БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Басты жаңалықтар: Сенат Трамптың «керемет» бюджетін қабылдады, Figma IPO-ға шықпақ

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Басты жаңалықтар: Сенат Трамптың «керемет» бюджетін қабылдады, Figma IPO-ға шықпақ

АҚШ Сенаты Трамптың салық және бюджетке қатысты ауқымды өзгерістерді, мемлекеттік қарыз шегін ұлғайтуды және таза энергетикаға қолдауды қысқартуды қамтитын «Үлкен және керемет» бюджетін мақұлдады. Figma Adobe-пен мәміле бұзылған соң IPO-ға өтінім берді. Еуро АҚШ ФРЖ-сының жұмсара түсетін саясатына қатысты үміттің аясында долларға қарсы нығаюын жалғастыруда. Осы және басқа да маңызды оқиғалар 2 шілдедегі таңғы шолуымызда.

Сенат Трамптың «керемет» бюджетін қабылдады

Сейсенбі күні АҚШ Сенаты Дональд Трамптың салық және бюджет жөніндегі (One Big Beautiful Bill) заң жобасын қабылдады. Енді ол өтуі үшін Өкілдер палатасына жолданды, деп жазады Reuters. Трамп бұл заңға 4 шілде – Тәуелсіздік күніне дейін қол қоюға ниетті, ал Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон осы мерзімге дейін қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Сенатта заң жобасы аз ғана басымдықпен өтті. Оған 50 республикалық қолдап дауыс берсе, 47 демократ және оларға қосылған 3 республикашыл қарсы шықты. Шешуші дауыс вице-президент Джей Ди Вэнске тиесілі болды.

Негізгі келіспеушілік денсаулық сақтау бойынша тармақтардан туындады. Олар бюджетке жүздеген миллиард доллар үнемдеуді көздегенімен, миллиондаған америкалықтар үшін сақтандырудан айырылу қаупін тудырады. Сондай-ақ заң жобасында мемлекеттік қарыз шегін 5 трлн долларға ұлғайту ұсынылған.

Медициналық сақтандыру мен қарыз шегі – АҚШ экономикасының кей секторларын түбегейлі өзгертуі мүмкін 900 беттен тұратын құжаттың тек бір бөлігі. Таза энергия саласындағы компаниялар, әсіресе электромобиль өндіруші Tesla бұл заң жобасын мұқият бақылап отыр. Электромобильдер мен күн энергетикасына арналған мемлекеттік қолдау тоқтатылып, салық жеңілдіктері кезең-кезеңімен жойылады. Алайда соңғы сәтте акциз енгізу қаупі алынып тасталды.

Figma IPO-ға өтінім берді

Бағдарламалық жасақтама жасаушы Figma IPO өткізуге өтінім беріп, Нью-Йорк қор биржасына FIG тикерімен орналаспақ, деп жазады CNBC.

Figma-ның биржаға шығуы соңғы жылдардағы ең көп күткен оқиғалардың бірі болып отыр. Компания жекеменшік нарықта жоғары бағаланып, жылдам өсім көрсеткен. Компания проспектісіне сәйкес Figma-ның 1-тоқсандағы кірісі 46%-ға өсіп, $228,2 млн-ға жеткен. Таза пайдасы – $44,9 млн, бұл былтырғы $13,5 млн-мен салыстырғанда әлдеқайда көп. 31 наурыздағы жағдай бойынша компанияда 450 мыңға жуық клиент болған, оның 1000-нан астамы жылына кем дегенде $100 мың табыс әкелген – бұл өткен жылмен салыстырғанда 47%-ға көп. Клиенттер арасында Duolingo, Mercado Libre, Netflix, Pentagram, ServiceNow және Stripe бар.

Figma қазіргі уақытта қанша акция орналастыратынын нақтыламай отыр. Өткен жылы компания тендерлік ұсыныс аясында $12,5 млрд-қа бағаланған. 2022 жылы Adobe Figma-ны $20 млрд-қа сатып алмақ болған. Алайда Ұлыбританиядағы монополияға қарсы реттеушілермен келісімге келе алмағандықтан, бір жылдан кейін мәміле бұзылды. Adobe бұл үшін Figma-ға $1 млрд өтемақы төледі.

Уолл-стрит банктері Трамптың қарашадағы сайлаудағы жеңісінен кейін IPO белсенділігі артады деп болжаған. Дегенмен сәуір айындағы ауқымды тарифтер жарияланымы нарыққа теріс әсер етіп, бірнеше компанияның IPO-ны кейінге қалдыруына себеп болды. Қазір бұл белсенділік қайта жанданып келеді, деп жазады CNBC.

Безос Amazon акцияларын $737 млн-ға сатты

Amazon негізін қалаушысы Джефф Безос компанияның 3,3 млн-нан астам акциясын $736,7 млн-ға сатты, деп хабарлайды CNBC. Бұл сату Безос наурызда бекіткен алдын ала жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Жоспар бойынша ол 2026 жылғы 29 мамырға дейін Amazon-ның 25 млн акциясын сатпақ.

2021 жылы Amazon бас директоры қызметінен кеткен. Директорлар кеңесінің төрағасы болып қалған Безос соңғы жылдары жиі акция сатқанымен, әлі де ең ірі жеке акционер саналады. Ол жыл сайын шамамен $1 млрд көлеміндегі акцияны Blue Origin ғарыш компаниясын қаржыландыру үшін сататынын мәлімдеген. Сонымен қатар, ол Day 1 Academies – Монтессори үлгісіндегі балабақша желісін АҚШ-тың түрлі штаттарында ашатын қайырымдылық ұйымына акциялар сыйлаған.

Акцияны сату жуырда ғана Венецияда өткен Безос пен сүйіктісі Лорен Санчестің салтанатты үйлену рәсімінен кейін орын алды. Үш күнге созылған бұл шараға көптеген танымал тұлғалар қатысты, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Тойға шамамен $50 млн жұмсалды деп бағалануда.

Bloomberg миллиардерлер индексінің дерегінше Безостың байлығы шамамен $240 млрд-ты құрайды. Ол әлемдегі ең бай адамдар тізімінде Илон Маск ($363 млрд) пен Марк Цукербергтен ($260 млрд) кейінгі үшінші орында тұр.

Еуроның раллиі әлсіз доллар аясында жалғасуда

Bloomberg-тің жазуынша еуро долларға қарсы 2004 жылдан бергі ең ұзақ өсу кезеңін көрсетіп, опцион саудагерлері бұл раллидің әлі де жалғасарына сеніп отыр.

Сейсенбі күні еуро 2021 жылғы қыркүйектен бергі ең жоғары деңгейге жеткен, бірақ кейіннен АҚШ Сенатының Трамптың салықтық және бюджеттік заңын қабылдауы мен еңбек нарығындағы деректерге байланысты доллар нығайған соң өсуі баяулады. Бұл деректер ФРЖ-ның жақын арада мөлшерлемелерді төмендетуіне негіз бермеді. Алайда кейінірек доллар сәл әлсіреді. Күн қорытындысы бойынша еуро 0,2%-ға қымбаттап, $1,9 болды.

Еуроның соңғы күрт өсуі опцион нарығында «бұқа» позицияларын күшейтті. Risk reversals деп аталатын, нарық көңіл-күйін білдіретін маңызды көрсеткіш өткен аптада жылдағы үшінші күшті «бұқа» бағасын көрсетті. Depository Trust & Clearing Corporation мәліметінше соңғы аптада жасалған опциондардың үштен екісі еуроның өсуіне бағытталған.

Нарықтағы жағдай

CNBC-дің жазуынша АҚШ-тың ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің соңғы мәлімдемелерін инвесторлар қорытып жатқанда Азия-Тынық мұхиты аймағы нарықтарында әркелкі қозғалыс байқалды. Пауэлл сейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда бастамалары болмағанда орталық банк мөлшерлемелерді төмендете бастаған болар еді деп мәлімдеді.

— Сингапурдың қор индексі 0,5%-ға өсіп, 4009 тармаққа жетіп, рекорд орнатты.

— Жапонияның Nikkei 225 индексі 1,3%-ға, Topix индексі 0,6%-ға төмендеді.

— Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,4%-ға арзандаса, Kosdaq өзгеріссіз қалды.

— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,5%-ға өсті.

— Гонконгтың Hang Seng индексі 0,7%-ға көтерілді, ал Қытайдың CSI 300 индексі өзгеріссіз қалды.

— АҚШ-тың қор индекстеріне арналған фьючерстер Азия сессиясының таңғы сағаттарында айтарлықтай өзгеріс көрсеткен жоқ. Алдыңғы күні АҚШ-та үш негізгі индекс әртүрлі бағытта жабылды: S&P 500 – 0,1%-ға, Nasdaq Composite – 0,8%-ға төмендеді, ал Dow Jones 0,9%-ға өсті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары