интеллектке жұмсалатын шығындардың болашағы және жаңа Blackwell чиптерін өндіру әлеуеті туралы сұрақтарға мардымды жауап берілді.

Globalt Investments басқарушы портфель менеджері Томас Мартин: «Бұл сұрақтарға оң жауап берілді. Nvidia-ны портфельге қайта қосатын кез келді», — деді.

2025 жылдың басында AI-чиптерге жоғары сұраныс туындатқан екі жарым жылдық өсімнен кейін, Nvidia акциялары құлдырады. Бұған Дональд Трамптың сауда саясатына байланысты қауіптер мен ірі клиенттердің шығындарды қысқартуы ықпал етті.

3 маусымда Nvidia акциялары 2,8%-ға өсті, ал сәуірдегі ең төменгі деңгейінен бері 50%-ға артып, компанияның нарықтық құны 3,45 трлн долларға жетті. Осылайша, Nvidia Microsoft-ты артта қалдырып, қаңтар айынан бері алғаш рет әлемдегі ең қымбат компания атанды. Алайда, бағасы әлі де қаңтардағы рекордтан 5%-ға төмен.

Дегенмен, бірқатар тәуекелдер бар: чиптердің шетелде өндірілуіне байланысты АҚШ баж салығы әсер етуі мүмкін, ал Қытай алғашқы тоқсанда табыстың 13%-ын қамтамасыз етті. Алайда, компания Таяу Шығыс елдерімен ірі келісімшарттар жасасып, ықтимал шығынның орнын толтырмақ.

Freedom Holding компаниясының тең құрылтайшысы Игорь Клюшневтің айтуынша Nvidia — жасанды интеллект дәуіріндегі №1 жеткізуші. Ол компанияның нейрожелілерді оқыту мен контент генерациясы сынды сандық AI саласында көш бастап тұрғанын, ендігі үлкен мақсаты физикалық AI — яғни нақты өмірде қолданылатын жасанды интеллектте де көшбасшы болу екенін айтып жеткізді.

Сонымен қатар, компания үшін негізгі қауіп ретінде ол Nvidia бәсекелестерінің қаншалықты жылдам өсіп жатқанын дұрыс бағаламау деп санайды (бұл қаңтарда қытайлық DeepSeek платформасы айқын көрсетті). 

Wells Fargo ФРЖ шектеулерінен құтылды

Wells Fargo & Co. банкінің активтерге қойылған шектеуі Федералды резервтік жүйе (ФРЖ) тарапынан алынып тасталды. Бұл шектеу банк дамуын жеті жылдан астам уақыт тежеп келді. Bloomberg бұл жаңалықты банк басшысы Чарли Шарфтың маңызды жеңісі ретінде сипаттады.

ФРЖ банктің 2018 жылы енгізілген санкция шарттарын толық орындағанын хабарлады. Оған банктің заңбұзушылықтарды түзеу әрекеттері, тәуелсіз сыртқы бағалау, корпоративтік басқару мен тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша есептер кіреді.

Шектеулердің алынуы — АҚШ-тың төртінші ірі банкінің жанжалдар кезеңінен кейінгі жаңа дамуына жол ашады. Bloomberg-тің бағалауынша банк 2018 жылдан бері 39 млрд доллар көлеміндегі ықтимал табыстан айырылған.

Чарли Шарф: «ФРЖ-ның бұл шешімі — трансформациямыздағы маңызды кезең. Біз тұрақты өсім мен табысқа жетуге дайынбыз», — деді.

Сонымен қатар, банк барлық штаттық қызметкерлеріне 2000 доллар көлемінде бонустық сыйақы береді, көбіне шектеулі қолжетімді акциялар түрінде.

Шектеудің алынуы туралы хабардан кейін, Wells Fargo акциялары негізгі сауда аяқталғаннан кейін 10%-дан астамға көтеріліп, жалпы 3%-ға өсті.

ФРЖ-ның басқарушылар кеңесінің мүшесі Майкл Барр: «Бұл шешім — дұрыс бағыттағы түзетулердің нәтижесі. Алдағы тұрақты дамуға қажетті басқару мен бақылау сақталуы тиіс», — деді.

Мұнай бағасы құлдырады

Reuters агенттігінің хабарлауынша мұнай бағасы екі күндік өсімнен кейін қайта төмендеді. АҚШ-тағы қорлардың азаюы туралы жаңалықты Канададағы орман өрттерінің бәсеңдеуі жуып-шайып кетті.

Brent мұнайы баррель үшін шамамен 65 доллар, ал WTI — 63 доллар шамасында саудаланды.

API ұйымы өткен аптада мұнай 3,28 млн баррельге азайғаны жайлы хабарлады. Егер бұл мәлімет сәрсенбі күні ресми статистикамен расталса, наурыз айынан бергі ең ірі қысқару болмақ.

Канаданың мұнайлы құм өңдеуші компанияларының бірі дүйсенбі күні жұмысына қайта кірісті. Бұрынғы өрттер елдегі өндірістің 7%-ын тоқтатып, АҚШ-қа экспортқа қауіп төндірген еді.

