Berkshire есебінен кейін және активтерді есептен шығарған соң құлдырады

Атақты инвестор Уоррен Баффет басқаратын инвестициялық компания Berkshire Hathaway тоқсандық есебі көңіл көншітпесе де, талдаушы тарапынан мақсатты бағасының көтерілуіне ие болды. Berkshire пайдасының төмендегені мен Kraft Heinz тұздық өндірушісінің акциялары құнсызданғаны үшін шығындарды есептен шығарғаны туралы хабарлады. Нарық бұл жаңалықтарға Berkshire акцияларын сатумен жауап берді. Бір күнде олардың бағасы шамамен 3%-ға төмендеді. Уолл-стриттегі пікірлерге сәйкес компания акцияларының өсуіне инвестициялық белсенділіктің артуы, ірі бірігу немесе акцияларды кері сатып алу әсер ете алар еді.
Егжей-тегжейлі
Keefe Bruyette & Woods компаниясының талдаушысы Майер Шилдс тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін Berkshire Hathaway-дің А класты акциялары бойынша мақсатты бағасын 735 000 доллардан 740 000 долларға дейін көтерді деп хабарлайды CNBC. Бұл бағалау аналитик жазбасын жариялау сәтіндегі соңғы баға – 1 сәуір жұмадағы жабылу бағасынан небәрі 4%-ға жоғары.
Berkshire-дің қазіргі бағасы «макроэкономикалық белгісіздік және [компанияны болашақ бас директор Грег Абельге тапсырумен байланысты тәуекелдер] жағдайындағы табыстың әлеуеті мен баланстың беріктігін толық көрсетіп отыр», – деді Шилдс CNBC келтірген жазбасында. Ол басшылықтың ауысу процесі инвесторлардың Berkshire-ге деген көзқарасына операциялық нәтижелерден гөрі көбірек әсер ететінін атап өтті.
Абель Berkshire Hathaway-дің бас директоры қызметіне тек 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап кіріседі, ал сол жылдың соңына дейін компанияны миллиардер Уоррен Баффет басқара береді. Дегенмен инвесторлар «Баффет сыйақысының» сарқыла бастағанына сеніп, қазірдің өзінде компания акцияларынан шыға бастады. Ал Berkshire-дің соңғы тоқсандық есебі оларды кері сендіре алмады: 4 тамыз, дүйсенбі күні А класты акциялар 2,7%-ға төмендеп, 692 600 долларға дейін түсті. В класты акциялар 2,9%-ға арзандады.
«Біз мистер Абель уақыт өте келе инвесторлардың сеніміне ие болады деп ойлаймыз», — деп келтіреді CNBC Edward Jones аналитигі Кайл Сандерсті. — «Бірақ қысқа мерзімде инвестициялық белсенділіктің артуы, ірі бірігулер немесе акцияларды кері сатып алу драйвер бола алар еді. Ал бұл тоқсанда олардың ешқайсысы болмады, бұл аздап көңілімізді қалдырды».
Нарықты тағы не нәрсе алаңдатты?
Компания 2025 жылдың екінші тоқсанында Berkshire-ге толық тиесілі бизнестердің операциялық пайдасы салықтан кейін жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 4%-ға төмендеп, 11,16 млрд долларды құрағанын хабарлады. Алайда жапон иенасымен номинирленген қарызға байланысты валюта бағамдарының ауытқуын алып тастаса, пайда 8%-ға өсіп, 12 млрд долларға жеткен, деп есептейді Barron's.
Сонымен қатар, мамыр айындағы шарықтау шегінен бері Berkshire акциялары шамамен 15%-ға арзандағанына қарамастан, 2024 жылғы мамырдан бері (21 шілдедегі жағдай бойынша) компания бірде-бір акциясын кері сатып алмаған. Бұл акциялар арзандауына байланысты байбэк басталады деп үміттенген инвесторларды қапаландырып отыр, деп атап өтеді CNBC. Бұл Баффетттің әлі де компания акцияларын арзан деп санамайтынын білдіреді, деп жазады Barron’s.
Сондай-ақ Berkshire Kraft Heinz компаниясындағы үлесінің 3,8 млрд долларлық «қағаз» құнын есептен шығарды. CNBC бұл Berkshire осы компания капиталына кіргелі бері алғашқы төмендету екенін айтады. Дегенмен, Barron’s бұл құнсыздануды маңызды емес деп есептейді: компания өз үлесінің баланстық құнын нарықтық бағамен – 8,4 млрд доллармен сәйкестендірді. Kraft Heinz акциялары 2015 жылғы 62 долларлық шарықтау шегінен бері екі еседен астам төмендеді: дүйсенбіде олар 2%-ға құлап, 26,8 долларға жетті.
«Kraft Heinz бойынша есептен шығару нарықта сәл теріс реакция туғызады деп күтеміз», — деп атап өтті CNBC келтірген UBS аналитигі Брайан Мередит.
Barron’s-тың мәліметінше Kraft Heinz бойынша есептен шығару енді Berkshire-дің мұнай-газ компаниясы Occidental Petroleum-дегі үлесі де қайта бағалануы мүмкін дегенді білдіреді. Berkshire-дің Occidental-дегі инвестициясы баланста 16,5 млрд доллар деп көрсетілген, бұл нарықтық бағадан шамамен 4 млрд долларға артық. Berkshire осы энергетикалық компанияның 25%-дан астам акциясына ие.
Неліктен пайда азайғанына қарамастан, аналитиктер көңілді?
Соған қарамастанталдаушыларды Berkshire-дің екі негізгі активінің – Geico сақтандыру компаниясы мен BNSF (бұрынғы Burlington Northern Santa Fe) теміржол операторының нәтижелері қуантты.
«Geico өсуді жалғастырып, өте табысты күйінде қалуда, — дейді UBS-тен Брайан Мередит. — Ал BNSF біздің күткенімізден жоғары көрсеткіш көрсетті, операциялық маржа 35,2% болды (күтілгені 33%), бұл жанармай бағасының төмен болуына байланысты. Жүк көлемі де болжамнан жоғары болды».
«Капиталды бөлу белсенділігі баяу болғанына қарамастан, Berkshire-дің негізгі бизнесі жалпы тұрақты кірістілік көрсетті – және ол есепте көрсетілгеннен әлдеқайда жоғары», — деп жазды әлеуметтік желі X-те Semper Augustus Investments басқарушысы Крис Блумстран. Barron’s бұл маманның Berkshire-ді мұқият қадағалап отыратынын атап өтті.
Berkshire акция сатушы күйінде қалып отыр
Конгломерат әлі де акцияны сатып алғаннан гөрі көп сатуда. 2025 жылдың бірінші жартысында ол 4,5 млрд доллардың акциясынан құтылды, ал 2024 жылы 130 млрд доллардан астам активтерін сатқан. Сол кезде, мысалы, Berkshire Apple-дегі үлесін үштен екіге қысқартып, 300 млн акцияға дейін төмендеткен, деп еске салады Barron’s. Бұл қатарынан он бір тоқсан бойғы таза инвестиция теріс сальдосы, деп атап өтеді CNBC.
2025 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Berkshire-дің еркін қаражат көлемі рекордтық деңгейге жуық — 344,1 млрд доллар болып қалды. Barron’s атап өткендей, бұл Berkshire-ге теміржол операторы CSX-ті қолма-қол ақшаға сатып алуға жеткілікті өтімділік береді.