Апта басындағы мұнай бағасының өсуіне ОПЕК+ ұйымының өндіру көлемін арттыру туралы күткен шешімі себеп болды. Алайда жыл басынан бері мұнай шамамен 12%-ға арзандап отыр.

SDIC Essence Futures компаниясының энергетика бойынша бас сарапшысы Гао Миньюй: «Қысқа мерзімде нарықта шамалы өсу байқалуы мүмкін, бірақ ОПЕК+ өндірісін жылдам арттыруы тапшылықтың ұзаққа созылуына мүмкіндік бермейді», — дейді.

Toyota Industries акциялары 13%-ға төмендеді

Toyota Industries акциялары сәрсенбі күні 13%-ға арзандады, себебі Toyota тобы компанияны сатып алып, оны жеке меншікке айналдыру жоспары барын хабарлады. Бұл мәміленің құны — 4,7 трлн иен (33 млрд доллар). Мәміле Жапония компанияларына қатысты реттеуші органдар мен инвесторлар тарапынан дәстүрлі акциялармен өзара иелік ету тәжірибесін доғару туралы қысымның күшеюі аясында өтіп жатыр, деп жазады Reuters. Жапонияның Қаржы қызметін қадағалау агенттігі (FSA) мұндай байланыстарды қысқартуды талап етуде.

Toyota 2005 жылы компанияны қол сұғушылықтан қорғау үшін өзара акциялар иелену тәжірибесіне жүгінген болатын, деп түсіндірді Fitch Ratings агенттігінің Жапониядағы корпоративтік рейтингтер бөлімінің басшысы Сатору Аояма. Ал Neuberger Berman компаниясының жапондық акциялар портфелін басқаратын Кеи Окамураның айтуынша болашақта Toyota тобы ішінде осындай басқа да мәмілелер орын алуы мүмкін.

Reuters агенттігінің мәліметінше ұсыныс Toyota Industries акцияларын бір данасы үшін 16 300 иеннен сатып алуды қамтиды — бұл сейсенбі күнгі жабылу бағасы (18 400 иен) көрсеткішінен әлдеқайда төмен.

Мәмілені жүзеге асыру үшін Toyota жаңа холдингтік компания құрады. Toyota-ның девелоперлік бөлімшесі Toyota Fudosan шамамен 180 млрд иен, Toyota Motor директорлар кеңесінің төрағасы Акио Тойода — 1 млрд иен, ал Toyota Motor-дың өзі дауыс беру құқығы жоқ артықшылықты акцияларға шамамен 700 млрд иен инвестиция құймақ.

Қалған қаражат Sumitomo Mitsui Banking Corporation, MUFG Bank және Mizuho Bank банктерінен алынатын несиелер арқылы қамтамасыз етіледі.

Дегенмен, SmartKarma сарапшысы Арун Джордж бұл ұсынысты «тартымсыз» деп бағалады. Оның айтуынша сатып алу бағасы тәуелсіз қаржылық кеңесшілер ұсынған диапазонның орташа деңгейінен төмен. «Арнайы комитет 16 300 иен көлеміндегі соңғы ұсынысты жақсартуды үш рет сұраса да, өтініштер қабылданбады», — деді ол.

Азия нарықтары өсуде

CNBC хабарлауынша Азия-Тынық мұхиты аймағының нарықтары сәрсенбіде Wall Street-тің технологиялық акциялардағы раллиіне байланысты өсім көрсетті. Көшбасшы — Оңтүстік Корея.

— Оңтүстік Корея: Оппозиция көшбасшысы Ли Чжэ Мённің президенттік сайлаудағы жеңісінен кейін Kospi индексі 2,44%-ға өсіп, 2023 жылғы тамыздан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Kosdaq – 1,18%-ға өсті.

«Ли Чжэ Мённің сайлауалды уәделері Корея қор нарығын инвестицияға тартымды етуді көздейді», — деді J.P. Morgan Asset Management компаниясының қор менеджері Джон Чо.

— Жапонияда Nikkei 225 шамамен 1%-ға, Topix — 0,7%-ға артты.

— Қытай материгінде CSI 300 индексі таңертеңгі саудада 0,5%-ға өсті, ал Гонконгтың Hang Seng индексі 0,7%-ға жоғарылады.

— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,8%-ға көтерілді. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Австралия экономикасы жылдық есепте 1,3%-ға өсті — бұл Reuters жүргізген экономистер сауалнамасындағы 1,5%-дық болжамнан төмен. Өсім қарқыны алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды.

— АҚШ қор нарығындағы индекстердің фьючерстері сәрсенбі күні таңертең айтарлықтай өзгеріссіз қалды. Бұған дейін Уолл-стритте технологиялық акциялардың раллиі мен еңбек нарығының беріктігін көрсеткен, күткеннен жақсы шыққан жұмыспен қамту туралы есептің аясында өсім байқалған. S&P 500 индексі сейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша 0,58%-ға өсіп, 5 970,37 тармаққа жетті. Ірі компаниялар индексі Dow Jones 214,16 тармаққа немесе 0,51%-ға өсіп, 42 519,64 деңгейінде жабылды. Nasdaq Composite индексі 0,81%-ға көтеріліп, 19 398,96 тармақты құрады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары